Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 28 Ақпан 2025

«Жеті жетімнің» қатары сиреді

Дулат Исабеков
Фото: Ернар Алмабек

Дулат екеуміз студент кезден жолдас едік. Мен журналистика факультетіне 1-курсқа түскен кезде Дулат 2-курсқа көшкен еді.

Сол шақта Дулат, Әділ сынды жігіттермен жатақханадағы бір бөлмеде жаттық. Журналистика факультетіне бәріміз ақын боп келген адамбыз ғой. Келер жылдары Дулат көркем шығармалар жаза бастады. Алғашқы «Шойынқұлақ» әңгiмесi «Лениншiл жас» газетiнiң үш нөмiрiне жарияланып, жас жазушыны оқырманға кеңiнен таныстырды. Ол кезде студент атаулының бәрі газет оқығыш. Таласып-тармасып, Дулаттың алғашқы әңгімесін бәріміз оқыдық. Дулат менен бір жыл бұрын оқуды аяқтады, кейін әр жерде бірге қызмет істедік. Жас болса да, талантымен, тартымды шығармаларымен арамызда оқырманға алғаш таныс болған Дулат еді.

 Бір заманның адамдары ретінде Бексұлтан, Оралхан, Ақселеу, Дулат бәріміз бірге жүрдік. «Жеті жетім» деген қағанатымыз да болды. Қатарымызда жүрген қарапайым азаматтың бәрімізден оза шауып, қазақтың классикалық жазушысы болады деп ол кезде ойламаған едік. Біріміз не жазсақ, соны оқып, үңіле жүретін кезіміз. Құдайға тәуба, өмірімізбен бірге шығармашылығымыз да қатар дамыды. Шығармашыл жандар арасында жақсы мағынасында «бәсекелестік» болады. Сенің қатарың бір жақсы дүние жазса, мен неге осылай жазбаймын деп ойланып қаласың. Бірімізді-біріміз жетектеп жүріп, жазушылық деңгейге көтерілген шығармыз. Дулат әдебиеттің қай жанрында да қарымды қалам тербеді. Әңгімелерінде әдемі юмор болатын, әдемі жымиып отырып оқисың. Сол секілді Дулаттың шебер драматург екеніне де көзіміз жетті.

Замана деген жүйрік екен. Бірі өтеді, бірі келеді. Біздің тұстастарымыздың, замандастарымыздың көбі екі жастың біріне келген кезде бізді тастап кете барды. Қазір бірлі-жарым замандасым ғана қалды. Күні кешеге дейін Дулаттың халін сұрап, көңілін біліп жүрдік. Бірақ кете қояды деген ой болған емес. Көңілін сұрап барудың өзі бізге ауырлау тиді, себебі қиналыңқырап жатты. Өмірге келген соң, кету заңды, ішің ашиды, жаның ауырады, жақсы досымыздан айырылып қалдық. Дулат ортамызда жақсы жазушы, мықты драматург ретінде оқырманды бәрімізден бұрын мойындатқан, атақ-абыройды алған замандасымыз еді. Ең алғаш «Еңбек ері» деген атақ алғанда бәріміз қуана қол соқтық. Қалай болғанда да, мәңгі өмір жоқ. Дулатымыз мәңгі сапарға аттанды.

Ерте ме, кеш пе, бәріміздің сол жаққа барарымыз хақ. Оны қазақ әдебиетінде өзінің сара жол, сарабдал болмысымен келіп, сүрлеу-соқпағын салған шебер қаламгер деп білеміз. Осымен болды, толды деуге келмес, Дулаттың екінші мәңгілік ғұмыры басталды. «Есімізде мәңгі сақтаймыз» деген қазақтың жаттанды сөзі бар ғой. Шын мәнінде, Дулатты ұмыта алмаймыз. Артында қалған ұрпағы, Дулаттан тәлім алған шәкірттері досымыздың ісін жалғастырар, есімін ұлықтар деп сенеміз. Бақұл бол, Дулат! Қайғыңа ортақпын, оқырман!

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