Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 31 Мамыр 2023

Жетісудағы ашаршылық

None
None

Тарихшылар Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болған Тұрар Рысқұлов И.

Сталинге бес мәрте хат жазған дейді. Әр хатта қазақ ауылдарының ахуалы егжей-тегжейлі баяндалған. Соның бірі –Бүкіләлемдік коммунистік партия Орталық комитетінің ауылшаруашылық бөлімі, Кагановичке, КСРО  Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Молотовқа жолданған, 1933 жылы 11 наурызда жазылған хаты. ОГПУ дерекнамасына сүйене отырып елдегі ахуалды тізген Тұрар Рысқұлов Көк теңізді жағалай қонған жетісулықтар туралы былай дейді: «… Балқаш ауданында (Жергілікті ОГПУ мәліметі бойынша) 60 мың халық тұратын еді, 12 мыңы көшіп кетті, 36 мыңы қаза тапты, қалғаны 12 мың ғана адам. Қаратал ауданында былтырғы қыста күшпен қоныс аударған үш ауылдың тең жарым халқы аштан қырылып қалды. Сол ауданда (ОГПУ мәліметіне сәйкес)  желтоқсан айы және қаңтардың алғашқы 10 күнінде (1933ж) 569 адам аштықтан өлген. Нақтылай түссем, Үштөбе стансасы, Қараталқұрылыс пен күріш совхозының алаңқайында 300-ден аса адамның мәйіті теңкиіп жатыр...»       

          Бұл хат президент архивіндеғі 141-қор, 1-тіркеме, 6403-істе сақталған екен. Қасіретті күйі Сталинге дейін жеткен Қаратал өңірі ол кезде он ауылдық кеңеске бөлінетін, орталығы – Қарашеңгел ауылы. Оның құрамына түкпірдегі, осы күні Байшегір, Көпбірлік ауылдары орналасқан аймақ енбеген, олар Бөрлітөбеге қараған. Сол он ғана ауылдық кеңесі болған алақандай Қаратал ауданы туралы құжаттар жетерлік. Арғы беті балығы тулаған Балқаш, ортасында жарқырап Қаратал ағып жатқан, нуының ішінде аң-құсы мол өңір неге мұндай алапат аштыққа ұшырады дегенде сәл шегініс жасауға тура келеді.

          1916 жылғы көтеріліс, азаматтық соғыстағы алым-салық титықтатқан  қазақтар қынадай қырылған. 1919-21 жыл аралығында ел аумағында 1 миллионнан аса отандасымыз аштан қырылғаны белгілі. Бұл аштық Жетісуда 1917 жылы басталып кетіп еді, бір қыста 100 мыңнан аса адам қаза тапқанын алаш қайраткерлері жазып кетті. Жетісудың Демікпе, Сатылы сынды асулары шекара асып, жансақтасақ деген босқын қазақтың шашылған сүйегінен ағараңдады. Осы тұста Талдықорғандағы архивтен табылған ереже туралы айта кету керек. Ол ереже Жер бөлу бөлімінің  (Облотзем) 1920 жылы 26 тамызда шыққан №76 бұйрығына негізделген. Оның бірінші тарауында:  1. Жетісу облысының аймағында Облыстық Еңбек Қоғамының Дұрыс Аңшылық ұйымына мүше адамдарға ғана аң аулауға рұқсат етіледі, қалған азаматтарға ондай рұқсат жоқ, – делінген. Екінші тармағында: 2. Аң-құсты тұзақпен, аумен, тормен, қармақпен, қақпанмен, итпен, бүркіт, сұңқар, қырғимен, т.б. жолмен аулауға тыйым салынады. 

Міне, аштық жалаңдап тұрған кезде құмда отырған халық есігінің алдында жүрген қоянды қағып жеуге зар болған. Ереже бойынша құс ұясынан жұмыртқа алуға рұқсат жоқ. Ал қазақты отырықшылық өмірге көндіреміз, жер еміземіз деп көне жолдан жаңылдырып, бір сәтте алдындағы малын алудың азабы бұдан асып түсті. Ленинград пен Мәскеу аяғынан тұрып жатқан кезеңде жылқы үйірімен, қой отарымен Ресейге жөнелтілді.  «Ленмясо», «Мосмясо» бөлімдері тасымалдайтын өнім көлемі Түрксіб теміржолы салынған соң тіптен көбейді. Индустриализация, өркениет деген ұранды былай қойғанда теміржол қазақ мойнына түскен бұғалықтай еді. 

      «Қазақтардың қонысынан көшуі мен шаруашылығының шайқалуына негізгі себептердің бірі — мал басының кеміп кетуі. Мен 1932 жылы 29 қыркүйекте сіздің атыңызға жазған баяндау хатымда Қазақстанда мал басы азаюының салдарын егжей-тегжейлі ашып көрсетіп, оны қалпына келтіру шараларына тоқталған болатынмын. 1932 жылы ақпан айында жүргізілген (екінші рет қайта тексерілген) бүкілодақтық мал санағының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда 1928–1929 жылдардағы 40 млн бас малдан санақ кезінде 5 397 мың бас қана мал қалғаны, яғни мал басының 85,5 пайыз кеміп кеткені анықталды» – дейді Тұрар Рысқұлов  Сталинге жазған хатында. 2 жылда тігерге тұяқ қалмады деген осындайда айтылса керек. 2 жылда қазақ даласында тігерге тұяқ қалмауына ауқаттыларды кәмпескелеу кампаниясы және ұжымдастыру шаралары зор себеп болды. 1931 жылға дейін комсомолдың қиқуының күшімен, ОГПУ мылтығындағы істіктің ұшымен Қазақстанда 78 аудан құрылып, халықтың 70 пайыздан астамы шаруашылықтарға кіргізілді. Көнбей көтеріліске шыққан мыңдаған адам сотталған, 883-і ату жазасына кесілген. Дәл осы жылдары Жетісуда көтеріліс өте көп болғанын, аз уақыттағы 372 көтерілістің басым бөлігі дәл осы өңірде өткенін 1929-31 жылдардағы оқиғаларды зерттеген тарихшы Талас Омарбеков талдап жазды.  Халық «Кеңес үкіметін құлатамыз!» деп, дүркін-дүркін атқа қонған, соның өзінде Жетісу көтерілісі деген тұтас ұғым Қазақ тарихында әлі жоқ. Шұбар, Балқаш, Ақсу-Бүйен, Қаратал көтерілістері дегендей ұсақтап бөліп, айтып келеміз. Бұл қазақ халқы большевиктерге қарсы болмаған, ұсақ-түйек бас көтеру ғой деген қызыл кезеңдегі саясаттың ықпалы еді, уақыты келгенде арылармыз. Сол сәт туғанда халықты бастап шыққан Құндақбай Төлендинов, Қанапия Мұқұшев, Молданазар Ноғайбаев, Омарбек Еркінбеков, Бейсебай Қылиев, Арнай Сарыбасовтар өз бағасын алар.  

Ал үркіншілікке келер болсақ, 1931 жылдың 27 ақпанында ҚССР аумағынан көшкен халық туралы арнайы мәлімет түзілген. Президент архивіндегі 141-қордан алынған ол дерекнамада 1930 жылдың көктемінен бастап 1931 жылдың қаңтарына дейін, яғни 9-10 ай ішінде 34577 шаруашылықтың ел ішінде, РСФСР аумағына, көбі Орта Азия елдері мен Қытайға ауа көшкені жайлы  айтылады. «Байлар 1014 шаруашылық, орташалар 1817, кедейлер 2167, колхозшылар 54 шаруашылық, тапқа бөлуге келмейтіндер 29525» делінген құжатта.   

Осы жерден толық емес мәлімет бойынша 1930 тек Алматы, Семей округтерінен 2638 түтін қазақ ауылдары Қытайға көшіп кеткенін біле аламыз. Оған қоса шекараға жақын жатқан Малайсары ауданынан (қазіргі Кербұлақ) 92 шаңырақ,  12-13-ауылдар толығымен көшіп кеткенін, Қаратал, Күршімнен 40 шақты түтін құтылып, кардон өтіп үлгерген.

          Бұл мәлімет тәркілеу басталған 1927-28 жылғы жағдайды көрсете алмайды. Тұрар Рысқұлов 1929 жылғы санаққа сүйеніп, 5 миллионнан аса мал бар деп еді. Ал 1989 жылы 16 қаңтарда КСРО жоғарғы Кеңесі 30-40 жылдардағы, 50 жылдардың басы шеніндегі қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың қосымша шаралары туралы Жарлық шығарған соң Қазақ ССР  Жоғарғы Кеңесі комиссия құрған. Соның есебінде 1928 жылы 6 509 000 ірі қара болса 3 жылда соның 965 мың басы ғана қалғаны айтылады. 3,5 млн қой, 1 млн жылқы үш есеге кеміген. Халық үкіметке сол кезден бастап жаппай  қарсы шыққан. 1928 жылы тізімге ілігіп, дүниесі тәркіленген Шалтабай Құдайбергенов, Сматай Әрсековтер Алматының арғы беті, Қоңыртөбеде көтеріліске шыққанда бергі бетте Құндақбай, Омарлар бастаған қарулы жігіттер қарсылық көрсетіп жатыр еді. Бізге белгісіз жанкешті ерлер қаншама, мәселен, архивтегі деректерде Балқаш ауданында топ бастап шыққан Қоспантай Айнабеков, Бектай Сәмбетов деген «бандылардың» 1931 жылы қатты қарсыласқаны айтылады. Әуелде олардың жанында 25 жігіт қана болса сол жылдың қазан айында қарулы көтерілісшілер саны 158 адамға жетеді. Ерікті милиция жасағы бұларды қолға түсіре алмаған, Қоспантай бастағандар шекара асып кетеді. Одан кейінгі тағдыры беймәлім. «Ашиды жаның, қайнайды қаның» тек жаужүрек ерлерге ғана емес, қаламгерлерге де тән  ұстаным болған.  Бейімбет Майлин – Жолаушының 1931 жылдың 9 наурызында  «Еңбекші қазақ» газетіне басылған  «Үштөбе стансасындағы ұлы орыстық шовинизм» деген мақаласын зерттеген кезде жазып едім («Орыс шовинизмі өршіп барады»: Майлиннің мақаласы табылды» Жетісу газеті, 23.05.2019 жыл),  аштық қысқан қазақтар Үштөбе сағалаған сәтте итқорлықты бастан өткерген. Осы хабар Алматыға жеткенде Бейімбет Майлин тексеріп, мақала жазған. Содан бір-екі үзінді келтірейін: «… бірде Карнецкий ешқандай себепсіз «бізге тіл түсінбейтін мақұлықтың түк керегі жоқ» деп боқтап, Өксікбаевты (машинист көмекшісі – авт.) паравоздан лақтырып жібереді. Ит, шошқа деп балағаттап, Тасқаев дегенді де лақтырыпты, анау етбетінен түскен...  Фердман деген машинист Көккөзов деген қазандықшы қазақты сабап, айдалада отарбадан түсіріп кетеді, станса бастығы Чернышев деген «Итте болғанша, иесінде болсын» деп Көгенов деген қазақтың пальтосын сыпырып алып, орыс теміржолшыға кигізеді; Теміров деген жұмысшы бұранда бұраудан қолы үсіп, жақын жердегі үйшікке кіріп жылынады, ол жерде жайланып отырған орыс жұмысшы мұны жақтырмай сабап, темірмен ұрып, Теміровтің тісін қағып алады...». Бейімбет Майлиннің бұл мақаласын отаршылар орысшаға аудартыпты. Ол нұсқа Президент архивінде  сақталып тұр. (719-қор, тір. 3-719, іс 188)

Аштық азабы өткен халық теміржол бекеттерін паналасақ аман қалармыз деп көп қорлыққа көнген, өйткені егістікпен айналысқан ауылдарды НКВД жендеттері қатты қысып тұр еді. Қамбадағының түбін қағып алып жатты.

Қаратал ауданындағы күріш совхозы астықты қасақана жасырды деген қыспаққа қалады. Президент архивіндегі 141-қордағы аса құпия құжатқа  қарасақ  1931 жылы 28 қазанда Алматыдан Мәскеуге тікелей желі арқылы хат жолданған. ОГПУ басшылары Акулов пен Мироновқа деп көрсетілген хатта: «Қаратал күріш совхозы 631 центнер күрішті жасырып қалған… Жергілікті халық масақ теріп, күніне екі пұт дән алып жатыр. Колхоздарға маяны қайта тартқызып жатырмыз… Бидайдан д  тұқымға деп артық 1000 центнер алып қалған. Сөйтіп, нан өткізу жоспарын 5557 центнерге ғана орындаған. Қоймада 8539 центнер бар екен. Кінәлілерді жауапқа тартып жатырмыз» делінген. Сөйтіп, тұқымға деген дәннің де біраз бөлігін, бәрін сыпырып алған. Бұл құжаттың көшірмесі «Коррупция» деген белгімен Голощекинге жіберілген.

Енді 1932 жылы 14 ақпанда КАЗКРАЙСОЮЗ-дан прокурорға жолданған құпия құжатқа зер салайық. Онда Қаратал аудандық тұтынушылар одағының жабайы аң-құс етін дұрыс өткізбегені баяндалады. Орталық тек малдың емес, даладағы тағының да етін алдырған. Екінші азат жолында: «АТО бұл тапсырманы орындауға кірісе қоймаған секілді, немесе біздің тапсырмамызды орындауға құлықсыз. Бұндай қылығы үшін жауаптыларды жазалап,  Етшикізат дайындау (Мясживсырье) Бірлестігіне хабарлаңыздар», – дейді директор Джандосов пен орындаушы Гусев. 1930 жылы Совет одағы жабайы аң-құстың етін дайындауды орталықтандырып жүзеге асырған, бұл хат соның көрінісі. Мысалы, 1930 жылы Одақ аумағында 149 тонна тағы еті әзірленген, оның 25 тоннасы қоян, 123 тоннасы доңыз, 1 тоннасы аю еті. 1931 жылы бұл көрсеткіш 3998 тоннаға жетіпті. Осы есептің ішінде қазақ даласынан жөнелтілген орқоян мен еліктің де еті бар. Қолдағы мал мен түздегі тағының етін осылай жөнелтіп жатқан уақытта Қаратал ауданына қарасты Құрамыс кеңесінің төрағасы Бейсембинов деген азамат «Ауылдастарым аштан қырылып жатыр» деп Сталин мен Голощекинге хат жолдаған. «Жетісу» арнасының «Архивтегі ақиқат» хабарында көрсетілген, Алматы облыстық архивінен табылған бұл құжаттағы адамның арғы тағдыры әлі зерттелуде. Бейсембиев Ба. деп қысқарта қол қойған төрағаны танитын, оның арғы тағдырын білетін қариялар табылмай тұр. Алматы облысының ОГПУ-ы тұтқындаған председательдер арасында Бейсембиев Бауберик деген адамның аты-жөні бар. 1906 жылы Шу ауданында дүниеге келген. Кейін Алматы облысының ауылында басшы болған, қай ауыл екені жазылмапты.

Мүмкін осы кісі, мүмкін ол емес? Бұл Бейсембиев 1933 жылдың 14 наурызы күні РСФСР ҚК 58-7 бабы бойынша – контрреволюциялық әрекетке барып, большевиктер билігіне нұқсан келтіргені үшін 10 жылға сотталыпты. Дәл осы уақытта анығы, атақты «Бесеудің хаты», «Алтаудың хаты»,  «Тұрардың Сталинге жазған хаты», Шахан Мусиннің жырмен жазылған хаты дегендей көпке аян ақиқат толы жазбаларының қатары толығып, елдегі жағдайды жасырмай, жендет мылтығынан жасқанбай жазған тұлғалар қатарына Бейсембиев деген беймәлім тек те еніп отыр. Ақиқаты ашылып, тағдыры аян болар...

          Бір ғана ауданның құжатын тізе жазғанмен, бұл тұтас қазақ даласына ортақ көрініс болатын. Қазіргі Жетісу облысының аумағында зерттелмей жатқан, құпиялы жер әлі де баршылық. Ескелді ауданындағы Шымыр ауылының ортасында тұрған ескерткіш аштан өлген көп халықтың ортақ қорымы. Жергілікті тұрғындар ой-жырада шашылып жатқан көп сүйекті жинап, белгі қойған екен. Жүзден аса адам жерленген делінеді. Марқұмдар қай ауылдан босып келді, кімдер? Белгісіз. Ақсу ауданына қарайтын  Сағабүйен ауылының тұсында жетімдер моласы бар. Кезінде Сталин ұжымшары атанып, бес ауылды біріктірген Сағабүйенде интернат болған екен. Сол жердегі 98 бала өзекжалғар таппай көз жұмған. 1930 жылғы Жетісу көтерілісі кезінде ұсталған, атылған, шекара аса қашқан адамдардың балаларын осында жинаған деген сөз бар.  «Балапан басына,  тұрымтай тұсына болып» ауыл халқы ауа көшкенде интернаттағы қорғансыз жетімектердің хәлі мүшкіл болып, үзіле беріпті. Олардың әрқайсысын Нұрмұхамбет Тұрғынбаев деген мұғалім ауладан жер қазып көмген екен.

Аштықтан өзі әзер аман қалған, шәкірттерінің біразын сақтаған мұғалім қанша баланың аштан өлгенін ауылдастарына сыбырлай айтып жүріп, 1990 жылдары қайтыс болыпты. Жаназасы шықпаған жетімектердің зарлы үні беріге дейін естілетін, 2002 жылы Еркежан Әкімқызы деген адам Құран оқытып, басын қарайтқаннан кейін ғана  марқұмдар тынышталды дейді ауыл тұрғындары. Қай ауылдың балалары, кімнің тұяғы екені белгісіз күйі топырақ  жапты? Бұл да зерттеп, ақиқатына жететін дерек.

          Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік комиссия есебіне сүйенсек, саяси-қуғын сүргін кезінде жапа шеккен адамның саны 300 мыңнан асып кетті. Ашық дереккөзіндегі тұлғаларды тізгенде сотталған, атылған жетісулықтардың ұзын санын тізгенімде 4000 адамнан асты. Бұлардың қатарына Алтынемелдің басында, Демікпенің құзында, Қорғастың шатқалдарында сүйегі шашылып қалған, арғы бетті паналап, елге орала алмай өксумен өткен мыңдаған адамды қоссаң, репрессияның бір өңірге келтірген кесапаты, қазақ жүрегіне салған жарасы  айқындала түседі.

          Алматы облысына қараған кезде халық Жаңалықтағы мұражайға барып, құрбандар рухына тағзым ететін. Жетісу облысы бөлек шаңырақ көтерген кезде осындай бір ұлт қасіретін үнсіз еске алатын ескерткіш  қойылған тұс жоғы көзге ұрды. Зерттеу жүйелі қолға алынса, марқұмдар мен қуғын құрбандарының ұрпақтарына, жоқшы болар азаматтар еңбек етсе, қан мен жас тамған бір тұста зобалаң құрбандарына үлкен белгі қойылар...           

Тегтер: