Жетісай – «Жетімсай» емес, шын мәнісінде жер жәннаты

Жер жәннатын іздеген Қорқыт ата осы маңнан өтіп бара жатып, жан-жағына көз тігіп қараған екен.
Жаз мезгілі болса керек, күн жанып тұр, көзіне шөл даладан басқа жан баласы түсе қоймапты. Міне, сол кезде ақырған есектің даусы естіліпті. Ауа таза, алыстан жетіп тұрған дауысты тыңдап тұрып: «Мына жер көктемде жауған жаңбырдың салдарынан көк орай шалғын мырзалығын танытып, жазда шөптері қурап шөлге айналады екен. Ағын су келсе, келешегі бұл жерге ну халық орналасады» деп болжам айтыпты деген аңыз бар. Мырзашөл аталуының негізі де осында жатыр. Сол атамыз келіп кеткелі бері Мырзашөлдің Жетісайы жетім емес. Туған жеріңді «жетімсайға» теңеп қатты қателесіпсің, бауырым.
Оқырманның төбе терісін шымырлатып, жүрегін сыздатып жазғаныңа қарағанда тіл маманына ұқсайсың. Бірақ кәсіби тілші емес екенің көрініп тұр. Менен жасың үлкен бе, кіші ме, ол жағын білмедім, ой-өрісіңнің жеткен жеріне дейін аянбастан Жетісайды қаралапсың. Атам қазақ қара жерді жамандама, ол сенің кіретін көрің, мәңгілік жататын үйің деп маңдайыңа таяқпен ұрғандай етіп айтып кеткен ғой. Басынан сөз асырғысы келмейтін өркөкіректеу азамат екенің сөздеріңнен білініп тұр, өзіңше біләрмандыққа салынып, кеудеңе нан пісіп, жалпы жұрттың аудан әкіміне деген психологиясын өзгертуге тырысқан «насихаттық» ойларыңды тіл шеберлігіңмен олай да, бұлай да тарқатыпсың. Мақалаңды оқығандар сені ел мен жерге, қоғамға, қоршаған ортаға жанашыр азамат екен деп ойлап қалуы мүмкін. Ал сен, ондай ниеттерден мүлдем алыстап айдалаға адасып кетіпсің. Ренжіме, бұлай деуге кіндік қаның тамған туған жерің туралы жазған адам шошырлық пиғылдарың себепші болып тұр.
Сонымен, біз де сенің «Жас Алаш» газеті арқылы бүкіл Қазақстан жұртшылығына «дат» айтып, айқайлап жар салған мақалаңды талдап көрейік. Негізінде текті сөздер ойы таза, рухани байлығы жастарға ұлағат әрі өнеге болатын азаматтардан шығады. Өз сөзіңді өзің аллитерациямен әрлеп, ассонаспен айшықтағаныңа қарағанда жаза алатын, тәптіштеп ой өрбіте алатын қабілетіңнің бар екені байқалады. Фонетика ғылымының терминдерін лирикалық өлеңдерге қолданудың орнына, қара сөзге барынша пайдаланыпсың. Өлең жазып, жұрттың назарын өзіңе қаратып жүрген ақынсың-ау шамасы. «Жетісай – жер жәннаты» деген сөзді ауырсынып, қызғанатындай күйге түскеніңе қарағанда сені асырап, ер жеткізген туған жердің топырағы сен үшін һарам болғаны ғой. Астапыр Алла де, тобаңа түс, бауырым. «Жетісайдың жер жәннатына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Тамашалайтын түгі жоқ, көктемі келте, жазы ұзақ, 50 градустан бір түспейтін алты ай аптаған ыстығы мен аңызақ желі адамдарды күшпен ұстап отыратын резерватқа ұқсайды» депсің. Бұл қай сасқаның, Жетісайдың жерінен қандай қысым (резерват) көріп жүрсің, кім сені кеңірдегіңнен алып қылқындырып жатқанын түсінбедік. Ана табиғатты осыншама қорлауға бола ма? Бүйтіп адаспа? Осы Мырзашөл табиғаты бүкіл Қазақстанға танымал талай азаматтарды жетілдірген.
Білдік, саған көктемнің келтелігі, жаздың ұзақтығы, күннің ыстығы ұнамайды екен. Аңызақ желді қайдан шығардың? Ұзақ жылдардан бері тұрып, өмір сүріп, бала-шағасын асырап келе жатқан адамдар аңызақ желге неге наразылықтарын айтпаған? Ыстық күнде бетке ұрып, жұрттың мазасын алатын ондай керімсалды сенен басқалар қалай көрмей жүр? Ұзын сөздің қысқасы, сен бар ғой, әмірің жүрсе көктемді ұзартып, жазды қысқартып, күннің ыстықтығын төмендетіп, күзді жаңбырлы әрі салқын, ал қыс айларын күн сайын бұрқасындатып тұратын қарымен қоса үскірік аязды ете гөр деп жаратушыға тапсырыс беріп, жер бетіндегі жәннаттан жай іздеген адамға ұқсап кетіпсің. Жәннат ана жақта, онда да сен бармайсың, құдайға жасаған құлшылығың, жаманшылығың жоқ болып, адамдарға жасаған сауаби істерің болса, қабатына еріп кеудеңдегі жаның барады. Қазақстан кең байтақ, бүйтіп Жетісайдың табиғатына қара күйе жаға бергенше өзіңе ұнайтын жерге қоныс аудара салғаның дұрыс.
Тарихты есіңе түсір, арамызда Мырзашөлдің болмысын зерттеген журналист-жазушылар жетерлік, солардан сұрасайшы, Жетісай ешқашан «Жетімсай» деп аталмаған, жалғау да жалғанбаған. Ақиқаты осы. Сен айтсаң «жетімсай» бола қалады екен да. Жоқ, ешқашан олай болмайды. Сан ғасырлар бойы мырзалығымен аты жақсы жағынан аталып келе жатқан Мырзашөлдің ана табиғатына тіл тигізгенің жергілікті тұрғындарды менсінбей қорлағаның деп қабылдап отырмыз. Адамда қанат жоғын өзің білесің, асау ойыңды тізгіндеуге шамаң келместен аспандай бергенше жерге түс, аузыңа абай бол, тура сөйле, ұят болады. Біз де айта аламыз, біз де жаза аламыз, бірақ сен секілді жұрттың санасын улайтын нәрсені ешқашан жазбаймыз. Өйткені ел ішінің тыныштығы сенен де, менен де қымбат. Түсінсең, бұл менің саған айтқан жанашырлық кеңесім.
«Тамашалайтын түгі жоқ» деген сөзің, қай сасқаның. Қазіргі Жетісай кеңес заманындағы Жетісай емес, гүлденіп дамығанын көре алмай тұрғаның қалай? Қаланың өзінде бір университет, үш колледж, Қазақстандағы өнер сүйер қауымға жете танымал драм театры бар. «Сырдария» университетіне жақын және алыс шет елдерден бірнеше рет қонақтар келіп кетті. Олар шағын қалада осындай оқу орны бар екеніне таңғалысты. Саған өзі қандай тамашалайтын жер керек? Зеріксең, театрға келіп жаңа қойылымдарды, көне «Үтіртөбе» қазбаларынан жинақталған «Сырдария» университетіндегі көрмені тамашала, өз ойыңды айтып алған әсеріңмен бөліс. Оқу орындардың барлығы Жетісайдың мақтаныштары.
Сонау 1938 жылдары компартияның жүргізген солақай саясатының салдарынан Қазақстанның басқа облыстары мен аудандарынан мыңдаған адамдар Мырзашөлге қоныс аударып, канал қазылып, ағын су келіп, Қорқыт атамыздың айтқаны нақ болып шықты емес пе? «Жетімсай» десең, отаным, ата-мекенім деп өмір сүріп жатқан осындағы 170 мыңнан астам халықты қорлағаның. «Жетім» деген сөзді айтуға қалай аузың барды? Мынадай даурықпа пәлсапаңмен өзіңді қинама, қоштаушы таба алмай босқа әуре боласың.
Талай-талай ұлы тұлғалар Жетісайға келіп, қонақ болды. «Жетісай – жер жәннаты» деген солардың сөзі, солардың беріп кеткен бағасы. «Оңтүстіктің көктемі Мырзашөлден басталады» деген қанатты сөз тағы бар. Жетісайдың табиғаты ұнамай жатқан секілді, саған мына сөздер ауыр тиіп тұрған шығар-ау. Егемендік алған жылдары осы аумақтан 100 мыңдаған өзге ұлттардың өкілдері көшіп кетті. Керісінше солардың орнына шет елде жүрген осыншама қандастарымыз көшіп келді. Сол көшіп кеткен адамдардың көбісі өсіп-өнуге қолайлы, тіршілік жасауға ыңғайлы, табиғаты жағымды болған соң жылап-еңіреп Мырзашөлге қайтадан жете алмай жүр. Анда-санда келіп, Жетісай қаласының, ауыл-аймақтың соншама өзгеріп кеткеніне таңғалуда. Ал сен, қазақтың баласы бола тұра, өз жеріңнен өзің «жиіркенесің». Бұл жақтың табиғаты ұнамаса шет елге көшіп кеткендер, қайта оралуды аңсамас еді ғой.
Жетісайдың жырын Әлібек Мейірбеков, Талғат Жүргенбаев, Жұбайхан Бектібаев, Ағман Сабырханов және басқа да көзі тірі бір тума ақындарымыз сенен бұрын жақсы жағынан жырлап кеткен. Сен болсаң қара сөздермен «басқаша» жырлапсыз. Сен туған жерді сағынбақ, қара топырағын қадірлемек, алыста жүргенде аңсамақ түгілі көзіңізді жұмып Жетісайды көргіңіз келмей тұр. Бұл қылығыңыз туған жерге «талақ» тастағанмен бірдей ғой. Мұншалықты түңіліп жүргенің өзгелер үшін күлкілі.
«Осы отыз жыл ішінде ауданды жеті әкім басқарды, кейбіреулері екі реттен қайталап келді» депсіз. Ия солай, жеті әкім басқарды. Олар: Омарбек Нұражанов, Кенжехан Төлебаев, Ибадулла Үмбетаев, Қасымбек Хаметов, Серік Тұрбеков, Ғалымжан Исмайлов, Жамантай Бейсенбаев. Қане, аттарын атап айта қойшы, осылардың қайсысы тақияңа тар келіп тұр. Бұлар ел басқарудың тәжірибе мектебінен сатылап өтіп, әбден шыңдалған білімді, білікті азаматтар. Әрқайсының салып кеткен өшпес іздері жатыр. Оны ешқашан жоққа шығара алмайсың. Сенің сөзіңе сенсек, олар елді тоздырып, қара бастарының қамын ойлап, ішіп-жеп, мемлекеттің қаражатын талан-таражға түсіріп, тайып тұрғанға ұқсайды. «Тіпті олардың үшеуі екі реттен басқарып, «рекорд» орнатты.., бұл – іріп-шіріген кадр саясатының салқыны.., бұл – облыс әкімінің абсолюттік авторитарлық ауруы» деп ащы сөздермен шамаңның келгенінше түйреп өтіпсің. Бауырым, мына сөздерің сол азаматтардың ғана емес, барша жетісайлықтардың намысына тиіп тұр, көпшіліктен баспасөз бетінде кешірім сұрағаның өзіңе абырой. Бұл жерде облыс әкімі емес, сен өзің «менмендік» кеселіне шалдыққан сияқтысың. Кадр саясаты іріп-шіріп тұр ма, жоқ, сенің мақалаңдағы сөздер іріп-шіріген ба, әділ бағалауды оқырманның еншісіне қалдырайық.Үлкендер, қазақтың баласы «менмендік» кеселімен ауырмасын, саналары таза болсын деген ниетпен бата жасап жүрміз. Сен болсаң, Жетісай ауданы халқының санасына «шөп-шалаң» лақтырыпсың. Бұл енді ағып жатқан дарияның суын былғамақ әрекетпен бірдей. Сәл ойланып қарашы, өмір ағып жатқан дария, тонналап қоқырсық тастасаң да дарияның суы артынша тазарып, мөлдірлік қалпына түсіп, әрмен қарай адал күйінше аға береді.
«Жетісайдың жыртығын жамап, тесігін бітеп, жан күйдіріп жұмыс істеген әкімнің атын атап, түсін түстеп беруге қиналасың» деп қорамсаға қол салып, жүректің тұсынан көздепсің.
Артынан шыққан саңғырықпен көлді былғап, сасытып, таза көл іздеп, ұшып бара жатқан бір топ үйректің іс-әрекеттерін мысал ретінде өте жақсы келтіріпсің. Өзің имандылық тұрғыдан жақсы адам шығарсың, ал бірақ мақалаңыздың мазмұнынан үйректер былғап кеткен көлден шыққан сасық иіс секілді, оқырмандардың санасын улайтын жағымсыз іс-әрекеттің иісі мүңкіп тұр. «Қызықшы адам отырыстардағыларды күлдіреді, бұзық адам елдің ішін бүлдіреді» деген сөз бар. Бұл менің сөзім емес, халықтың сөзі. Осы жерде: «Сен, осының қайсысың?» деген орынды сауалдың туындауы заңдылық. Лайым екеуі де болма, елдің данасы бол, жастар өзіңнен ғибрат алсын.
Жетісай ауданын басқарып отырған Мұратбек Қадырбекті: «Шөкеевтің шекпенінен шыққан сегізінші әкім» деп оның момындығына, мамандығына тиісіп, кабинетінен шықпайды, елді мекендерді араламайды, көптеген қолайсыздықтарға тап болып жатыр, есеп-қисабын қарық қылмайды деген пікірлерді үйіп-төгіпсіз.
Ауылдарды араламайды, жергілікті тұрғындармен жолықпайды деген сөздерің нағыз жаланың өзі. Бір айдан бері ауыл округтарын аралап, тұрғындарды қабылдап, Жетісай қаласының көшелерін де, базарларда адамдармен емін-еркін сөйлесіп, олардың сын-ескертпелерін тыңдап жүр. Сізбен жолығу үшін әкім үйіңізге бару керек пе, соны қалап тұрсыз ба? Айрандай ұйып отырған ынтымақты бұзатын, ел ішіне іріткі мен жік түсіретін мақалалар жазу ұстанымы қай қаламгерге болса да абырой алып келмейтінін ұмытпаңыз.
«Басқа жерде қайдам, Жетісай ауданының әкіміне жолығу АҚШ Президенті Джо Байденнен бата алғаннан қиын» деп қара қазандай өкпеңізді айтыпсың. Неғыласын кәпірдің батасын, одан да көп жасаған, көпті көрген қазына қарияларымыздың батасын алып, жүре берсейші. Оның үстіне бата үшін ит арқасы қиянда сонау АҚШ-қа барыпты деген қазақты естіген емеспіз. Ал аудан әкімінің есігі барша тұрғындарға ашық, сіздің кіре алмай қиналып жүргеніңізді түсінбедік. «Аудан әкімдігіне бас сұқсаң күзетте тұрған еңгезердей жігіттер байлаудан босанып бас салады» депсіз мақалаңызда. Бүйтіп аузыңызға келген сөзді айта бермеңіз, еңгезердей жігіттер байлаудан босанатындай төрт аяқты ит емес қой, кәдімгі өзің секілді екі аяқты адам. Олар әкімшілікке келген адамдардың кіріп-шығу тәртібін қадағалап отыр. Шет елдің барлық мекемелерінде, ірі сауда орындарында, қонақ үйлерде, кооперативтер мен фирмаларда да күзет бар. Қазақстанда да солай, міне бұл – тәртіп. Сөздің шыны керек, саған ұнамайды екен деп тәртіп сақтауға қызмет жасап жатқан күзетшілерді ешкім жұмыстарынан қуып жібере салмайды. Оған ренжімеңіз.
«Жетісай» өлі тыныштық құшағында жатыр» деген сөзің барша жетісайлықтардың намысын аяққа таптағандық. Өлі деп нені айтып отырсың? Көзіңізді тас жұмбастан ашсайшы, бітеліп қалмаған шығар. Көкірек көзіңді оят, сонда барып көре аласың Жетісайдың жетістіктерін. Осы сөзің үшін кез келген жетісайлықтардың сенімен соттасуына болады. Іс насырға шаппасын деп тіле, шапса, халықтың намысын заң жолымен қорғауға білек сыбанып кірісетін сауатты азаматтар арамыздан лек-легімен шығады. Сен жар салып отырғандай «Жетісай» өлі тыныштық құшағында жатқан жоқ, тірі, мұндағы өмір қайнап жатыр.
Жетісай ауданының қарқынды дамып жатқанын көре алмасаңыз, оған өзіңіз айыптысыз. «Жұрттың Ыбырайы-Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай деген ойда қаласың» деген ойыңыздың өзі «сұмырай» пікір. Мұнымен не айтпақшы едіңіз, ойыңыздың төркіні аудан әкімін «сұмырайға» теңеу ма? Ақыл-есіңіз кем емес, толық, атпалдай басыңызбен мұндай сөздерді жазуға қалай дәтіңіз барды. Болар елдің баласы бірін-бірі батырым деген ғой, ал сен болсаң не деп тұрсың? Саған Мақтаарал ауданның Құрметті азаматы атағы берілген екен, ендеше ел құрметтеген азаматтың «сұмырай» деген құны арзан сөзді қарапайым мысал ретінде қолдана салуын ешкім мақұлдай қоймаса керек.
