Жердің иесі де, киесі де – ауыл халқы
Жазылған жайдың жаңғырығы
Басылымның өткен сандарының бірінде «Шаған халқының жерін заңсыз иемденіп кеткен алтаудың ісі» деген мақала шыққан-ды. Сол жазылған жайдың жалғасын жағымды жаңалықпен бастамақпыз. Яғни латифундистердің қолына өтіп кеткен Шаған ауылының жері әділ соттың төрелігімен ауыл халқына қайтарылды. Былтырдан бері дауға айналған жер дауы бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Б.Елшібеков «Шаған Жер» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшыларының заңбұзушылықтарын анықтап, 2005 жылдан бергі жалпы жиналыс хаттамаларының шешімдері жалған әрі заңсыз екенін дәлелдеп, істің нүктесін қойды.
Жиырма жылдан астам уақыт «жеріміз бар» деп келген ауыл тұрғындары былтыр ғана меншігіндегі жерлерінің кімдерге өтіп кеткенін біліп, наразылықтарын білдірген еді. Осыған орай, олар «Шаған Жер» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 90 пайыз үлеске заңсыз ие болған құрылтайшыларға қатысты сотқа талап арызбен жүгініп, осы кезге дейін халықтың қатысуынсыз жүргізілген жалпы жиналыс хаттамаларының шешімдерін заңсыз деп тануды және әділет органындағы тіркеу әрекеттерін жарамсыз деп тануды сұраған болатын. Себебі құрылтайшы болып табылатын ауылдың 3112 тұрғыны небары 10 пайыз үлеске, ал басқа алты құрылтайшы 90 пайыз үлеске ие болып, шаруашылық қызметін халықпен санаспай жүргізген екен.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі халыққа қайтқан жерді нақтылай келе, «Шешімге қарсы тарап бір ай ішінде Қызылорда облыстық сотының апелляциялық сот алқасына шағым келтіру құқығы бар. Сот шешімі заңды күшіне енбеген» деген мәлімдеме таратты.
Осылайша серіктестік құрылтайшылары болып табылатын Шаған ауылының тұрғындары кезекті жеңіске жетті. Алғыс айту күні әділеттілікті қалпына келтірген судья Б.Елшібековке ауылдағы қарапайым халықтың айтар алғысы шексіз.
Дегенмен бұрынғы құрылтайшылар ауыл ішінде әлі де келеңсіз тірліктерін жалғастырып жатыр. Ағайындар арасындағы ауызбіршілікке сына қағып жүргендердің көксегені не? «Бұл жағдайлар неден басталды, не себеп?» деген сауалымызға былтыр ғана халық сайлаған шаруашылықтың жаңа басшысы Жеңісбек Сыздықов осы уақытқа дейін экс-құрылтайшылар шаруашылықтың пайдасын жеке басқа пайдаланғанын аудиттік және заңдық тексерулері мен зерттеулерін редакциямызға ұсынды (барлық құжаттардың көшірмелері бар).
«Қанша сабырлық танытып тырысқаныңмен, ауыл халқын жік-жікке бөлу үшін өтірік өсек-аяң, шындыққа жатпайтын бос әңгімелер тарауда. Бұл өтіріктердің басында шаруашылықты қаншама жыл басқарып, оның «балқаймағын» татып келген ауылымыздың ел ағалары есебіндегі адамдар тұр», – деген серіктестік директоры «Ауылымыздың тыныштығын бұзып, берекесін алып, алдау-арбау мақсатында шатастырып, жымысқылықпен таратылып жатқан негізсіз, қитұрқы өсектер мен іс-әрекеттерге сенбеуге шақырамын. Құрылтайшылардың айтып жүрген шаруашылық қарызы жөніндегі жалған ақпараты бойынша мынаны мәлімдеймін. «Шаған Жер» ЖШС 2007 жылдан бастап тек сыртқы инвесторларға тәуелді болып жұмыс жасап келеді. Яғни қара күрішке келісімшарт жасап, әр жылдың қыркүйек, қазан айлары ішінде есептесіп келген. 2018 жылы шаруашылықта инвестор «Ақорда» ЖШС-іне 3000 тонна қара күріш қарыз қалыптасқан. Содан осы күнге 1900 тоннасы қалды (Ескере кетер жайт, жыл бойы серіктестік ауыл халқын күрішпен қамтуына және егін егуіне 1300 тонна күріш пайдаланады). Орташа бағамен, яғни 75 теңгеден есептегенде – 142,5 млн теңге. Қарызға байланысты инвестордың серіктестікпен арнайы келісімі бар, алдағы уақытта оны жоямыз деген жоспар да, нақты есеп те жоқ емес», – деді.
