Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:45

Жерді қайтаруға кедергі жасайтын кәсіпкер ме, министр ме?

Айдарбек Сапаров
Фото: ашық дереккөз

Маусымның соңына қарай мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер ресурстарын басқару департаменттерінің Терещенко мен Әбіқаев және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға тиесілі жер телімдеріне қатысты тексеру жүргізіп жатқанын айтып еді.

Бірақ «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс істеп жатқалы бірнеше жылдың жүзі болса да сол мықтылардың су бетіне шыққаны бірлі-жарым ғана.  

Заманы дүрілдеп тұрған шақта мыңдаған гектар жер рәсімдеп алғандардың есім-сойы бүгінде өсек-аяң арасында ғана айтылғанымен, былығы әшкере болып, заңсыз иемденген не пайдаланбай жатқан жері ресми түрде жарияланбай келеді. Құзырлы органдардың құрығы осындайда неге қысқарып қалатыны белгісіз. Дегенмен Базарбек маусымның соңындағы сауалында Әбіқаев пен Терещенконың атын атап, одан қалды жазғы каникулдан оралған соң қалған ығай мен сығайдың тағы біразын жариялайтынын ескертіп кетті.

Әбіқаев демекші, оның да Алматыдағы ең татымды аумақ саналатын әл-Фараби даңғылының жоғары жағында жері болғаны ғаламторда жарияланды. Қазір ол жерге бизнес-орталық салынғалы жатыр. Жалпы аумағы 7 гектарға жуық жердің бұрынғы иесі Нұртай Әбіқаевтың әйелі Римма Әбіқаева болған екен. Бір кездері алма бағы жайқалып тұрған жерде кейін гольф-клуб пен мейрамхана пайда болып, оның арты енді, міне, бизнес-орталыққа айналғалы отыр. Сөйтіп, біртіндеп жойылып келген алма бағы енді түбегейлі көзден ғайып болмақ.

Депутат Базарбектің сөзінше, Алматы қалалық сотының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы мен Мамандандырылған экономикалық соттың 2021 жылғы 13 қаңтардағы шешімі бар. Онда жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту және сату-сатып алу шарттарының күші жойылған. Алайда бұл сот шешімдері де орындалмай отыр, яғни сот арқылы алма бақтары мемлекет меншігіне заңды түрде қайтарылғанымен, шын мәнінде олар әлі күнге жеке және заңды тұлғалардың иелігінде.

Одан қалды, жуырда Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Аскоп» ЖШС, «Интеграция-Целина» ЖШС және Бурабай ауданының «Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарсы сотқа шағымданған. Шағымда шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арыз түскен.

Сот енді кадастрлық іс пен Щучинск қаласындағы «Светлый» шипажайы орналасқан жер телімінің меншік иесі туралы мәліметтерді сұратып отыр. Сонымен қатар корпорация қызметкерлері дау тудырып отырған жер аумағына барып, тексеру жүргізуге тиіс.

Азаматтық іс бойынша сот шешімі әлі шыққан жоқ, сот тергеуі жалғасып жатыр. Ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша «Аскоп» және «Интеграция-Целина» ЖШС-ның иелері – бұрынғы мемлекет қайраткері, экс-басшы Сергей Кулагин мен оның жұбайы Галина Кулагина деген мәлімет бар.

Апта басында өткен Үкімет отырысынан соң журналистерге брифинг өткізген ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан тілшілер осы жерге қатысты сұраған еді. Нақтырақ айтқанда, Сергей Кулагин мен оның айналасындағы адамдарға тиесілі жер көлемін нақты айтып беруді сұраған. Алайда министр тек пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын айтумен ғана шектелді.

«Жалпы, біз бекітілген жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз, арнайы комиссия құрылған. Бұл азаматтардың қолындағы жер көлемі қанша гектар екенін дәл қазір айта алмаймын. Кейін қағаз түрінде жолдай аламын. Бірақ егер жер пайдаланылмаса, біз оны мемлекет меншігіне қайтарамыз. Тиісті тапсырма берілді, жұмыс жүріп жатыр. Біз «мынау оның жері» немесе «басқаның жері» деп бөлмейміз. Егер жер пайдаланылмаса – ол босатылып, жұмыс істейтін адамға берілуі керек», – дейді министр.

Министр осылай құрғақ жауаппен құтылып кеткенімен, жағдай мәз емес сияқты. Өйткені тап сол «Жер аманатының» жұмысына кедергі көп екенін, ол тіпті өңірлерде ғана емес, көз алдындағы үкіметтің ішінде болып жатқанын былтырғы бір сөзінде депутат Базарбек айтқан. Оның айтуынша, соңғы уақыттарда республикалық жер комиссиясы мен оның инспекторларына жан-жақты заңсыз қысым көрсетіліп келеді. Бұл комиссияның жүйелі жұмыс істеуіне үлкен кедергі келтіріп отыр. Мысалы, вице-премьер Нұрлан Байбазаров кәсіпкерлерден түскен арыз-өтініштен кейін негізсіз хаттамалық шешім шығарған. Онда заңсыз, яғни конкурссыз берілген жерлердің құжаттамаларына комиссия және инспекция тарапынан талап-арыз беруді тоқтату және берілген арыздарды соттан қайтару қажеттігі айтылған. Қарапайым тілмен айтқанда, заңсыз беріліп кеткен жерлерді қайтару керек деп кеңірдек жыртып жүргенде, жұрт үкіметте отырып-ақ кереғар шешім шығарып, кедергіні қолдан ұйымдастырғандай болып шығады.

Осындай жөнсіз әрекеттің жемісі болса керек, депутат өткен айда тағы біраз жайттың бетін ашты. Мысалы, Жетісу облысының Алакөл ауданы Ақши ауылында су жағасындағы коммерциялық мақсаттағы 500-ге жуық берілген жерлердің 2016 жылдан бері игерілмей, пайдаланылмай, 10 жылдай уақыттан бері бос жатқанын көзбен көргенін айтады. Мында отырып «Жер аманаты» деп 3 жылдан бері жырғап жүргенде әлгі жүздеген жер телімін жергілікті аудан әкімдігі, ауданның жер және сәулет, құрылыс бөлімдері, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті «байқамай» келген.

Сол сияқты, Сарқан ауданындағы жағдай тіпті түсініксіз. Аудан әкімдігі мен жергілікті тұрғындардан «Март-Агро», «Сарқан МТС Агро», «Сарқан Агро» сияқты ірі ауылшаруашылық жерлері бар кәсіпорындар өз жерлерін игермей, пайдаланбай келе жатқаны туралы шағым түскен. Олардың артында бұрынғы үкімет басшысы Сергей Терещенко тұр деген сөз айтылады. Тек соған Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаменті иланбай отыр екен. Олар, керісінше, жер аумақтарының игеріліп жатқанын, заң бұзылмағанын айтып, қарсы жауап берген. Амал құрыған соң жағдайға Бас прокуратураның араласуы қажет болған. Енді прокурорлар істің анық-қанығына көз жеткізу керек.

Айта кетерлік тағы бір қызық жайт, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына шетелдіктер келіп алып, соның салдарынан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шетел азаматтарына өтіп кету қаупі туындаған. Аталған комиссияға соңғы кездері жұрттан осындай шағым көбейген. Нақтырақ айтқанда, Ақмола облысы Сандықтау ауданында 2004 жылы үлескерлердің жер үлесінен тұратын «СХП Полина» ЖШС-ның 79,9% үлесін «Достық-Синтез» ЖШС дейтін құрылтайшысы Ресей азаматына сыйға беріп жіберген. Кейін сол шетел азаматы жарғылық капиталдағы қалған үлесін 2022–2023 жылдары аралығында 30 үлескерлерден сатып алу-сату шартымен өзіне жалпы аумағы мың гектар ауыл шаруашылығы жерін рәсімдеп алған деген ақпарат бар. Мұндай жағдай Ақмола облысында ғана емес, сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында да орын алған.

Тек көзге ұрып тұрған осындай былықтарды ауыл шаруашылығы министрінен емес, депутаттарға шағым түсіретін жергілікті тұрғындардан ғана білетініміз түсініксіз. Заңсыз иемденіп кеткен жерлерді мемлекетке қайтаруға бірінші мүдделі мемлекеттік орган осындайда неге бой тасалап қала береді? Соның арты кедергінің басы кәсіпкерлер емес, Айдарбек Сапаровтан шығып жатқан жоқ па деген күдікке жетелейді.

Ресми статистика үшін қоса кетейік, «Жер аманаты» комиссиясы бүгінге дейін мемлекетке 12,5 млн гектар жер аумағын қайтарған. Оның ішінде 2022–2024 жылдар аралығында ең көбі Қарағанды облысында байқалыпты. Облыс аумағында әуелгі жылы 1,2 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне өтсе, 2023 жылы 542 295 га, ал былтыр 161 380 га кері қайтарылған. Одан соң Ақтөбе, Ұлытау, Батыс Қазақстан облыстары тұр.

Ербол Тұрымбет

Астана