Жерді 25 жылға жалға беру керек деген бөлігін қабылдаудың керегі жоқ-Күрішбаев
Президенттің бастамасымен жазылған заң жобасы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға, қандастарға беруге толық шектеу қояды.
Заң жобасы мәжілісте қаралғанда кейбір депутаттар жер учаскелерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға орман өсіру үшін 25 жылға беру құқын енгізуді ұсынды.
Біріншіден, соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, шетелдіктер тарапынан орман өсіру міндетін алуға қызығушылық жоқ, оның үстіне бұған дейін біздің елде шетелдік компаниялардың өздігінен орман өсіргенін көрмеппіз.
Екіншіден, осы күні орман өсіру үшін инвестиция тарту шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарт негізіндегі міндеттеме жүктеу аясында жүргізіледі. Сондықтан жоғарыда аталған норманы енгізу мақсатын жерді қалпына келтіру, орман белдеулерін қорғау және шетелдік инвесторлардың компенсация ретінде орман отырғызу жұмыстарына негіздеуге болмайды.
Үшіншіден, орман өсіру – бизнес емес (орман пайдалану емес), қайырымдылыққа жатады. Демек, орман өсіру үшін жерді міндетті түрде жалға берудің керегі жоқ. Мәселен, жаңа айтқан жер қойнауын пайдаланушылар орман өсіру жұмыстарын жер учаскелерін жалға алмай-ақ жүргізеді. Ал егілген орманды күтіп-баптау мерзіміне келсек, Орман кодексінде көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары отырғызғаннан кейін үш жылға дейін ғана жүргізілетіні айтылған. Ары қарай орман табиғи жолмен өсе береді, оны 25 жыл бойы күтіп-баптаудың қажеті жоқ.
Төртіншіден, қазіргі қолданыстағы заңнамада орман өсіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесін жалға алу қарастырылмаған. Осыны ескере келе, аталған норманың запастағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға орман өсіру үшін 25 жылға жалға беру керек деген бөлігін қабылдаудың керегі жоқ деп есептеймін.
Егер шетелдіктер елімізде орман өсірумен айналысамын десе, жерді жалға алмай-ақ, келісімшарт негізінде де істеуіне болады.