Сенің мамандығың қандай өзі? Агроном емес шығарсың, бірақ аудандағы шаруашылық жағдайды жетік білетін, қандай ақыл-кеңес керек болса менен сұраңдар дегендей данышпандық көрсетіпсің. Абай, Қызылқұм, Мақталы, Атамекен, Жылы су, Атамкен ауылдық округтардағы шаруалардың көбісі жерден жылына екі реттен өнім алып жүр. Енді осы кері кеткендік, дамымай қалғандық па? Көптеген жылы жайлар салынды, диқандар жердің сен айтып отырған потенциалын барынша пайдалануда. Ауыл шаруашылық техникаларының 90 пайызы жаңарған. Оны неге көрмей жүрсің?
«Мақта шаруашылығының даму деңгейі өткен ғасырдың 70-ші жылдардан да кейін кеткен» депнық сеніммен өзіңше тон пішіпсің. Осы пікірді айтудан алдын тиісті мамандармен, диқандардың өздерімен сөйлесіп алғаның дұрыс болар еді. Ералиев ауылдық округіне барсаңыз мақта егудің озық үлгісін көре аласың. Аудандағы бірнеше шаруа қожалықтары элиталық тұқымдық шит өндірумен шұғылдануда. Жиналған мақтаның 90 пайызы комбайндардың үлесінде, қол күші жылдан-жылға қалып барады. Шаруашылықтар дамып, алға жылжуда, ал 70 жылдардың деңгейінде қалып қойған сенің ойың-ау.
Жыл сайын осы үш ауданда Балтық жағалауы мемлекеттерін, Ресейдің Сібір аймағын қамтамасыз ете алатын қауын-қарбыз өндіріледі екен. Көкөністің бірнеше түрі өзімізден шығады, азын-аулақ басқа жақтан келетіндері де бар. Шүкіршілік, көкөніс өнімдері ауданымызда жеткілікті. Шамасы, бұдан хабарың жоқ-ау. Бұлай ауызды қу шөппен сүрте берме, ыңғайсыз күйге қаласың.
«Кәсіп ашудың «классикалық» үлгісін Жетісайдан үйренсе болды» деп кекетіп, мұқатыпсың. Жетісай – Қазақстанның, оның ішінде жергілікті халықтың Жетісайы, сол көпшіліктің ішінде сен де барсың. Шындығына келгенде кәсіп ашу мәселесі бойынша Жетісайдан алатын үлгі мен өнеге көп. Үйреніңіз, ісіңіз дереу алға басады. Міне бұл капиталистік өмірдің даму классикасын өзгелер Жетісайға келіп үйренсе болады. Оған неге шамданасыз?
Көлік жуу орындары күндіз-түні жұмыс істесе жаман ба, қайта жақсы емес пе? Демек, кәсіпкер уақытпен санаспай халыққа қызмет жасап жатыр. «Кәсіпкерсымақтар» деп олардың намыстарына тигенің орынсыз. Сіздің ойыңызша олар ауыз су құбырын пайдаланбастан артезиан құдығын қазып алу керек екен. Өз алдарына артезиан құдығын қазып, көлік жуумен шұғылданып жатқан кәсіпкерлер қай мемлекетте бар өзі? Мына «тәжірибеңізбен» бұрын құлақ естімеген жаңалық аштыңыз ғой. Күтейік, таяу арада оған да жетіп қалармыз.
Мақалаңызда жазылған: «… тұрғындардан, депутаттардан аудан әкімінің атына арыз-шағымдар айтылған. Бірақ «зымырантастағышы» мықты әкім мұндай майда-шүйда нәрсеге мойын бұра бермейді» деген жолдардағы «зымырантастағыш» сөзімен кімді меңзеп отырсыз? Мына жазбаларыңмен әкімге қарай «зымыранды» өзің ұшырып жатқаныңды білмейді емес, жұрт біліп тұр. Кенеттен әмірлік иесі бола қалсаңыз аудан әкімін солқылдақ шыбықпен айдап, басына әңгір таяқ ойнатып, құл секілді езіп жұмсаудан кет әрі емессіз-ау, шамасы. Бұл да сенің ойыңа қарай туындаған пікір.
БАҚ-да жарық көріп жатқан әрбір шығарма идеологиялық үгіт-насихат қызметін атқарады. Аудандық ішкі саясат бөліміндегі мамандарды екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтын шала сауаттыларға теңепсің. Сенің ойыңша ойсырап тұрған саланы аудан әкімі одан бетер ойсыратып тастаған көрінеді. Жап-жақсы жұмыс істеп жатқан әкімнің аяғынан шалып, жағасына жармаса салу үйреншікті «мақамыңыз ба» деп қалдым. Екі сөзіңіздің бірі әкімге тас лақтыру ғой. Бұл енді жастарды Отаншылдық рухта тәрбиелеудің сен көрсетіп отырған идеологиялық үлгісі осы ма? «Жас кадрларға кең жол ашып, белін буып берекелі іске жұмылдырса қане» деп жанашырлық танытасың. Онда неге облыс әкімі сенім артып, белін буып, жас кадрға ашып берген кең жолдың қақ ортасында «бөрене» болып көлденең жатырсыз?Мынадай идеологияңызбен көсегеміз көгермейді, жас кадрдың «белбеуіне» тиіспеңіз. Ол тура жолмен бара жатыр, алған бағыты дұрыс.
Мақалаңыздан бұрын көз көріп, құлақ естімеген терминологиялық жаңа сөздерді оқып отырмыз. Дегенмен, бұл ісіңіз қазақ тілі ғылымын дамытуға қосып жатқан үлкен үлес. Бір орында отыра беріп шалбарларының арты ойылып кетті, ауыз жаласты, әлдекімдермен сөз байласып, сыбайластықпен өз жағдайларын жақсартып алды дей бергенше, білсеңіз ондай «директоромания» дертіне шалдыққандардың есімдерін атап айта салмадыңыз ба? Біздің де күтіп отырғанымыз сол еді. Мұның бәрі білім саласын ақсатып жатқан бейбастық болса, патриот екенсіз жанашырлық танытып, әкімнің алдына кіріп өз ойыңызды неге ашық айтбай жүрсіз? Бұл әрекетіңіз де әкімді ақсатудың бір амалы сияқты ғой. Егер де бәріміз қызметте отырғандардың шалбары ойылды ма, ойылмады ма деп аңди беретін болсақ, одан көсегеміз көгермейді.
Кешегі қаңтар қақтығысында Қазақстан халқының тыныштығы бұзылды. Осы қымбат құндылықтың шырқын Президентіміз орнатқан тәртіптің арқасында қайтадан тіктеп алдық. Сіздің ойыңызша шебер жазылған «идеялар генераторы» іспеттес мақалаңыз Оңтүстік өлкесінің гүлстаны деп айдар тағылған Жетісайды – «Жетімсайға» теңеп, әкімді кекетіп-мұқатып, оған деген қоғамдық теріс пікірлердің туындауына қозғау салып, саясаттан тысқары, күнделікті күйбең тіршіліктерімен алаңсыз өмір сүріп келе жатқан жергілікті тұрғындардың назарын жаңа дау-жанжалдарға жетелеп тұрғандай әсер етеді екен. Менің бұл мақалам «идеялардың қуатты генераторы» деп ойлап қалмаңыз. Ондай қате түсініктен арылыңыз. Негізінде, ынтымақ пен татулықтың, ағалық қамқорлықтың, береке мен бірліктің, мол ырыс-несібе табудың, өмірдегі бақыт жолын тура көрсетіп, бақталастық пен күншілдіктен аулақ жүретін идеялардың «генераторы» болғаныңыз бізге де, өзіңізге де, Жетісай халқына да жақсы еді.
Жері мырза, еңбекқор халқы бар Жетісай ешқашан жетім болмайды. Жетісайды – «Жетімсай» етемін деп өзіңіз «жетім ойда» қалып жүрмеңіз. Мейлі ыстық аптабы, мейлі бетті қаритын керімсалы мен үскірік аязы болсын тіршілік жасап, өмір сүруге арналған жердің қай мекені болмасын адам баласы үшін жәннат. Туған жерді жамандап қазақ ұлтының туын жығып алмайық. Мақсатымыз сенің сағыңды сындыру емес, сен де Жетісай жерінің, Жетісай халқының сағын сындырма! Айтқан ойыңа қарай біз де ой толғадық, оған қапа болмассың.