«Жер шарының тағдыры қыл үстінде тұр». Дубайда басталған климат саммитінде кім не айтты?
Ғалымдардың есебінше бір сағатта әрбір адам шамамен 25 литр оттегі жұтып, 22 литр көмірқышқыл газын шығарады. Ал адамнан бөлінген көмірқышқыл газды қайтадан оттегіге айналдыратын – қоршаған ортадағы жасыл желек.
Соңғы ғасырда жер шарында адам саны көбейіп, оның керек-жарағына сұраныс артты. Соның себебінен керісінше, орман, жасыл желек азайып, жер бетіндегі тіршілік атаулының тынысы тарыла түсті.
«Антарктидадан көлемі Лондонның аумағына пара-пар, қалыңдығы 150 метр алып мұз бөлініп, ашық мұхитқа қарай бет алды», «Мұзды мұхиттан көлемі Санкт-Петербургтен екі есе үлкен мұз ағып шықты», «Антарктидадан ғалымдар «Ақыр заман мұздығы» деп атаған мұз ажырап кетті» деген түрлі ақпаратқа ел қазір елең етпейтін болған. Мұндай жаңалықтың жиі шығатыны соншалық, оқырманның еті үйренген. Соңғы бірнеше жылда Австралияның оңтүстік жағалауы түгел өртеніп, аң-құс атаулы қас дұшпаны адамдарды паналауға мәжбүр болғанда, Грекияның орманы тұтас жанып, жүздеген ауылдар күлге айналғанда, Оңтүстік Американың Амазонын, Ресейдің Сібірін тілсіз жау құрбандыққа шалып жатқанда да адамзат «обал-ай» деп күрсінгеннен арыға бара алмаған. Не істейді енді?..
Жер жаһан жылынып барады. Батыс ғалымдары 2023 жылдың маусым-тамыз айларының арасын бұрын-соңды тарихтағы ең ыстық жаз деп атады. 2022, 2021, 2020 жылдарға да сондай баға берілген. Бұл өз кезегінде адамзат алдына шешімі өте күрделі, қиын мәселені көлденең тартып отыр. Жаһандық жылынуды тоқтатып, климаттың өзгерісіне тосқауыл қойылмаса тіршілік атаулыға қауіп төніп тұрғаны жасырын емес. 2015 жылы Парижде өткен климат саммитінде БҰҰ-ға мүше елдің бәрі ауаға тарайтын көмірқышқыл газын азайтуға келіскен. Ол үшін ең алдымен көмірдің өзінен және мұнай мен газдан біртіндеп, шама келсе жылдамдатып бас тарту керек. Сол арқылы ғасыр соңында ғаламдық жылынуды 2 градустан, мүмкіндік болса тіпті 1,5 градустан асырмай ұстап қалу көзделген. Бірақ бұл шаруаның оңай емес екені жыл озған сайын айқындалып келеді. Өйткені әлем әлі де мұнай мен газға, көмірге тәуелді. Мәселен, Париж келісіміне сәйкес, дамыған, экономикасы қуатты елдер жыл сайын ортақ қазынаға 100 миллиард доллар құйып отыруға міндет алған. Бұл дамушы елдерге үлестірілетін өтемақы. Яғни көмір мен мұнайды алғаш игеріп, соның көмегімен экономикасы шарықтаған елдер дамудың осы жолын таңдаған арттағы жұртты одан бас тартуға көндіру үшін қаржы беріп, қарайласуға тиіс. Алайда көмір мен мұнай тұтыну содан бері көбеймесе, кеміген жоқ. Әсіресе дамушы елдер энергияның осы түріне мұқтаж. Сол себепті былтыр Египетте өткен саммитте дамушы елдер дамыған мемлекеттерден қазынаға бөлетін қаржыны 1 триллион долларға дейін өсіруді талап еткен. Әрине, оған ілгері елдер келіспеді.
Адамзаттың күннен, желден «жасыл энергия» өндіруі климаттың жылдам өзгерісіне ілесе алмайтын түрі бар. Эколог ғалымдар саясаткерлерден шалт қимыл, батыл шешім талап етеді. Алайда жаһандық мәселеден гөрі өз елінің (диктатор, автократтар өз қара басының қамын) мүддесін биік қоятын саяси қайраткерлердің өзара келіссөзі жылдам нәтиже бере қоймайды. Сонда да табиғатта болып жатқан құбылыстарды, оның ертеңгі зардабын көріп, біліп отырған адамзат бәрібір ақылдасуға, қандай да бір келісімге келуге мәжбүр. 30 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубайда ашылған COP28 климат саммиті осы мәжбүрлік итермелеген жиын.
