Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:25

Жеңістің 80 жылдығына орай «Батырларға тағзым» шеруі өтеді

1
Фото: из открытых источников

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған әскери парадта «Мәңгілік полк» шеруіне қатысты қоғамда туындаған дауға нүкте қойды. Мемлекет басшысы бұл бастаманың «Батырларға тағзым» атты жалпыреспубликалық патриоттық акциямен біріктірілетінін мәлімдеді.

Тоқаевтың айтуынша, «Батырларға тағзым» акциясы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылады. Іс-шара аясында еліміздің әр түкпірінде майдангерлердің құрметіне 500-ге жуық көше атауы өзгертілмек.

«Біздің елде Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған „Батырларға тағзым“ шеруі өтеді. Бұл — тарихтың ең қанды соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары олардың портреттерін қолдарына алып, көшелермен жүріп өтетін шара. Қазіргі жаһандық саясатта агрессия мен өшпенділік вирусы таралып жатқан кезде, соғыс шындығын азаматтарымызға жеткізу — аса маңызды. Тек шындық арқылы ғана бейбітшіліктің құнын ұғуға болады. Соғыс пен Жеңістің тарихи мәнін бұрмалауға жол беруге болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматы қаласында бұл шеру 9 мамыр күні өтеді. Шараны ардагерлер ұйымдары мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Қатысушылар легі сағат 10:15-те Орталық саябақтан бастап, Панфиловшылар саябағына дейін жүріп өтеді. Шерудің соңында Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылады.

Айта кетейік, биыл аталмыш акция төңірегінде түрлі даулар орын алған болатын. Белгісіз тұлғалар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған ақпарат пен дипфейк бейнежазбаларды таратып, танымал тұлғалар атынан шеруге қатысуға үндеу жасады деген мәліметтер шықты. Сонымен қатар, кейбір журналистердің байланыс нөмірлері де заңсыз жарияланған.

Тегтер: