Жетімнің ақысын жегендер оңбайды
Балалараға қатысты елімізде тағы бір жік шықты. Ол ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен мүгедек балаларға арналған арнайы мамандандырылған мекемелердегі былықтар.
Елді жайлаған жемқорлық енді жетім балалардың несібесіне қол салуды ұмытпапты.
Балалар үйіндегі былықтардың біразын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Милосердие» еріктілер қоғамдық қорының негізін қалаушы Аружан Саин анықтаған болатын. Ол жетім балалар мен мүгедек балаларға арналған мамандандырылған орталықтарда көзбояушылық пен жемқорлық, ұрлық, зорлық көп болатынын айта келе, балалар үйіне қатысты байқаған келеңсіз жайттарымен бөлісті:
— Жетімдер мен мүгедек балалардың несібесін ұрлау – азғындық саналады. Әсіресе біздің елімізде мұндай жағдайдың орын алғаны өте ұят. Бұл туралы басында Ақмарал Омралинова мен Гурина Марианна дабыл қаққан болатын. Артынша ҮЕҰ-дағы әріптестеріміз бен еріктілер болып балалар үйіндегі бірнеше құқықбұзушылықтарды анықтадық. Оның ішінде балалардың тамақтануына қатысты жайт та бар. Яғни тамақтың жетіспеушілігі, балаларға берілетін тиесілі көкөністер мен жеміс-жидектердің жоғалуы және еттің орнына құр сүйектер берілетінін анықтадық. Анықтап қана қоймай, президентке балалар үйіндегі, мүгедек балаларға арналған мамандандырылған мекемелердегі ұрлықтар жайында күтпеген сапарларымыздан фото-есептермен хат жолдаған болатынмын. Аталған өтінішім бойынша Қауіпсіздік кеңесіне де тапсырма берілді. Сонымен қатар Әсет Исекешевтің басшылығымен топ құрылып, оны Қаржы мониторингі агенттігі пысықтады. Нәтижесінде, мен баяндаған ақпарат расталып, анықталған фактілер бойынша шаралар қабылданды. Алайда құқықбұзушылық тоқтаған жоқ. Жақында мен тағы да бірқатар мекемелердегі балалардың құқықтарын бұзу туралы прокуратураға шағым жазуға мәжбүр болдым. Бірақ менің және Қаржы мониторингінің ұсынымдарында айтылған жүйелі шараларға қатысты. Үкімет тарапынан әзірге тиісті жұмыстар жасалынбай жатыр, – дейді уәкіл.
Сондай-ақ Аружан Саин Қаржы мониторингі агенттігімен бірлескен тексеріс жұмыстарында бірнеше айдың ішінде 500 млн теңгеден астам залал келтірілгенін айтады. Яғни 798 баладан қамтамасыз ететін 34 мекемеге қатысты 50 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтаған. Былықтардың көбі, тапсырыс беруші мен өнім берушінің арасындағы жымысқы әрекеттерге қатысты. Мәселен, тапсырыс беруші өнім берушіге тауардың бағасын нарықтағы бағадан екі есе қымбат етіп жаздырып алады да, салдарынан балаларға тағам жетіспеушілгінен мәселелер туындайды. Оны уәкіл өнім берушілердің көбі балалар мекемесінің қызметкерлерінің туысы не достары екенін айтады.
«Осы мәселеге қатысты балалар және медициналық-әлеуметтік мекемелердің 19 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мысалы, Павлодар облысында есту және көру қабілеті бойынша мүгедектерге техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін ноутбуктер мен ұялы телефондар орнатылған. Нәтижесінде, 209 млн бюджет қаражатын жымқыру орын алды. Бұл жөнінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал одан кейін елорданың Балалар үйлерінің бірінде азық-түлік сатып алуға бөлінген 25,8 млн теңге жымқырғаны анықталды. Ұрланған қаражатқа мекеме қызметкерлері пәтер сатып алып, оны қайта сатып жіберген. Бұл туралы «Время» газетінде де жазылған болатын. Сондай-ақ Түркістан облысында медициналық-әлеуметтік мекемеге көмір сатып алуға бөлінген 14,1 млн теңгенің ұрланғаны анықталды. Бұл фактіні жасыру үшін мекеме қызметкерлері мемлекеттік аудит қызметкеріне 500 мың теңге көлемінде пара беруге тырысқан. Сонымен қатар осы өңірде есту қабілеті нашар балаларға арналған Ленгер мектеп-интернаты КММ-де 2,1 млн теңгені құрайтын киім, кеңсе және шаруашылық тауарларының ұрланғанын білдік. Анықтау жұмысымыздың нәтижесінде, келтірілген шығындар өтеліп, аталған мекеме басшысының орынбасары жауапкершілікке тартылды. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған мекемелерінің бірінде де 2,6 млн теңгеге азық-түлік ысырабы анықталды. Сонымен қатар Шымкент қаласында жетім балаларға сауықтыру демалысын ұйымдастыруға 2,8 млн теңге бөлінген. Балалар жазғы демалыссыз қалды. Істі тергеу барысында залал өтелді. Атырау облысында да балалар мекемесінің басшылығы матрас сатып алуға 900 мың теңге бөлген. Шын мәнінде, олар демеушілерден алынған және пайдаланылған. Залал өтелді, іс тоқтатылды. Сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларында, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында балалар мекемелерін жөндеу кезінде 27 млн теңге ұрлық анықталды. Зиянның үштен бірі өтелді. Ал басқа факторлар – қайырымдылық қаражаттарын есепке алудың және кіріске алудың болмауы, балалардың ақшасын кедергісіз алу, персоналдың төмен жалақысы, ТМҚ электрондық есебінің болмауына байланысты мәселелер. Біз осы мәселенің барлығын болдырмауға әлі де көп жұмыс жасаймыз. Өйткені балалардың құқықтары қатаң сақталуы керек, әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың құқықтары. Сол себепті, балалар үйлері, интернаттар, МӘМ ғана емес, сондай-ақ санаторийлер, оңалту орталықтары және балалар тәрбиеленетін басқа да ұйымдарға қатысты кенеттен тексеруге тыйым салынған мекемелер тізімінен шығарылғанын жөн деп санаймын, – дейді Аружан Саин.
Осындай құқықбұзушылықтардың болмасы үшін балалардың құқығын қорғаушы уәкіл бұрын күші жойылған НҚА-ны қайта қарау қажеттігін айтады. Сондай-ақ бұған дейін прокуратураларда кәмелетке толмағандарға қатысты қадағалау туралы нұсқаулық болып, сол кезде ауданның кезекші прокуроры өз ауданындағы балалар мекемелерінің қызметін бақылауға міндетті болған. Қазір бұл құжат күшін жоғалтып, көптеген құқықбұзушылықтар орын алып жатыр. Сонымен бірге барлық балалар мекемелеріндегі қоймаларға, ас үйге, асханаларға камералар орнату қажет екендігі жөнінде ұсыныс жасады.