Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 29 Шілде 2025

Жердің кеңдігі байлық па, әлде жауапкершілік пе?

ауыл шаруашылығы жерлері
Фото: из открытых источников

Қазіргі замандағы демографиялық өсім, климаттың өзгеруі, жаһандық нарықтағы тұрақсыздық пен геосаяси шиеленістер және жер ресурстарының тозуы агроөнеркәсіп саласының салмағын одан сайын тереңдете бастады.

 Әсіресе еліміз үшін бұл сала ұлттық қауіпсіздік, экономикалық дербестік және әлеуметтік тұрақтылықтың кепіліне айналуы тиіс. Қазақстан әлемде кең дала, табиғи ресурс, аграрлық дәстүрімен ерекшеленеді, дегенмен бұл табиғи артықшылықтар өздігінен экономикалық табыс әкелмесі анық. Ол үшін жүйелі саясат, ғылыми негізделген стратегия және қазіргі заманғы технологиялармен қаруланған еңбек қажет. Агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының стратегиялық маңызды саласы екені анық. Оның әлеуеті мен дамуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасынан ғана емес, тұтас халықтың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігінен көрініс табады. ХХІ ғасырда жаһандық экономиканың күрделі процестері мен климаттық өзгерістерге байланысты әлем елдері аграрлық секторды қайта қарастырып, оны жаңа технологиялармен жабдықтауға, экологиялық қауіпсіздік пен азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бет бұрды.

Осы орайда тарихи тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстанның аграрлық әлеуеті зор. Кең даласы, төрт түліктің санын көбейтуге қолайлы жайылымы, суармалы жерлердің болуы елдің өзін-өзі азықпен қамтамасыз етуіне жеткілікті еді. Дегенмен Кеңес одағы тұсында бұл сала мемлекеттік жоспарға тәуелді болды. Ауыл шаруашылығын шикізат көзі ретінде пайдаланып, ал өндіріс құралдары мен дайын өнім өңдеу технологиялары өзге республикаларға шоғырландырылған еді. Соның салдарынан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде де Қазақстанның агроөнеркәсіп саласы нарық заңдылықтарына бейімделуде ұзақ жылдар бойы толық шешілмей келді. Қазақстанның ең басты ресурсы – оның жері. Бірақ бұл жер ресурстары тек кеңдігімен емес, оны тиімді игере алумен құнды. Өткен аптада ауыл шаруашылығы министрлігі биыл алғашқы алты айдағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына қатысты аралық қорытындыларды талқылау мақсатында жұмыс кеңесін өткізді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар жекешелендіріліп, жер телімдері жекеменшікке берілді. Алайда материалдық-техникалық база, мамандар даярлау жүйесі, логистика, өнімді өткізу нарықтары сияқты өзекті мәселелер басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ өңірлік ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық сала басқармаларының өкілдері қатысты. Жиында күн тәртібіне шыққан негізгі мәселелердің қатарында мал азығын дайындау жұмыстарының барысы, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу жайы болды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының баяндамасына сәйкес, қазіргі таңда облыстардан түскен мәліметтер бойынша 13,2 миллион тонна шөп дайындалған. Бұл жалпы жоспардың 53,8 пайызына ғана сәйкес келеді. Шөп дайындау бойынша алдыңғы қатарда тұрған өңірлер – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары. Ал Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Қарағанды облыстары жоспардан едәуір артта қалған.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 616,6 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 442,7 миллиард теңге ауыл және балық шаруашылығына бағытталса, 104,2 миллиард теңге тамақ өнімдерін өндіруге, 69,7 миллиард теңге сусындар өндірісіне жұмсалған. Инвестициялық белсенділік бойынша үздік көрсеткіштер Шымкент қаласы, Алматы қаласы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Ақмола және Абай облыстарында тіркелді. Ал керісінше, Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында инвестицияларды игеру деңгейі төмен болғаны атап өтілді. Министр атап өткендей, 2025–2027 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту жөніндегі жол картасы аясында жалпы құны 3,4 триллион теңгені құрайтын 683 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда олардың 50-ден астамы Түркістан, Алматы және Қостанай облыстарында пайдалануға берілген. Осы орайда министр өңірлерге 2025 жылға арналған жобалардың жүзеге асырылуын жеделдетіп, 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартуды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Кеңесте ветеринарлық мәселелерге де ерекше көңіл бөлінді. Биылғы жылы еліміз бойынша 758 ветеринарлық инфрақұрылым нысанын салу жоспарланған. Атап айтқанда, 428 ветеринарлық пункт, 233 мал көметін орын (скотомогильник) және 97 сою пункті бой көтеруі тиіс. Сонымен бірге малға вакцина егу, сырға сатып алу және малды сәйкестендіру мәселелері де күн тәртібінде болды. Дегенмен көптеген өңірлерде ветеринарлық пункттердің әлі күнге дейін толыққанды материалдық-техникалық базасы жоқ екені айтылды.

Жиынды қорытындылай келе, министр Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласының орнықты дамуы тек орталық пен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді және жауапкершілікті жұмыс істеуіне байланысты екенін қадап айтты. Ол: «АӨК-тің табысы – бұл баршамызға ортақ жауапкершілік. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі кәсіби әрі үйлесімді жұмыстың нәтижесіне тікелей байланысты», – деп түйіндеді.

Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы үлкен бір өтпелі кезеңнің алдында тұр. Бір жағынан, мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданып жатыр. Мәселен, субсидиялау жүйесі қайта қаралып, агроқаржыландыру институттары құрылып жатыр, цифрлық технологиялар енгізіліп келеді. Екінші жағынан, ауылдағы жұмыс күші азайып, жастар қалаларға қоныс аударып, ауылдарда маман тапшылығы күшейіп жатқаны да рас. Сонымен қатар жаһандық нарықтағы азық-түлік бағасының құбылмалы болуы, экологиялық ахуал мен климаттық өзгерістер де отандық агросекторға елеулі әсерін тигізіп отыр. Осы күрделі жағдайларда агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы үшін оған тек салалық емес, кешенді, стратегиялық қадамдар қажет.

С.Бақберген