Жер дауы екі облыстың шаруаларын сарсаңға салды
Павлодар мен Қарағанды облыстарының шекарасында 17 мың гектар жер бар. Екі өңірдің шаруалары соңғы 60 жыл бойы сол жерді бөлісе алмай келеді.
Ал мемлекеттік кадастрда бұл аумақ екі аймаққа да тиесілі деп көрсетілген. Сонда кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындарға қайтпек керек?
Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны Бұқар Нұрлан 2013 жылы небәрі 18 жасында шаруа қожалығын ашып, ауыл шаруашылығын дамытуды көздеген еді. Бірақ жас кәсіпкердің жігері құм болды. Себебі оған берілген жер телімі Қарағанды облысына тиесілі болып шықты.
— Осыдан тоғыз жыл бұрын мемлекеттік органдар маған Павлодар облысының аумағынан жер берді. Мен «Сыбаға» бағдарламасы арқылы ірі қаралар сатып алып, мал шаруашылығын жүргізуді ойладым. Бірақ 2014 жылы маған берілген жер Қарағанды облысының иелігінде екенін білдім. Кәсібімді жүргізіп жатқан аумақ сол жылы пилоттық жоба ретінде басталған электронды картаға көршілес өңірдің жері ретінде белгіленген екен. Ал қағаз жүзіндегі құжаттарда мыңдаған гектар жер Павлодар облысына тиесілі деп анық көрсетілген, – дейді ол.
Ұзынбұлақтағы тағы бір шаруа қожалығының басшысы Жасұлан Рахымжанов та «бұл – біздің жер», дегеннен танбай отыр.
— Шекарадағы аумақ біздің бала кезден Ұзынбұлақ ауылының аумағына кірді. Осы жерде ойнап, өстік. Ержеткен соң, туған жерімізде кәсіп жүргізуді бастадық. Алайда мына жер дауы қолымызды байлап отыр, – дейді кәсіпкер.
Соңғы жылдары баянауылдық бес шаруа мал жайып жүрген аумақты қарағандылық 10 кәсіпкер жыртып, егін салып жүр. Бұл мәселені одан әрі ушықтырды.
— Осы мәселе бойынша екі облыстың басшылығы кездесіп, «жер дауы біржақты шешілмейінше, 17 мың гектар аумақта ешқандай жұмыс жүргізілмеуі керек» деген шешім шығарған болатын-ды. Алайда 2019 жылы қарағандылық шаруалар жерді жыртып, жұмысты бастап кетті. Сол уақытқа дейін бұл жер телімінің салығын мен төлеген едім, – дейді Бұқар Нұрлан.
Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаев «Жер біздікі», дегенді айтады.
– Автоматтандырылған ақпараттық жүйеде таласқа түскен аумақ Павлодар облысы Баянауыл ауданының шекарасында көрсетілген. Бұл деректер жердің Павлодар облысына тиесілі екенін айғақтайды, – дейді Руслан Дәуітбаев.
Бұл мәселеге қатысты екінші тараптың да айтары бар. Қарағанды облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр іргеде жатқан аймақтың әрекеті бұрыс деп санайды.
– Қарағанды облысы бірінші болып, 1938 жылы құрылды. Талқылаудың өзегі болып отырған жер сол кезде Қарағанды облысының аумағында болған. «Ол Павлодарға берілсін» деген ешқандай құжат жоқ. Иә, білуімізше, бір жұмыс картасы бар, бірақ ол ешқандай құзырлы мекемеде бекітілмеген, – дейді Дарын Бұлқайыр.
Екі облыс осылай өзара «қырқысып» жатқан тұста Ауыл шаруашылығы министрлігі «қай жеңгені менікі», деп сырттан ғана бақылап отыр. «17 мың гектарды қақ ортасынан бөліп алыңдар», деген ұсыныс жасапты шенділер. Бірақ бұл ақылға қонымсыз дүние.
Қазіргі уақытта бұл мәселеге қатысты іс сотқа жолданды. Екі жақтың шаруалары сол шешімді күтіп отыр. Оның қалай және кімнің пайдасына болары да белгісіз. Ал осы уақытта көктемгі дала жұмыстарына кірісуі тиіс кәсіпкерлер жоспарлы істі бастай алмай отыр.