Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 29 Қараша 2024

Жер беріп, газ алу. Қазақстан Ресей мен Қытай арасына алтын көпір болуға дайын

газ
Фото: 365info

Жақында Ресейдің вице-премьері Александр Новак Ресей Қазақстан арқылы Қытайға газ жеткізудің жаңа бағыттарын қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Қазақстан аумағымен Қытайға Ресей газын экспорттау үшін газ құбырын салудың бірнеше нұсқасы бар.

Ал біз Қазақстан арқылы Ресей газын Қытайға экспорттап беруден не ұтамыз?! Бұл жоба нарықтағы газ бағасына әсер ете ме?! Ең негізгісі – аталмыш жоба Қазақстанның өзінің газын Қытайға сатуға кері ықпал етпей ме? Ресейдің саудасын жүргіземіз деп жүргенде өз саудамыз тұралап қалмай ма?!

Ресей қарастырып жатқан нұсқалардың алғашқысы 2016 жылы кейінге шегерілген «Алтай» жобасын жандандыру. Бұл жағдайда Қазақстан Павлодар, Абай және Қарағанды облыстарын газдандыру үшін жаңа газ құбырының құрылысын жүргізу қажет болады. Екінші нұсқа – «Алтай» жобасын өзгертіп, газ құбырын Абай және Жетісу облыстары арқылы өткізіп, Қорғастағы «Батыс-Шығыс» құбыр жүйесіне қосу. Бұл нұсқа Қазақстан үшін қолайлы болуы мүмкін, өйткені құрылыстың негізгі шығындарын «Газпром» мен қытайлық CNPC көтереді. Үшіншісі – «Орталық Азия-Орталық» газ құбыры жүйесін кері режимге көшіру. Қазақстан мен Өзбекстан арқылы жеткізу схемасын пайдалану.

Ресейдің вице-премьері осындай жоспарларын айтып жатқанда біздің энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те қарап қалмады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан осы жобаның іске асуына мүдделі екенін айтып, «Ресей тиісті шешімдер қабылдаса, біз газ құбырын өткізу үшін жерімізді беруге дайынбыз» деді. Министрдің айтуынша, Ресей Қазақстан арқылы Қытайға жылына 35 млрд текше метр газ тасымалдауды жоспарлауда. Біздің тараптан Ресейге бір ғана шарт қойылады. Ол – ішкі нарығымызға өзара келіскен бағамен газдың белгілі бір көлемін жеткізу. Бұл шарт бойынша Қазақстан «Ресейден жылына 10 млрд текше метр газ аламыз» деп отыр.

Негізінде, біздегі газ экспортының өзі Қытайға бағытталған. Еске салсақ, 2018 жылы бес жылдық келісім жасалып, Қазақстан Қытайға жылына 10 млрд текше метр газ жеткізуге міндеттелген. Әйтсе де соңғы екі жылда бұл межені толық орындай алмадық. 2022 жылы Қытайға экспорт көлемі 4,4 млрд текше метрді құраса, былтыр 5,8 млрд текше метр болды. Тіпті қыс айларында ішкі нарықта өзімізге газ жетпегендіктен газ экспортын толық тоқтатқан кездеріміз де болды. Себебі Қазақстандағы газдың басым бөлігі мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газ. Ал оны тауарлы газға айналдыру үшін арнайы зауыт керек. Әзірге елде тауарлы газ өндіретін отандық екі зауыт қана бар. Амал жоқ, шикізатты Ресейге жіберіп, оны Ресейден қайта табиғи газ күйінде сатып алып отырмыз.

Сала мамандары үкіметке, министрлерге ауада ұқсатылмай жатқан ілеспе газды ұқсату керектігін сонау 2000-шы жылдардың басынан бастап айта бастаса да, бұл салада бағымыз бір жанбады. Тіпті 2022 жылы ішкі нарықта сұраныс күрт артып, көгілдір отынның тапшылығы қатты сезілді. Бұған қатысты сол кезде энергетика министрі болған Болат Ақшолақов «2024 жылдан кейін газ экспортын мүлдем тоқтатамыз» деп қайран қалдырған. Ал қазіргі энергетика министрлігінің бізге берген мәліметінше, өткен жылы өндірілген 29,8 млрд текше метр тауарлық газдың 19,4 млрд текше метрі елде қалған. Министрлік алдағы жылдары газ өңдейтін зауыт санын ұлғайту жоспарда барын айтады. 2026-2030 жылдарға дейін кезең-кезеңімен төрт газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр, Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде қуаты жылына 4 млрд текше метр, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн текше метр газ өңдеу зауытын салу көзделген.