Шаруашылықты белшеден қарызға отырғызған құрылтайшыларды сотқа беріп, әділдік орнатудағы мақсат – ауылдың, шаруашылықтың тағдырын тек алты адамның иеленуінен алып, халыққа жерін қайтару. Құрылтайшылардың әрқайсысы заңсыз 15 пайыз үлеске иелік жасап, ал нағыз жер иесі – ауыл тұрғыны 0,028 пайыз үлеске ие болуы нағыз сорақылықтың жеткен жері болса керек. Өзекті өмірлік сұрақтарды толығымен шешкен сот алқасы әділдіктің орнауына ықпал етті.
Негізінде, Жер кодексіне сәйкес, үлестік жерлер серіктестіктің жер үлесі бар барлық құрылтайшылары мен қатысушыларының қатысуымен өткізілетін жиналыстың шешімімен беріледі. Қазіргі кезде пандемиялық карантин жағдайларына байланысты (3112 серіктестік құрылтайшыларының қатысуы міндетті) жалпы жиналысты шақыру мүмкін болмауда.
«Ерекше айтып өтетінім – ешкімнің еңбегі желінген жоқ, еңбекақысы да, гектары да, салмағы да. Ешкім шет қалған жоқ. Бір ғана орталық қырмандағы таразыны электронды етіп жаңартудың өзінен жылдағыдан мыңдаған центнер астық нақты есебімен шаруашылық шығынын жауып, барлық ұжымның, ауыл тұрғындарының көзін ашты, әділдік орнатылды. Жылдағы еңбекақы көтерілді, нәтижесінде орташа жалақы мөлшері 20 мың теңгеге өсіп, 115 мың теңгені құрады. Осыған дейін, айтудың өзі ұят, дала қостарында ұжым мүшелерін тамақтандырудың өзі ақылы болып келген, 50 пайыз болмашы жалақыларынан ұсталған. Бұл шығындарды шаруашылық өз мойнына ала отырып, оның сапалы берілуіне де аса мән беріп келеді. Демалатын жатын орын, ыдыс-аяқтарға дейін жаңартылуда».
Экс-басшылардың көлеңкелі тіршіліктері бұнымен бітпек емес. Мәселен, 2019 жылы 136,2 млн теңгеге 910 мың литр дизель отыны жұмсалса, 2020 жылы шаруашылық жұмыстарына барлығы 94 млн теңгеге 642,6 мың литр дизель отыны пайдаланылып, 267,4 мың литр жанар-жағармай үнемделіпті. Жұмсалуы беймәлім 267,4 мың литр дизель отыны дегеніміз – әр литрін 165 теңгеден есептегенде 44,1 млн теңге. Бұның ішінде тікелей егін шаруашылығынан бөлек, қараша айында алғашқы қар жауған уақытқа дейінгі қаншама күзгі сүдігер айдағаннан бөлек, бірқатар каналдар мен ішкі арықтар қазылып, көктемде жаңа жерлер ашылған.
«2019 жылдың мамырында, егін егу науқаны аяқталатын тұста 7,5 млн теңгеге 38 тонна күріш тұқымын алады, бірақ бас агроном, басқа мамандар осы күріш тұқымының қай жерге себілгенінен мүлдем бейхабар», – дейді Ж.Сыздықов.
Қаржылық заңсыздықтар бұнымен де тоқтамаған. Біз де өз тарапымыздан барлық келтірілген мәліметтерді аудиторлық қорытындыға, келісімшарттар мен бухгалтерлік құжаттарға негіздеп жаздық. Ондағы тексерілген мәлім дүниелерді тізіп шықсақ: «Шаған Жер» ЖШС-інде 2020 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 63 млн теңге, 2019 жылы 45 млн теңге кем кірістелген. Бұрынғы директор басшылыққа келген тұста қаржылық шығыстар жасадым деген себеппен 2015-17 жылдары шаруашылық кассасынан қолма-қол 42,1 млн теңге қаржыны ешқандай құжаттарды ұсынбастан негізсіз алған. Тиісті бухгалтерлік құжатсыз 2 млн 750 мың теңге қаржы кассадан негізсіз шығысталып, мекеменің кассасына қайта кірістелмеген. Атап айтқанда, шаруашылықтың бас механигі – МТМ басшысына 2017 жылы 1 млн 750 мың теңге, 2018 жылы 500 мың теңге – барлығы 2 млн 250 мың теңге және адвокатқа 500 мың теңге қаржы ешқандай қаржылық құжатсыз берілген.
Мал шаруашылығы бойынша 2015-19 жылдары құны 15,5 млн теңгені құрайтын 248 бас жылқы және құны 15,5 млн теңгені құрайтын 241 бас МІҚ малдары шығысталған. «Шапағат» ЖШС-нен бөлініп шыққанда шаруашылықта 500-ден астам ірі қара малы болған, бүгінде оның бірде-біреуі қалмаған, ол жұмыстар бақылауға қойылмаған. Есесіне құрылтайшылардың жеке өрісіндегі төрт түлігі көбейіп отырған.
2015-19 жылдары шаруашылық бойынша қосалқы бөлшек сатып алуға жұмсалған жалпы қаржы сомасы 299,5 млн теңгені құрады. Бірақ қосалқы бөлшектерді шығыстау кезінде бірде-бір ақау актісі жасалмаған. Яғни бөлшектердің шын мәнінде бұзылғанын растайтын бірде-бір құжат тіркелмеген.
Бұдан бөлек, күдік туғызатын тұманды келісімшарттар бар боп шыққан. Атап айтатыны, 2018 жылы «Шаған Жер» ЖШС «Жанель и К» ЖШС-нен құны 28 250 000 теңгеге 6075 келі қант, 309 300 келі (6186 қап) I сортты ұн, 8718 келі макарон өнімдері сатып алынған. Бірақ көрсетілген өнімдердің бірде-бірі шаруашылыққа түспеген (жауапты есепшінің түсінігі бар). Тағдыры белгісіз. Сондай-ақ 2018 жылдың мамыр айында бұрынғы директордың иелігіндегі «Шаған» фермерлік қожалығына «Шаған Жер» серіктестігі есебінен негізсіз 3 млн теңге аударылған. Бұл қаржының да аударылу себебі түсініксіз.
3000 басқа арналған ірі қара малдарын бордақылау алаңының жұмысын жүргізу үшін 2017 жылы «Байқоңыр» СПК-мен бірлесіп, «Шаған Агрофуд» ЖШС құрылады. Осы шаруашылықты жүргізу үшін серіктестік есебінен жұмсалған 51,1 млн теңге қаржы да негізсіз жұмсалған деген аудиторлық қорытынды беріліп отыр. Бұдан бөлек, 10 млн теңгенің үстінде қаржы белгісіз себептермен есепке алынбаған. Бұлардан бөлек, қосымша 130 млн теңгенің көлемінде заңсыз шығындар да шыққан. 2015-19 жылдардың өзінде күмәнді қосалқы бөлшектерге бөлінген 299,5 млн теңге қаржыны қоспағанда, 563,5 млн теңгеге есепсіз шығындар жасалған. Бұл тек соңғы бес жылда келтірілген қаржылық зардаптар. Ал 13 жылдың тексеріс тізбегі, есебі жоқ шығындардың мөлшері еселеп өсетіні көрініп тұр.
– «Дәл қазір жеріңді алмасаң, құр қаласың» деп, «барлықтарыңа жерлеріңді алып беремін» деген негізі жоқ, бос әңгімелерге ермеуге шақырамын. Қаншама өтініштер келіп жатыр, оның ішінде белгілі бір топтың іріткі ойларын түсініп, өтініштерін қайта алып жатқан ауылдастар қаншама. Жерлеріңіз ешқайда кетпейді, ешкім иеленбейді. Сот процестері бітіп, нақты шешімдер қабылданып жатса, серіктестіктің барлық құрылтайлық құжаттарын қайта заңдастырып, нақты ұсыныстарыңызға сәйкес, жалпы жиналыста жалпы халық болып шешім қабылданатын болады. Не нәрсенің де заңды болғаны жақсы. Серіктестікте қазір күрделі кезең болып жатыр, көптеген түсініспеушіліктер бар. Тарихта болмаған сот отырыстары болып жатыр. Шаруашылықты аяқтан шалып, балансын бұзып, әлсірету арқылы құрылтайшылар өздерінің сенімді серіктерімен бірге жымысқы ойларын жүзеге асыруда. Мысалға, «артық жер екті» деп, Б.Жаңабергенов пен Б.Қадыровтың інісі А.Қадыров мырзалар арыз ұйымдастырды. СЭС, экология бойынша өздерінің жіберген кезіндегі кемшіліктеріне біз жауап беріп жатырмыз, – деді шаруашылық төрағасы.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден» деген екен. Әлеуметтік желілерде неше түрлі арандатушылық сөздер жазып отырған білім ошағындағы бюджеттік қызметкерлердің де этикаға қайшы әрекеттері мектептегі оқушыларға теріс тәрбие беретінін де саналарына салғымыз келеді. Атын атап, түсін түстеп беретін скриншоттарды беделдерін түсірмесін деген ниетпен жарияламауды жөн көрдік. Ауылдың бекем бірлігі мен көркем тірлігіне сына қаққысы келетіндерге «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген қанатты сөзді қайыра естеріне алғаны жөн.
«Жалпы жиналыста берілген тапсырмаларға сәйкес, жұмыстар жасалды. Өзекті мәселеміз – шаруашылық жұмыстарының соңғы бес жылына аудиторлық қорытынды мен сараптама нәтижесі алынды. Алдағы уақытта бұл құжат бойынша тиісті өкілетті органдар арқылы шаралар қабылданатын болады», – деді жаңашылдық пен адалдыққа мән берген шаруашылық төрағасы.
Енді серіктестікті тақырға отырғызып, тонағандардың мәселесімен құзырлы орындар айналыспақ.