Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 14 Тамыз 2024

Жер қойнауын тиімсіз пайдаланатын Сағат Түгелбаев және оның бизнестері

Сағат Түгелбаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Атырау облысының прокуратурасы облыстың бұрынғы әкімі Сағат Түгелбаевтың компаниясын жер қойнауын тиімсіз пайдаланды деп айыптады.

 Прокуратураның мәліметінше, ANACO ЖШС 2018-2023 жылдар аралығында 4 237 248 м3 көлеміндегі газдың жойылуына жол берген. Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның Батыс өңіраралық басқармасының қорытындысы бойынша бұдан мемлекетке 673 130 278 теңге шығын келген. Қазіргі күнде экс-әкімнің компаниясы 285 миллион теңге шығынды өтеген.

Сағат Түгелбаев
Фото: forbes.kz

Сағат Түгелбаев кім?

Сағат Түгелбаев қазіргі күнде кәсіпкер. Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша еліміздің ең бай 75 бизнесменінің тізімінде 68-орында. 2024 жылдың мамырындағы есеп бойынша оның байлығы 85 миллион долларға бағаланған.

Кәсіпкер сонымен қатар мұнай-газ саласына жабдықтар шығаратын және қызмет көрсететін «Атыраунефтемаш» ЖШС, ANACO ЖШС және тағы басқа компанияларға иелік етеді.

Сағат Түгелбаев 15 жасында – 1963 жылы Гурьев қалалық құрылыс комитетінде бұрғылаушының көмекшісі, слесарь қызметін атқарды. Араға 10 жыл салып мемлекеттік қызметке араласты. Алғашқы жұмысы облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі болды. 1984 жылы қызметі жоғарылап, Ембі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына тағайындалды.

Назарбаев Түгелбаев
Фото: inform.kz

Ол тәуелсіздік алған жылдары Назарбаевтың сенімді адамдарының бірі болды. 1992-1994 жылдар аралығында Атырау облысының әкімі болып жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, сонымен қатар төрағаның экономикалық реформа, қаржы және бюджет жөніндегі орынбасары сияқты қызметтерді де атқарды. 1994 жылы мемлекеттік қызметтен босағасын бірден өзінің ANACO деп аталатын мұнай өңдеу компаниясын құрды. Содан бері 30 жылдан астам уақыт Түгелбаев бірнеше компанияға иелік етеді. Бүгінде оның атына ресми 5 компания тіркелген. Бірақ экс-әкім заңды тұлға арқылы басқа да компанияларға иелік етеді. Енді олардың қандай кәсіпорындар, қаржы айналымы қанша, мемлекеттен алған тендерлері туралы ретімен баяндап берейік.

1

ANACO ЖШС

Бұл Түгелбаевтың алғашқы компаниясы. Кейбір мәліметтерге қарағанда кәсіпорын мұнай өндіру және кен орнын барлайтын Қазақстандағы алғашқы компания саналады екен. Қазір кәсіпорынның директоры – Сағат Түгелбаев. Экс-әкім оны Швейцарияда тіркелген First Montana Capital АҚ арқылы басқарады.

Мекенжайы – Атырау қаласы, Құрманғазы көшесі, 6.

Кәсіпорын алғашқы кен орнын 1997 жылы ашты. Сөйтіп тәулігіне 242 тонна мұнай өндіре бастады. 2010 жылдың соңына қарай жоспарланған мұнай өндіру тәулігіне 3000 баррельге дейін жетті. Ашық дереккөздерге сенсек, кен орны мұнай экспорттау құбырына қосылған. Мұнайдың 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталса, қалғаны Атыраудағы мұнай өңдеу зауытына сатылады.

Компанияның 2022 жылғы қаржы айналымы 300 млрд-қа жуық, ал былтырғы қаржысы 166 млрд теңгеден асады. 2023 жылы 3 млрд 150 млн салық төлеген. Жалпы мемлекет қазынасына аударған қаржысы – 36 025 994 834 теңге. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

Бұл компанияның PREMIUM ANACO дейтін компанияға қатысы бар. Ал PREMIUM ANACO жанармайдың көтерме саудасымен айналысады. 2022 жылы 20 желтоқсанда құрылған. Құрылтай мүшесі ANACO ЖШС мен Эльмира Жалғабаеваға тиесілі жанармай сатумен айналысатын Premium Energy компаниясы. Аталған компанияның бір жылдағы қаржы айналымы – 3 млрд теңгеден асады, төлеген салығы – 70 млн-ға жуық.

Premium Energy-дың да басқа компанияларға қатысы бар. Оның ішінде жанармай саудасымен айналысатын Saxon Oil, Sage Oil Company, Emir-Oil Trading дейтін кәсіпорындардың аты аталады.

1

«АтырауНефтеМаш» ЖШС

Атырау қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінде алғаш рет 2000 жылы, 25 мамырда тіркеуден өткен. Директоры – Салтанат Әділова. Құрылтай мүшесі екеу, оның бірі – Сағат Түгелбаев, екіншісі – First Montana Capital AG акционерлік қоғамы.

Мекенжайы – Атырау қаласы, Құттығай батыр көшесі, 44.

Компания мұнай саласында қызмет көрсетеді. Зауыт алғаш рет 2008 жылы ашылды. Оның құрылысына 25 млн доллар жұмсалған. Содан бері қазақстандық нарықта мұнай саласында қызмет ұсынып келеді. Компанияның 2023 жылғы қаржы айналымы 60 722 948 052 теңге.

1

Былтырғы төлеген салығы 1 млрд-тан асады. Жалпы салығы – 4 744 976 523 теңге. 2017 жылдан бері мемлекеттен 26 келісімшарт алып орындаған.

Ал бұл кәсіпорынның көтерме саудамен айналысатын WestEcoLine, техникалық қызмет түрін көрсететін «Сварка», метал бұйымдарын өндіретін CONTINENTAL FLANGES AND FITTINGS KZ дейтін компанияларға қатысы бар.

«Атырау Унигаз» ЖШС

Атырау қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2006 жылы, 4 қыркүйекте тіркеуден өткен. Директоры – Игорь Растопчук. Құрылтайшылары – Сағат Түгелбаев, Игорь Растопчук, Бруно Галарди және Клаудио Панколини.

Мекенжайы – Атырау қаласы, 21-үй.

Кәсіпорын көлік бөлшектерін өндірумен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 8 412 810 теңге, төлеген салығы – 171 690 теңге. Алайда бұл компанияның құлдыраған кезі. Бір жыл бұрын қаржысы 132 млн-нан асқан. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.

1

MEKEN CHICKEN ЖШС

Атырау облысында алғаш рет 2014 жылы, 28 мамырда тіркеуден өткен. Директоры – Нұржауған Шарапиева. Құрылтайшысы – Сағат Түгелбаев.

Мекенжайы – Атырау облысы, Махамбет ауылы, Жұмабай Қартқожақов көшесі, 18.

Компания құс етін өңдеу және консервілеумен айналысады. Былтырғы қаржысы – 25 420 684 теңге. Алайда кәсіпорынның 2018 жылдары қаржысы 1,5 млрд теңгеден асқан. Жалпы төлеген салығы – 81 809 419 теңге. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

Blueprint Business Solutions ЖШС

Алматы қаласында 2024 жылы, 15 наурызда тіркеуден өткен. Директоры – Самал Жексемалиева. Құрылтайшысы – Сағат Түгелбаев.

Компания бизнес және менеджмент бойынша кеңес беру қызмет түрімен айналысады. Жақында құрылғандықтан әлі қаржы есептеріне байланысты мәліметтер жоқ.

Мекенжайы – Алматы қаласы, Гагарин даңғылы, 79.

«ЗаманЭнерго» ЖШС

Экс-әкім иелік ететін шетелдік First Montana Capital қазақстандық «ЗаманЭнерго» ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы.Аталған компанияАтырау қаласында алғаш рет 2002 жылы, 23 желтоқсанда тіркеуден өткен. Директоры – Өтеміс Оспанов.

Мекенжайы – Атырау қаласы, Құрманғазы көшесі, 6.

Кәсіпорын мұнай-газ кендерін бұрғылау қызметін көрсетеді. Қазіргі күнде «ЗаманЭнергоның» 250-ге жуық қызметкері бар. Былтырғы қаржы айналымы – 24 млрд-тан асады. 2015 жылдан бері төлеген салығы – 4 млрд теңге.

Атырау облысын басқарған шенеуніктің компаниялары мұнымен бітіп қалмаса керек. Жоғарыда біз тек оның атына ресми тіркелген бизнес көздерін ғана тізіп өттік. Экс-әкімнің басқа да компанияларға иелік ететіні туралы айтылып қалып жатады. Мысалы, кәсіпкердің метал цистерналар мен контейнер өндіретін – «Белкамит» кәсіпорнына қатысы бары туралы мәлімет бар. Аталған ЖШС Алматы қаласында 2013 жылы, 10 желтоқсанда тіркеуден өткен. Бірақ компанияның тарихы 1994 жылдан басталады. Директоры –Александр Пичугин. Құрылтайшылар саны – 573.

2023 жыл компанияға аса сәтті жыл болмағанға ұқсайды. Себебі қаржы айналымы өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым аз – небәрі 6 млрд теңгеге жуық. Ал 2022 жылы оның қазынасында 32 млрд-тан аса қаржысы болған. 2015 жылдан бері төлеген салығы 3 млрд-қа жуықтайды.

Мекен жайы – Алматы қаласы, Гагарин даңғылы, 79.

«Белкамит» әр жылдары мемлекеттен тендерлер алып отырған. Мысалы, 2022 жылы энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық орталығымен 50 млн теңгеге келісімшартқа отырған. Келісім бойынша компания ядролық орталыққа эксперименттік құрылғы ампуласының корпусын дайындап берген.

Бұдан бөлек, Түгелбаев 1996 жылы бірнеше серіктестерімен бірге жабық акционерлік қоғам ретінде Kazair West әуе компаниясын құрған. 2000 жылдары әуе компанияның Алматыда он шақты ұшағы болды. 2009 жылы шілдеде Kazair West басқа әуе компанияларымен бірге Еуропалық Одақта тыйым салынған әуе тасымалдаушылар тізіміне енді. Оған елдегі қызмет көрсету стандарттарының нашарлығы себеп. 2010 жылдың 18 қазанында әуе операторының сертификаты жойылып, авиакомпания жұмысын тоқтатты.

Тұрсынбек БАШАР