Жетісайдың мәсдептері мәселе шешіп жүр ме?
Бірден айта кетейік, біздің мәсдеп деп отырғанымыз – аты дардай, мүйізі қарағайдай, түкірігі түйме алтын, қақырығы құйма алтын, жаяу адам жатып, аттылы кісі түсіп сәлем беретін, биліктің бетіне тік қарайтын, кетілгенді демеп, жетілгенді жебейтін, ауыл үшін айқасып, қала үшін қырқысып, қатепті қара нардай халық қамын жеп жүретін жоғары мәртебелі жергілікті мәслихат депутаттары еді.
Мұндай ілтипат пен ықыласқа, сый мен құрметке, әсіребағалау мен асыра мақтауға лайықты болып жатса, қанеки, нұр үстіне нұр болар еді. Өмірлік тәжірибеде мүлдем басқаша: көзге қораш көрініп тұратын артық саусақ секілді пайдасы да, зияны да жоқ, мемлекеттік құрылымның босбелбеу тұсын бекітіп тұратын жай бір тетігі ғана.
«Жамбыл менің жай атым, Халық менің шын атым» демекші, мәсдептерді сайлаудың сыртқы формасында мін жоқ – аппақ, ал ішкі мазмұны іріп тұр – батпақ. Оларды аудан әкімі тағайындайтынын осы жұрт бес саусағындай біледі. Біледі де күледі. Жылағаннан емес, күлгеннен сұрасақ: демократияның «терісін» жамылып, бюджеттің қаржысын шашып, сайлау өткізіп шапқылап жүргеніміз көзбояудың классикалық түріне келіңкірейді. Әкім үміткерлерді үркітіп алмай, бірден ашық саудаға көшеді. «Алаған қолым береген» демекші әңгіме әкімнің ақ батасымен аяқталады. 2О19 жылы өткен Жетісай аудандық мәсдеп сайлауында мандат «ставкасы» 7 млн теңге болды деген сөз ел аузында желдей есіп жүрді. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды», бұл сөздің шындыққа жанасатынына шүбә жоқ. Мектеп директоры орынтағы 1О млн болып тұрғанда мәсдептердікі имантаразы екен-ау деген ой түйгенбіз. Тіпті бір үміткердің ұсынған үш «лимонына» қанағаттанбай кері қайтарған деген сөз де өрттей қаулаған болатын. Сайлаудың осындай сценарийлері көңілге күдік ұялатқаны былай тұрсын, мәсдептерге деген сенімді біржолата жуып-шайып жібереді. Бұл таяқтың бір ұшы, екінші ұшы: сатып алған атақтың абыройы, сұрап алған лауазымының беделі мен берекесі бола ма?
Атақты АҚШ президенті Франклин: «Менің елші болуым үшін заң бойынша ең кемі отыз доллар тұратын мүлкім болуы керек. Менің отыз доллар тұратын есегім бар. Мен елші болдым. Бірақ есегім өліп қалады. Мен енді елші бола алмаймын. Сонда біздің қайсымыз елші: мен бе, есек пе?», – деген екен. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей американың заңы бізге қол емес. Біз бәрін парамен шешуді үйреніп алғанбыз. Сол мәсдеп мырзалар: «Біздің қайсымыз депутат: мен бе, пара ма?» – демейді-ау. Пара бізде культ! Пара бізде бақыт! Пара бізде бірінші!
Жетісай аудандық мәсдеп құрама командасы 18 адамнан тұрады. 17 ойыншы, 1 хатшы тренер. Араларында аузынан ана сүті кеппеген, оңы мен солын таңып үлгермеген сарыауыз балапандар да, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жүргендер де бар. Мәсдеп дүниежүзіндегі ең кішкентай мемлекет – Ватиканға ұқсайды. Өзін-өзі басқарып, өзін-өзі асырап, ешкімге қол жайып отырған жоқ. «Бабаларым шоқ басқан табынымен, Бірдей екен жақсысы жаманымен» (Қ.Мырза-Әлі) дегендей, бір жақсысы – мәсдептер мәждеп ағалары сияқты бір миллион теңге айлық жалақы алмайды, баспана талап етпейді, бюджет қаржысы есебінен қымбат көлік мінбейді, ел сенімінен басқа түгі жоқ. Бір жаманы – ешқайсысы ештеңеге жауап бермейді. Жан күйдіріп жұмыс істемейді, өйткені үкіметтен ештеме алмаған соң, босқа арамтер болып, күш-қайратын сарқып қызмет ету не керек. Аузынан жырып елге не бере қойсын? Аудан әкімінен сұрап алған мандат пен кеудеге тағатын темір төсбелгі той төрінде жарқырап отыруға жарап жатса болғаны.
Қараша халық мәсдептерді жанашыр, дос санайды. Арыз-шағымына құлақ асып, қол ұшын созып, жығылғанға тіреу, сүрінгенге сүйеу болады деп үміт артып жүреді. Бірақ сол бәтшағарларыңыз ел сенімін ақтап қарық қылып жүрген жоқ. Айталық, Жылы су ауылдық округіндегі 5 елді мекенге ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары 4 жылға созылып, ауыл тұрғындары ауыз судан тарығып отырғанда, бірде-бір мәсдеп төбесін көрсеткен жоқ. Осыдан кейін олардан не үміт, не қайыр демеске, лажың жоқ. Данышпан Абай өзінің отыз жетінші қара сөзін: «Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың; басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың», деп осы мәсдеп достарымызға арнап айтқандай көрінеді.
Обалы нешік, мәселе көтеріп маңызды сауал жолдап жататын мәсдептер бірен-сараң болса да бар. Айталық, бір депутат аудан әкіміне сауал жолдап, Жетісай қаласында сайда саны жоқ көлік жуу орындарын ашып алған кәсіпкерсымақтарды сынға алды. Кәсіп ашқандар көп қиналып жатпай, шланганы орталықтандырылған таза ауыз су құбырына жалғап жіберіп, күні-түні тоқтамай көлік жуады. Обал-ай, қаншама таза су ысырап болып жатады. Егер сол пысықайлар өз алдарына артезиан құдығын қазып алып, пайдаланып жатса, ешкімнің өкпесі болмас еді. «Дайын асқа – тік қасық» дегеннің кері ғой. Мәсдептің жолдаған орынды сауалын елеген ешкім болмады.
Халықтың қамын күйіттеп, күйіп-пісіп жүретін мәсдептерге көтеретін мәселе көп. Мысалы: оқушылардың жазғы сауықтыру лагері; ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, білім саласындағы былық; өндіріс ошақтарын ашу; мемлекеттік тұрғын үй қорының жұмысы; Жетісай қаласындағы мал базарының ветеринарлық- санитарлық жағдайы; жекенің малына жайылымдық жер қарастыру; күн сайын шарықтап бара жатқан азық-түлік бағасын тұрақтандыру, т.б. толып жатқан мәселелердің тізімін соза беруге болады.
Ұлт болашағын ойлаған ұлы ақын Мағжан: «Мен жастарға сенемін» деп, жүрекжарды тілегін айтып кеткен болса, біздің «Мен мәсдептерге сенемін» деп айтуға аузымыз бармайды. «Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік?» деп өзінің жиырма екінші қара сөзінде кемеңгер Абай күрсінген екен. Біз де осындай көңіл күйде отырмыз.