Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:10, 29 Тамыз 2023

Жетісайлық кадрлардың «балалық ауруы» асқынып тұр

None
None

«Бәрін кадрлар шешеді» деген қанатты сөзге  құлақ асуға болады. Қызметін ұршықша үйіріп, адал атқаратын, ақыл-ойы ақаусыз азаматты осы жұрт алақанға салып, төбесіне көтереді.

Әрине, мұндай ыстық ықылас пен сый-құрмет кадрлардың бәріне бірдей бұйыра бермейді: бірін – «жұтып» қойып, жалаулатып жанына жақын тұтады; бірін – түкіріп тастап, түкке тұрғысыз етеді.  Ел сүзгісі ежелден осындай.

Жетісай жерінде жүріп жататын кадрлық ауыс-түйістерге қарасаңыз, аудан – кадрларды сынақтан өткізетін әлеуметтік-идеологиялық алаңға айналған.  Ұшып-қонып жүретін кадрлар үшін таптырмас трамплин тәрізді. Қайдағы бір қадірсіз кадрлар аяқтары аспаннан салбырап түсе қалады.  Көлденең көк аттылар көсегемізді көгертпейтінін білсек те, тіс жармаймыз. Бәрін айналып кетейін конкурстық комиссия шешіп қояды. Істің көзін білетін, қабілеті жоғары, талғамы биік талантты адамға тосқауыл жоқ, әрине. Керісінше, оңы мен солын айқын ажырата алмайтын,  бас-көзге қарамай шаба жөнелетін,  кейін қою шаңға көміліп көзге көрінбей кететіндер көп. Осы Жетісайды басқарған әкім Мұрат Қадырбек тек жүрсе тоқ жүретінін біліп, екі жыл тып-тыныш отырып, түк бітірмей, сенатор болып кеткен.  Осылайша, әкімдер келеді, кетеді, ал Жетісай бір орнынан жылжымай, міз бақпай тұра береді. 

Жақында аудан әкімінің орынбасары болып Марат Айнабеков тағайындалды.  Мейлі ғой, қызметті ешкімнен қызғанбайсың. Бағы жанып, бабы келіп тұрса қызмет көркін неге кіргізбеске.  Сезіктеніп отырған себебіміз, сол Айнабековтің анкетасына көз жүгіртсеңіз, не жыларыңызды, не күлеріңізді білмейсіз. Жылағанның көзі жаман, күлгеннің сөзіне құлақ асып көрейік.

Су жаңа жас орынбасар еңбек жолын 2ОО9 жылы бастап, бүгінгі күнге дейін 14 жыл ішінде 17 рет қызмет орнын ауыстырыпты. Мәссаған!  Неткен жанкештілік, неткен қызметқұмарлық, неткен өлермендік десеңізші. Гиннестің рекордтық кітабына  тіркеуге тұрарлықтай  жетістік қой.  Атағынан ат үркетін қызмет орнын іздеп шықпаған төбесі қалмапты.  Мұның бәрін аз десеңіз,  қызмет қуып жүріп 3-4 жоғары оқу орнының қатырма көк қағазын қалпақпен ұрып алыпты. Марко Полодай болмағанмен, талай жердің дәмін татыпты.  Жайлы қызмет, жылы орын іздеп жалықпаған, оқудан бір сәт қол үзбеген Айнабеков бәріне үлгеріп жүріп, қызмет атқарып, қарық қылмағанға ұқсайды.  Жапондар ойлап тапқан ең соңғы үлгідегі заманауи роботтардың өзі  Айнабековтің алдында жіп есе алмайды.  Қайтсем де әкім боламын деп әлекке түсіп жүрген орынбасарға жаның ашиды. Қаншама қызметтің құлағын ұстаған адамға  обал ғой.

Кадрларды іріктеп, таңдап, сүзгіден өткізіп барып шешім қабылдайтын конкурстық комиссия Айнабековті айналып өтіп кеткенге ұқсайды. Әйтпесе, бір орнында тұрақ таппайтын кадрдың «балалық ауруы» асқынып тұрғанын көрер еді ғой. Осындайда жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Көрген-баққанынан» оқығанымыз еске түседі. Бір топ үйрек ұшып келе жатыр екен, алдарынан сұңқар шығып: «Ей, қайда ұшып бара жатырсыңдар?» – деп сұрапты. Үйректердің көшбасшысы: «Мына көл сасып кетті, ана  бір көлге бара жатырмыз» депті.  Сонда сұңқар: «Мына көтендерің аман болса, ол көлді де сасытасыңдар ғой», – деп бұрылып, биікке самғап ұшып жөнеліпті.

Жетісайдағы кадрлық ауыс-түйістің жырын айтып  тауыса алмайсыз.  Соның тағы бірі: Жетісай қаласында әкімді сайлау науқаны айтарлықтай тартысты өткен еді. Бәйгеге ат қосқан қала әкімі  Тұрышбек Елшібаев сенім үдесінен шыға алмай, халық ұнатпаған соң қиын екен, «құлап» қалды.  Сонымен, қызметімен қош айтысқан Елшібаев ескерусіз, елеусіз, ешкім болмай қалған еді. Жо-жоқ, олай демеңіз. Әлдебір «зымырантасығыштар» экс-әкімнің қас-қабағына қарады ма,  қалтасына  қол салды ма, қайдам, жайсыз жатқан жерінен жұлып алып,  аудан әкімінің орынбасары қызметіне қадап қойды. Апыр-ай, ә, дерсіз. Ақордадан алыста жатқан ауданда жүріп жататын мұндай кадрлық «спектакльдерге» таңданбай-ақ қосаңыз болады.

Жетісай ауданы әкімінің орынбасарлары осындай жанкештілік танытып жатқанда, алдыңғы арба – аудан әкімі Серік Мамытов қалай осал болсын. Ол шіркініңіз еңбек  жолын 2О15 жылы бастап, небір «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, бүгінгі күнге дейін 8 жылдың ішінде қызмет орнын 9 рет ауыстырыпты. Неткен «еңбекқорлық»! Жыл сайын жаңа бір қызметтің құлағына жармасыпты. Сыйынғанынан сүйенгені күшті ме, қайдам, өлермендікпен өсіп, бүгін бір ауданды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отыр. Сол әкіміңіз жаңа қызметін Жетісай жерінде қаулап өсіп тұрған жыңғыл ағаштарымен күресіп бастаған еді. Бүгінде ет қызуы қайтқан ба, қалай, қоңыр салқын кабинетінен шықпайды, көптің көзіне түсе бермейді. Анда-санда ел алдына шығып есеп беріп тұратыны болмаса.  Онда да көмекшілері дайындап берген баяндаманы ежіктеп, тұтығып, тоқтап, қайталап, әрең оқып шығады. Есеп болғанда қайбір есеп дейсіз, көзбояушылыққа көміліп тұрады: цифрларды сөйлетіп, бар-жоқты сапырып, майда-шүйдені мақтанышпен айтып, мезі етеді. Атқарылмаған істерді айналып өтіп, «өйтеміз, бүйтеміз» деп, жұрттың сілесін қатырады.

Ауданда күйіп тұрған мәселелер көп болғанымен, оған бас қатырып жатқан әкімді көрмейсіз. Басқасын айтпағанда, Жетісай қаласында салынып жатқан 4-5 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы 3-4 жылдан бері тоқтап тұр. Бұл «мәңгілік» мәселеден әкім мүлдем бейхабар сияқты, өйткені сақалды құрылыс жайлы жақ ашпайды.

Көз ашқалы биікке беттеп, төбешіктерден түспеген әкім Мамытовтың Жетісай жұртына жаны ашымайтын тәрізді. Аудан өміріне етене араласып жүретін ірі кәсіпкер Зиядин Ахметовтің ешкімге алақанын жаймай, жүз миллиондаған өз қаржысына Жетісай қаласының бір шетіне жағажай мен мал базарын салуды қолға алып, құрылысты қызу бастап кеткенін әкім құп көрмей отыр. Кәсіпкердің қаржысын ел игілігіне жаратып, қолдау көрсетудің орнына тобықтан қағып, аяқтан шалып, шатқаяқтап, ықылас танытпай, ырық бермей отырғанына «апам да аң-таң, біз де аң-таң».  Не шықса да Жетісайдан шығады: президент саясатын көзге ілмейтін әкім де. Бүлдіріп жүретін кадрлардың бойындағы асқынып тұрған «балалық ауруларын» ауыздықтайтын ем-дом шаралары әл-әзірше табылмай тұр.

Біздің айтайын дегеніміз, атқа мініп асқақтап жүрген әкімқараларымыз – ішінде дәнегі жоқ жаңғақтың жарылғанда ұятқа қалатынын біліп, қызметқұмарлық аранын тежеп, парасат биігінен қараса жөн болар еді.

Махамбет Сапармұратов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Түркістан облысы

Тегтер: