Жеріне жанашыр болмаған елдің ертеңі бұлыңғыр
Елімізде қоршаған ортаны қорғау, экология туризмін дамыту мәселесі өзекті. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар көңіл көншітерлік пе? Қай шаруа назардан тыс қалып отыр?
Бұл сала бойынша мамандар дайындау қай деңгейде? Осы тұрғыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Топырақтану, агрохимия және экология кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Айгүл Жаппарованың пікірін білдік.
Экология туралы айтылғанда топырақ мәселесі қалып қояды
Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық реттеу жүйесі жаңарып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Экологиялық кодекс күшіне енді. Соның аясында экологиялық талаптар күшейтілді, топырақ сапасына қатысты нормативтік көзқарас нақтыланды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін мониторингтеу, цифрлық карталар әзірлеу, жер сапасын бағалау секілді жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі республикадағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы маңызды жер көлемі 115,9 млн гектар екенін, ал жер мониторингі негізінде цифрлық ауыл шаруашылығы карталары әзірленіп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ министрлік 96 млн гектар жерге тексеру жүргізілгенін де мәлімдеді.
Бізде экология мәселесі айтылғанда көбіне ауа, су, өндірістік қалдықтар алға шығады да, топырақ мәселесі екінші қатарда қалып қояды. Шын мәнінде, топырақ – азық-түлік қауіпсіздігінің, адам денсаулығының және экожүйе тұрақтылығының негізі. Халық арасында «Жеріне жанашыр болмаған елдің ертеңі бұлыңғыр»деген тағылымды ой бар. Бұл – өте терең мағыналы сөз. Өйткені жерге, топыраққа немқұрайлы қараған халық ертең өзінің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік болашағына өзі қауіп төндіреді.
Меніңше, қоғам, мемлекет тарапынан тыс қалып отырған ең үлкен мәселе – топырақ құнарлылығын сақтау мен қалпына келтіруді ұлттық деңгейдегі ұзақ мерзімді басымдық ретінде қарастыру. Яғни тек бақылау жасап қана қоймай, жүйелі агрохимиялық мониторинг, тұздануға қарсы шаралар, эрозияның алдын алу, жайылым жүктемесін ғылыми реттеу, су үнемдейтін технологияларды енгізу және фермерлерге нақты кеңес беру тетіктері күшеюі керек. Бұл бағытта халықаралық деңгейде де Қазақстан жердің тозуын тоқтату және Land Degradation Neutrality қағидаттарын ілгерілету мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр, бірақ оны енді жергілікті практикаға тереңірек енгізу қажет.
Өзім Қызылорда облысының тумасымын. Сондықтан туған жердің экологиялық ахуалы мені әрдайым бейжай қалдырмайды. Біздің өңірде уран өндіру, қиыршық тас алу және басқа да жер қойнауын игеру жұмыстары жүргізіледі. Осындай кезде жер бедерінің бұзылып, топырақтың қопарылып, үлкен шұңқырлардың қазылып, кейін сол аумақтардың қараусыз қалып қоятынын көргенде, маман ретінде де, туған жердің перзенті ретінде де жаным ауырады. Себебі, бұл – жай ғана қазылған жер емес, табиғи тепе-теңдігі бұзылған орта, қалпына келуі қиын топырақ, болашақ ұрпаққа қалатын экологиялық мәселе. Сондықтан кез келген өндірістік игеру жұмысы міндетті түрде жерді қалпына келтірумен, рекультивациямен, ғылыми бақылаумен және нақты жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс.
Топыраққа немқұрайлы қарау – сапалы азықтан айыру
Бұл – өте өзекті, тіпті стратегиялық мәселе. Топырақтың тозуы – жай ғана жердің нашарлауы емес, бұл – ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуі, судың тиімді пайдаланылмауы, биоалуантүрліліктің кемуі және ауылдық аумақтардың экономикалық әлсіреуі деген сөз. Қазақстанда жел және су эрозиясына ұшыраған ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 30,5 млн гектарға жеткені ресми айтылды. FAO дерегінде Қазақстан жерінің едәуір бөлігі шөлейттену, жердің тозуы және қуаңшылық тәуекеліне ұшырап отырғаны көрсетілген. Әсіресе құрғақ аймақтарда, суармалы егіншілікте және жайылымдық жерлерде тұздану, тығыздалу, қарашіріктің азаюы, өсімдік жамылғысының сиреуі сияқты үдерістер қатар жүреді.
Топырақ құнарсыздануының басты себептері – жерді ғылыми негізсіз пайдалану, ауыспалы егістің сақталмауы, органикалық заттың топыраққа қайтарылмауы, суару режимінің дұрыс жолға қойылмауы, жайылымдарды шамадан тыс пайдалану, кей жағдайда тыңайтқыштарды теңгерімсіз қолдану.
Сондықтан мәселені бір ғана тыңайтқышпен шешу мүмкін емес. Мұнда кешенді тәсіл қажет: топырақ диагностикасы, агрохимиялық талдау, органикалық және минералдық қоректендіруді үйлестіру, ылғал сақтау технологиялары, эрозияға қарсы агротехника, мелиорация және тұрақты мониторинг бірге жүруі тиіс. Топыраққа немқұрайлы қарау – болашақ өнімнен, сапалы азықтан және ауыл шаруашылығының тұрақтылығынан айырылу деген сөз.
Тоғжан ТӨЛЕГЕН