Ресей газы Қазақстан газының жолын кесе ме?

Бұл көрсеткіштердің өзі төмен дейді сарапшылар. Алайда өндіріс көлемінің төмендігіне қарамастан, Қазақстан Қытайға газ тасымалдау жобасын әрі қарай жалғастыруға ниетті. Бұған қатысты былтыр «QazaqGaz» ҰК» АҚ қытайлық Petrochina-мен келісімді 2026 жылға дейін ұзартты. Ал сала мамандары еліміз газ сатудан пайда табу үшін мұндай келісімдер мен Ресейдің газын Қытайға саудалау жобасынан гөрі басқаша тиімді тәсілдер барын айтады.

Мәселен, экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің сөзіне сүйенсек, энергетика министрлігі болашақта «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының тасымал қуатын арттыруға күш салуы керек. Қазірде бұл аталған құбыр батыс өңірдегі газды Қытайға тасымалдайтын «Орталық Азия-Қытай» құбырына жеткізуде шешуші рөл атқарады. Алайда өткізу қуаты әлсіз – жылына әрі кетсе 15 млрд текше метр.

«Ресеймен салыстырып айтсақ, Ресейдің «Сібір күші» газ құбыры Қытайға жылына 38 млрд текше метр газ өткізуге қауқарлы. Ал енді алдағы екі жылда Қазақстан аумағымен құбыр тартылып, «Сібір күші-2» жобасы іске қосылса, ол құбыр арқылы Қытайға жылына тағы 35 млрд текше метр газ кететін болса, бұл өзінен-өзі Қытайға экспортталатын қазақ газының жолын кеседі. Сондықтан Қазақстан 2026-2030 жылдар аралығында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салуды жоспарлауы керек. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы Қытайға газ экспортынан бізге түскен табыс – 1,467 млрд доллар, яғни 1000 текше метрі 250,43 долларға бағаланған. 2022 жылы да экспортталған газды 238,73 доллардан саудалаған болатынбыз. Бұл Қытай үшін де, біз үшін де тиімді ұсыныс еді. Ал енді Ресей өз газын арзандатуды жалғастыруда. Ресей 2027 жылға дейін Еуропа мен Түркияға ұсынатын бағасын 28 пайызға арзандатқандай, Қытайға да арзандатып, 227,80 доллар деп ұсынған. Жалпы, қазір Батыс елдерімен экономикалық байланысы нашарлаған Ресей Азия елдерімен қарым-қатынасын нығайтуға кірісті. Соғыс жағдайындағы Ресей үшін Қытай саяси-экономикалық маңызды серіктес. Ресей соғыс салдарынан Еуропадағы нарығынан айырылып қалды. Енді салынатын жаңа газ құбыры үлкен мүмкіндік бермек. Алайда халықаралық сарапшылар тарапынан «Украинадағы соғысқа бар күшін сарп еткен Мәскеу инфрақұрылымы қиын жобаларды жүзеге асыра алмайды» деген пікірлер де айтылып қалады. Сондықтан газ құбыры салынса да, оның құрылыс толық аяқталғанша бірнеше жыл өтеді, әлі талай келіссөздер болады. Міне, бізге осы сәтті пайдаланып, өзіміздің газ өндіру көрсеткішімізді арттыратын ұлттық жобаларды қолға алған жөн. Газ құбырларын салуды, отандық зауыттардың іске қосылуын жеделдетуді қажет ететін заман туды. Егер Ресей Қытайдың энергетикалық нарығына әсер етіп, қазынасын толтырып дәндесе, онда бізге бұл нарықтың қақпасы жабылып қалады», – дейді экономист.