Ағылшынша COP (Conference of the Parties), қазақшаға аударғанда «тараптардың конференциясы» деген саммит 1995 жылдан бері жұмыс істейді. БҰҰ бастамасымен биыл 28-саммит Дубайда өтіп жатыр. Жаһандық жылынуды әлем екі апта талқыламақ. Дәстүр бойынша президенттер, премьер-министрлер мен патшалар саммиттің ашылу салтанатына қатысады. Кейін лауазымы кіші шенеуніктер, ғалымдар, эко-белсенділер сан түрлі секцияларға бөлініп, жер бетіндегі экологиялық жағдайды ақылдасады. Әдетте климат саммитінен соң әлем елдері ортақ шешім шығара алмай тарқасады. Соңғы рет бәрі бірауыздан 2015 жылы Париждегі саммитте жоғарыда атап өткен келісімді ғана жасасқан. Одан кейінгі саммиттерде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған.
Түлкіге тауық бақтыру
200 мемлекеттен 170 президент пен премьер-министр, жиыны 70 мың делегат қатысып жатқан Дубайдағы саммит те басталмай жатып «нәтиже шықпайтын жиын» деген сынға қалды. Оған ең басты себептің бірі үш алып держава – АҚШ, Қытай, Ресей президенттерінің қатыспауы. Джо Байден мен Си Цзиньпин жұмыс кестесінің «тым қарбалас» екеніне сілтеп, араб жеріне бармады. Владимир Путин барғысы келсе де биыл наурызда шыққан Гаага сотының тұтқындау туралы ордерінен сескенеді әрі Еуропа Одағы елдерінен барған әріптестерінің табасына қалудан қауіптенеді. Оған негіз де бар. Батыс санкцияларынан соң жаһаннан оқшауланып қалған көршісі Александр Лукашенконың мысалы соған дәлел. Дубайдағы саммиттің екінші күні президенттер, премьер-министрлердің бәрі топтасып суретке түскен. Оны «отбасылық фото» деп атайды. Осы рәсімнен Литва, Латвия, Польша президенттері бас тартты. Олар Лукашенконы «бұл отбасының мүшесі емес» деп айыптады. Литва президенті Гитанас Науседа Украинадағы соғысқа Ресеймен қатар Беларусь билігінің де жауапкершілігі бар екенін айтып, сол себепті Лукашенконың жанында тұрып суретке түсуді «екіжүзділік» деп есептеген. Польша президенті Анджей Дуда мен Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс те осы уәжді алға тартып, Украинаны жақтайтындарын ашық көрсеткен. Одан көңілі түсіп қамыққан Лукашенко жоқ. Ырғалып-жырғалып, өзге жүзден аса президенттің арасына кіріп, әнтек жымиып, тұра қалды. Басқалар да оны ортадан ығыстырып тастамады.
Климат жөніндегі ең үлкен жиынын өткізуді БАЭ билігіне тапсыруды Amnesty International құқық қорғау ұйымының климат жөніндегі кеңесшісі Энн Харрисон «түлкіге тауық қора күзеттіру» деп сынаған. Халықаралық Greenpeace ұйымының Германиядағы өкілдігінің жетекшісі де осындай көзқараста. Ол «БАӘ саммит арқылы өзінің экономикалық мүддесіне сай келетін мұнай мен газ дәуірін соза түсуді насихаттамақ» деген. Күдіктің жаны бар. БАӘ әлемде ең ірі мұнай өндіруші әрі экспорттаушы елдің бірі әрі мұнай қоры жөнінен алтыншы мемлекет. Бірақ 2023 жылғы климат саммитінің Дубайда өтетіні екі жыл бұрын Шотландияның Глазго қаласында саммитте анықталып қойған.
Дубайдағы саммитте талқыға түсетін көп тақырыптың ішінен ең негізгі төрт мәселені бөліп алуға болады. Біріншісі – 2015 жылғы Париж келісімінің нәтижесін пысықтау. Эколог ғалымдар келісім орындалмағанын айтады. Екіншісі – дамушы елдерге берілетін өтемақының көлемі. Үшінші мәселе – мұнай мен газдан бас тарту. Батыс мемлекеттері күн тәртібіне күнде шығарса да экономикасы мұнай мен газға тәуелді елдер «өзі отырған бұтақты өзі кесуге құлықсыз». Төртінші тақырып – жасыл энергия өндірісін ұлғайту. Бұған бәрі келіседі. Ең алдымен АҚШ пен Қытай бастап, Еуропа мен Шығыс Азия жұрттары қостап отыр. Кез келген нәрсенің «бірағы» бар емес пе?! Сол сияқты, бұл мәселенің де даулы тұсы «бірақ» деген жерінен басталады. Өйткені жасыл энергияға өтіп, оған қажетті инфрақұрылымды салу үшін де миллиардтаған доллар қаражат керек. Дамыған елдерде ол бар, дамушы елдерде жоқ.
Саммит мінберінен әдеттегідей жалынды, үміт пен үрейге толы ұрандар айтылды. Былтырғы саммитте «адамзат тозақтың есігін ашып алды» деп мәлімдеп, ауаға тарайтын көміртегі көлемін күрт азайтуға шақырған БҰҰ төрағасы Антониу Гутерриш биыл «адамзаттың тағдыры қыл үстінде тұр» дегенді айтты. Ертеден табиғат жанашыры ретінде танылған Ұлыбритания патшасы Чарльз III жиынға қатысушы ел басшыларынан «Жер шары біздің қолдан сусып барады. Өз әлемімізді енді қаншалықты қауіпті етуге дайынсыңдар?» деп сұрағанда төмен қарап, жер шұқыған ешкім байқалмады. «Сіздермен біргемін. Өйткені табиғатты бүлдіру – құдайға қарсы шығу» деп, Ватиканнан сәлем жолдаған Рим папасы Францисктің хатын оның арнайы елшісі оқып берді. АҚШ вице-президенті Камала Харристің сөзінше, әлемде климаттың өзгеріс мойындамайтын, ғылымды жоққа шығаратын басшылар бар әрі солар жаһандық жылынуға қарсы іс-шараларға кедергі келтіріп отыр. Германия канцлері Олаф Шольц былтыр құрамына 36 мемлекет (Қазақстан да бар) мүшелікке қабылданып, құрылғаны мәлім болған «Климат клубы» жұмысын ресми бастағанын сүйіншіледі. Франция президенті Эмманюэль Макрон 2030 жылға дейін G7 мемлекеттерін (АҚШ, Канада, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания мен Жапония) өзгелерге үлгі көрсетіп, көмірден түгел бас тартуға шақырды.
Қазақстан: көмір мен уран
Жер жаһанның басшылары барған саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Ол 2050 жылға қарай Орталық Азияда температура 2,5 градус көтерілетінін, мұның соңы су тапшылығын тудыратынын, шөл далаларды үлкейтіп, экстремальды гидрологиялық құбылыстарға соқтыратынын айтты. Президент «Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет. Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде шешуші рөл атқарамыз» деп мақтанып та алды. Сонымен қатар ол Қазақстан билігінің 2060 жылға қарай көміртегіне тәуелділіктен құтылуға жоспар құрғанын жеткізді. Бірақ жоспардың орындала қоюы да күмәнді. Биік мінберден «жасыл энергия» туралы мәлімдемелер тарататын Ақорда өткен айда Ресей президенті Владимир Путин Астанаға келгенде орыс компанияларына Семей, Өскемен, Көкшетау қалаларында көмір жағатын үш бірдей ЖЭС салдыруға келісім-шарт жасасқан. Сондай-ақ қазір елдегі жылу орталықтарының басым бөлігі көмірдің қызуына мұқтаж. Үкіметтің есебінше, Алматыдағы ЖЭС-2 2026 жылы газға ауыстырылмақ. Жоспар орындалса, мегаполис аспаны ашыла түспек.
Дубай саммиті қарсаңында беделді медициналық Lancet журналы бірнеше жылдық зерттеудің нәтижесін жариялады. Көрсеткіштер көңілді күпті қылады. «Кері есеп» деп аталған зерттеудің авторлары 2020 жылы 4,7 миллион адамның өліміне ауаның ластануы себеп болғанын анықтаған. Күннің ысуынан көз жұматындардың саны соңғы 20 жылда бір жарым есе, нақтырақ айтқанда, 68 пайыз өскен. Сондай-ақ күн райының жылына түсуі түрлі инфекция таратушы жәндіктерге, шыбын-шіркейлерге қолайлы, салдарынан қауіпті індет жұқтырғандар күрт артқан. Зерттеу авторлары әлемдегі 86 мемлекеттің жасыл энергияға өту жөніндегі іс-әрекетіне талдау жасап, көміртегі пайдаланудың айтарлықтай кемімегеніне көз жеткізген. Есепте 2019 жылы 69 ел осы қазба байлықты игеру жолында жалпы құны 400 миллиард доллар тұратын жүздеген жобаға қаржы бөлгені айтылған. «Осы қарқынмен кете берсек ғаламның жасыл энергияға өту кезеңі 150 жылға созылады, оған дейін жер шарының басым бөлігі өмір сүруге қолайсыз боп қалуы мүмкін» дейді ғалымдар. BBC агенттігі сөйлескен экологтардың айтуынша, атмосфераға көміртегі газының тарауы мен зиянды қалдықтардың жайылуына қарапайым адамдар да саналы түрде тосқауыл қоюға қауқарлы. Ол үшін болашақта адамдар тек қана электромобиль мініп, ұшақпен аз саяхаттауға, үйде жылу мен электр энергиясын шақтап қолдануға, тіпті ет жеуді азайтуға тура келеді.
Айгүл БАБА