Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 20 Желтоқсан 2021

Жетімдерге жүрегі жібімейтін билікте береке болмайды

None
None

Тәу еткен қастерлі тәуелсіздікке жеттік. Абыз арман – дербестік алғанымызға 30 жыл болды.

Отыздағы ер жігіт орда бұзатын қауқарлы күшке ие. Демек, енді  «жас мемлекетпіз» деп, көңіл алдандыру ерсі іс. Осы уақыт аралығында ұтқанымыз не, ұтылғанымыз қайсы тұс? Экономикаға екпін түсіріп, төл теңгемізді жасадық, мемлекеттің шекарасын бекіттік, қандай болса да, зейнетақы қорын құрдық, құрылысты қарыштаттық. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 1989 жылы тұрғын үй салу көрсеткіші қауырт дамыған.  Бұл Кеңес Одағының  бұғауынан босап шығар тұстағы қарқын.

Еліміздің индустриалды аймағы – Қарағанды облысында соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысы ерен  екпінмен өсті. Былтыр аймақта 529,4 мың шаршы метр баспана салынып, 2,5 мың мұқтаж жан пәтер алған. Бұлар бұрыннан кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы отбасылар. Салыстырмалы түрде айтсақ, биылғы 11 айда  аймақта 508,2 мың шаршы метр көпқабатты мекен тұрғызылған. Өкініштісі, орасан зор бұл мүмкіндіктен қоғамның елеусіз қалған тобы – жетімдер ұмыт қалып жатыр. Мемлекеттік мекемедегілер ләм-мим демейді,  тым болмаса үкіметтік емес ұйым өкілдері аузын ашып, шенеуніктерге құлаққағыс жасамайды.   Айқайдан алыс, ешкімге  сүреңсіз қылық көрсетпейтін момақан жетімдерді біздің билік тарс ұмытқан. Естімейтін мемлекет  ерен жандарды еске алуға бейіл танытпай отыр.

Жетімдердің бәрі жарлы

–Мен Осакаров ауданындағы Литвинов атындағы жетім балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегімін. Бала кезден ата-ананың аялы алақанын сезінбей ержеттім. Әкем тірі. Бірақ онымен араласқан емеспін. Шешемді есейе келе  іздеп таптым. Бірақ тым кеш қауыштым. Асыл жан көп ұзамай ауыр науқастан көз жұмды. Анамды өз қолымнан соңғы сапарға аттандырдым. Ол менің үйсіз жүргенімді көп уайымдады. Балалар үйінен шыққанда, білім басқармасы маған Қарағанды қаласындағы политехникалық колледждің жатақханасынан бір бөлме берді. Кейін отбасын құрдым.  Жатақхананың аядай бөлмесінде әйелім және үш баламмен тұрып келе  жатқаныма, міне, он жыл болды. Сондағы ұққаным, жетімдер үйі түлектерінің тағдыры биліктегілерге беймәлім. Жатақхана директоры Гүлнар Нарманбетқызының қамқорлығының арқасында  үй кезегіне әрең іліктім. Алайда кезекте тұрғаныма он жылдан асты. Қазір 160-санаттамын. Жақсы жаңалықтан үміт аз. Мен секілді жастарға жеңілдікпен баспана алуға, медициналық қызмет, зейнетақы төлемдерінен, ең болмағанда білім алуға жеңілдіктер қарастырылмаған. Ерекше атымыз бар болса да, көмек көрсету санатына мүлдем ілінбей қалғанбыз. Мектепті бітірген соң, құрылыс колледжіне түсіп, кәсіби мамандығым бойынша диплом алдым. Бірақ өз саламда жұмыс істемеймін. Себебі құрылыс фирмалары 150 мың теңгеденартық жалақы төлемейді. Ондай еңбекақымен отбасын асырау тым қиын. Бүгінде жалдамалы жұмысшымын. Айына 300 мың теңге табыс табамын. Ендігі мақсатым – қалайда жеке баспанаға қол жеткізу. Басты кілтипан –   тұрғын үйге алғашқы жарна төлеу құны қымбат. Осы күні Отбасы банкі арқылы пәтер алу үшін жеке қорыңда кемі 2 миллион теңге қаржың болу керек. Ондай мөлшердегі қаражат тірнектеу үшін ішпей-жемей ақша жинауың қажет. Үкімет арендалық үй беру жолын жауып тастады. Бізге сол тиімді еді. Тұйыққа тірейтін осынау тығырықтарды ойласам, шақшадай басым шарадай болады, – дейді балалар үйінің түлегі, үш баланың әкесі Роман Примуцкий.

Жатақхананың бір бұрышын мекендеген жетімдер

       Қарағанды қаласындағы Мұқанов көшесінде 9-қабатты ғимарат бар. Ол бұрыннан политехникалық колледжге тиесілі жатақхана. Қазір де осы оқу орнының құзырында. Жатақхана директорының айтуынша, ғимараттың  үш қабаты жетімдер үйінің түлектеріне берілген.

–Бүгінде мұнда ұзын-ырғасы 34 адам тұрып жатыр. Олар балалар үйінің түлектері мен отбасы мүшелері. 10-12 жылдан бері паналап жатқан қыз-жігіттердің алды  32-ден асып кетті. Араларында  өз теңін тауып, бөлек кеткендер де бар. Бірақ ондайлар тым аз.  Жалғызбасты ана мәртебесіналған бес тұрғын бар. Тағдыры бұралаң жастарға үй алуүлкен мехнат екені жасырын емес. Соңғы он жылда өз мұқтаждықтарын дербес шешкен 12 тұрғынымыз  баспаналы болды.  Есімде қалғаны, солардың екеуі Сұрыптау станциясы елді мекенінен жекеменшік үй сатып алды. Мемлекет тарапынан жетім жастарға жеңілдік жоқтың қасы. Сондықтан оларға тек өз күштеріне сенуден басқа амал жоқ, – дейді жастар үйінің басшысы Гүлнар Нарманбетқызы.

        Қарағандыдағы әлеуметтік осал топтағылардың жағдайы осындай. Жаппай жарлының күйін кешіп жүр. Облыста олардың  саны қазір 4254-ке жетті. Шаhар әкімдігі берген мәліметке сенсек, қала бойынша 3248 жетім бала пәтер кезегінде тұр. Биыл осындай статусқа енген 24 өтініш иесіне баспанаберілген. Ресми деректі жартылай беріп, артынша шала-жансаржауабын тиянақты бекітпей, ақыры байланыстан жұтылып жоғалған қалалық әкімдіктің  тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы    Әділ  Әубәкіровтен біздің анықтар деректер көп еді. Журналистерді осылай алдауға дағдыланған шенеунікті жетімдердің мүддесі қызықтырмайтын  секілді. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» деген осындайда айтылса керек.

Жетімдер мәселесі балалар үйін жабумен шешілмейді

 Ресми дерекке сүйенсек, облыста бес балалар үйі бар.  Кейінгі он жылда оның төртеуі жабылған. Оларды мемлекеттік мекемеден шыққан соң, арпалысқа толы  қиын жол күтіп тұр. Дайын баспана жоқ. Барлығы үйсіздің күйін кешеді. Осындайда кең пейілді көне заман еске түседі. Кеңестік кезде жетімдерге жан-жақты әрі жеткілікті жағдай жасалды. Ешқайсысын көзден таса қалдырмады. Жетім балаларды вокзалдардан, жолайрықтардан, жертөледен  майшаммен  іздеп тауып, олардың басын бір жерге қосты. Арнайы мектеп-интернатқа орналастырды, тамағын тоқ, көйлегін көк етті. Кеңес өкіметі тек  бір жылдың ішінде  (1945 жылы)  120 жетім балалар үйін салған. Үкімет елдегі 4000-ға жуық жасөспірімдер мекемесінің тәрбиеленушілерін асырауды  әр колхозға міндеттеп қойды. Балалар мекемелеріндегі ұстаздар мен тәрбиешілер  ата-анасыз қалған балалардың санасын Отанға, елге деген сүйіспеншілік жалынмен нұрландырып, рухын патриотизммен жаныды. Ел қорғауға аттанған осындай жастар соғыс майданында Отан үшін кеудесін оққа төсеп, қызыл әскердің даңқын асырды, Отанға үлкен олжа – нардай жеңіс сыйлады. «Жетімге жасаған жақсылық  жерде қалмайды» деген осы емес пе? Ал бүгінгі қазақстандық жетім балалардың көзіндегі жасты көрер, көңіліндегі шеріне үңілер үкімет қайда?

Тегтер: