Жеті атаңның желкесі үзілгелі тұр-ау...

Ақылдылардың естен шығарып алған бір мәселесі – қара халық деген сөздің мәнін ұғуы нашар.
Білімділер қара халыққа өздерін қосқысы келмейді. Олар төмен тұрмыста, қол жұмысында жүргендер деп ойлайды. Олардың үлесіне осы ғана тиеді деп бекітіп қойған. Олардың арасында терең ойлы, пәлсапасы мықты, туған жерге зауал келсе сол жермен бірге кетер, тірі кезінде туған жеріне тырнақтай жаманшылық жасамайтын тәңірдің өз қолымен сомдаған жандары барын білмейді ғой деймін. Жалпы, қазақ халқы «қара» сөзін көп, мықты, құдіретті деген пиғылмен айтқан. «Қара халық ұйғарса, хан түйесін сойған» дегенді тегін айтпаған шығар. Ақыры сойғанын көрген соң айтқан ғой. «Қара құрым» деген теңеу де осыны растайды. Ал қазір қара халыққа менсінбей қараушылық молайды. Қаржылы байлар, білімді, аса қабілетті жаңашылдар өздерінше жаңалық ашып, табиғаттың бермесін тартып алам деушілер қара халықты «тобыр» дей бастады. Білімді, ашкөздер соғыс ашқанда жеңісті әперген, миллиондап өлген, бораған оққа жалаңқол жүгірген осы тобыр екенін ескере бермейді. Ел басқарып отырғандар осы тобырдың арқасында ҚАЗАҚ ЕЛІ болып, соған басшы болып отырғанын естерінен шығарып ала береді. Қазақ тілін менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құмар. Ал сол тілдің өлмес ортасы тілін жоғалтып барған қазақты қабылдай ма, жоқ па, ол есіне әзір түскен жоқ.
«Ана» деген сөз жерден кейін адам санасын жарқ еткізетін сөз еді ғой. «Анасын Меккеге үш рет арқалап апарса да, еңбегі өтелмеген» дейтін қазағым. Ал қазір жер арендаға өзге елге беріледі деуі мүмкін екен, көп кешікпей ана құрсағы арендаға берілетін болды. Бейне бір ауладағы бау-бақшадан бір өскінді көршіге бергендей тоғыз ай көтеріп, тұла бойының бар нәрін берген баланы біреуге ақысын берсе бере салады. Алушы да, беруші де тырбаңдап жатқан тіршілік иесінің болашақ өміріне бұл тарихтың әсері бары-жоғын ойға алмайды. Оған бас ауыртпайды. Себебі «менің және ерімнің ұрығынан жасап, өзге жатырға өзім салып бердім» деп, ана болғансымақ отыр. Ал суррогат ана арендаға берілген құрсақ иесі, «мен ақша таптым» деп отыр. Болып жатқан сұмдыққа ешкім ойланбайды. Ондай баладан жетім қалған баланы алу әлдеқайда сауапты емес пе? Бала өз тұқымын біледі. Бірақ жетім қалғанда асыраған ата-анаға риза көңілде болады.
Ал күйеуге шықпаған кәрі қыз балалы болғысы келеді. Дәрігерден «бір таза тұқым салып бер» деп өтініш етеді. Одан туған ұл, қыз өз тұқымын білмей, әкесі кім екенін білмей, «тексіз» деген ұғымда өседі. Ата тұқым ізделмей тұрмайды. Ержеткен жігітке «тексіз» деген сөзден артық қорлық жоқ, егер оның қанында қазақ қаны болса. Міне, сол кездегі еңгезердей жігіттің немесе талшыбықтай қыздың санасында «мен тексізбін» деген ұғым оянса кімді қарғайды – заманды ма, адамды ма?
Жаңашыл ғалымдар өздері ойлап, халыққа қажетті деп, ақша табу үшін шығарған өнімдерінің адам өміріне әсері бар ма, жоқ па – зерттеп жатпайды. Мазут сығындысынан пайда болатын сұйықтықты қосып жасаған, ыдыс жууға арналған FAIRY қанша зиян келтіріп жатыр, кім біледі? Вахталық жұмыста айлап жүргендерді фейримен жуып, шая салған ыдыстармен тамақтандырады. Ол он жуғанда азар кететін қоспа ыдыста қалып кетеді де, адам ағзасына, қарнына түсіп, асқазан жарасын туғызады. Зауыт, фабрика түтіндерін кім өлшеп, залалсыздандырады? Міне, сонда адам адамға өзі жау болып жатыр. Мына COVID-19 да сол жаңалық шығарғыштардың бірінің ісі емес пе деген ой өзінен-өзі келеді. Алла бұйрығымен адамша өмір сүру қашан болмақшы?!
Барша тіршілік иесі өлетіні шындық. Бірақ тірлік көзі тұқым жалғасуы, жер беті тіршілігі аман сақталса, адам тұқымы да сақталуға тиіс. Олай болса сол қалдырар ұрпағымыздың бойында жақсы дәстүр қалыптасып, тірлігіміз, ұрпағымыз жалғассын десек, әр жаңалықты тек тіршілік көзіне, пайдасына қарай шығарса демекпіз біз, қара халық. Қара халық тыныш өмір сүру үшін басшылардың жарғақ құлағы жастыққа тимеуі тиіс.
Жаңашылдарға Құдай ныспы бергей. «Дүниежүзінде екі мың жарымнан астам халық бар. Соның ішінде жеті атаға дейін қыз алыспайтын, туыстық руын сақтаған жалғыз қазақ» деп ғалымдар тамсанады да, бірақ колбаға бала өсіруді уағыздайды. Бұл ғалымдардың өз қазағының құдіреті мен табиғатын түсінбеуінен деп есептейді қара халық.
Құдай бала бермесе, ол – сол адамның тағдыры. Құдайдың жазғаны. Егер жетім баланы асырап алса, Құдайдан кешірім, алғыс алып, бағы жанар. Ал қолдан өзгенің жатырынан бала алу бұл қазақ тарихын бұрмалау емес пе? Ұлтың, ата-анаң, тамырың. Тамырыңа құрт түссе қайтіп көктемексің, қазағым!?