Қазақстан Ресейдің газын Қытайға саудалауда географиялық артықшылықтарын пайдалануға тырысуы қажет. Сол арқылы Орталық Азиядағы газ транзитінде басты ойыншыға айналуына мүмкіндік бар. Әттеген-айы, үкімет мұндай ерекшеліктерді ескере бермейді.

«Қазірдің өзінде біз Кеңес заманынан қалған газ құбырлары арқылы Түркіменстан мен Өзбекстан газын Қытай мен Ресейге тасымалдап беріп отырмыз. Өткен жылы Қазақстан арқылы өзбектердің 1,28 млрд текше метр газы жетсе, биыл 3,8 млрд текше метр газ жеткізіпті. Енді қараңыз, осы өзбектің, түркіменнің газын Ресейге, Қытайға саудалағанда олар біздің құбырмен өткізгені үшін арнайы төлем төлейді. Салық аламыз. Осының барлығы біздің бюджетке пайда. «Орта Азия-Орталық» газ құбыры Өзбекстан газын Ресейге, одан әрі Еуропаға жөнелтуге арналған. 2022 жылы Өзбекстанда газ тапшылығы туындап, Ресейден газ сатып алуды бастады. Өзбекстандағы 85 пайыз электр қуаты газға тәуелді. Міне, осы жағдайда ол газ да біз арқылы өтетіндіктен, Қазақстан транзиттік құн алады. Сондықтан бізге қазір «Орталық Азия-Орталық» газ құбырын жандандыру маңызды. Үкімет Ресей газын Қытайға жөнелтетін жобаны пысықтарда осыны ескеру керек», – дейді Жаңабай Алдабергенов.

Украина мен Ресей қарым-қатынасын бұзған газ

Путин үш жылдан бері Қазақстан, Өзбекстан Ресей арқылы үш жақты газ одағын құру жайын жиі айтып жүр. Осыған қатысты саясаттанушы және экономикалық бақылаушы Әсем Қасымханова Ресейден газ тасымалдауға, оның саудасын жүргізуге болады, бірақ газ одағын құрмау керектігін айтады. Украина мен Ресейдің ортасында дау ол Украинаның Еуропаға кіруі немесе НАТО-ға кіруі емес, осы газдан басталған.

«Ресей мен Украина арасында газ дауы үнемі болып келді. Тіпті Ресейдің Украинаға газ беруді тоқтатқан сәттері де болды. Екі ел арасында «сен аз бердің», «сен аз төледің» деген дау шиеленісе келе, түбінде жағдай ушықты. Сондықтан Ресейге жерімізден Қытайға кететін газ құбырын салуға байланысты тек экономикалық келісімшарт болуы керек. Ол шартта «одақ» деген сөз болмағаны абзал. Бұл жобаны үкімет тек экономикалық мақсатта тиімді пайдалана алуы керек. Қазір біз газын сататын нарық іздеп отырған Ресейді ұтымды пайдалана алсақ, неше жылдан бері газдандыра алмай отырған аймақтарымызды газбен қамтуға мүмкіндік ашылар еді. Бұған қоса, біздің мемлекетіміз арқылы тасымалдаған кезде өз ақымызды алып отыратын едік. Ол салық түрінде болсын, тікелей төлем түрінде болсын, бізге пайда болар еді. Одан бөлек, ел аумағы бойынша құбырлар жүргізілгенде Ресей өзінің жұмысшыларын ала келмейді. Бұл елдегі біраз адамдарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берер еді. Негізінде тиімді пайдалана алса, экономикалық пайдасы көп. Ол үшін бұл жобаның ешқандай саяси көлеңкесі, саяси ұстанымы болмауы керек», – дейді Ә.Қасымханова.

Қалай десек те, қазір Ресей Қазақстан арқылы саудасын жүргізуді көздеп отырған тұс. Ал Қытай тарапына сұйытылған табиғи газды арзанға сатып алу тиімді. Ал осы арада Қазақстан өз ұпайын түгендей ала ма?! Ендігі үкімет бұған қатысты өз жоспарын даярлап қойған болар деп үміттенеміз...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: