Жеткізбейтін Жезқазған
Жол азабын жолаушы біледі. Облыста республикалық маңыздағы ойдым-ойдымы шыққан жолдар жүргізушілердің өміріне қауіпті төндіріп тұр.
Соның бірі – 400 шақырымдық «Жезқазған-Қызылорда» көлік жолы. Бұл бағытта жүк көліктерін айдаушылар апталап жатып қалады.
– Аталған тасжол бізге үлкен қиындық туғызып тұр. Қыста бұл маңды қалың қар алып қалады. Көктем мен жазда асфальттың ойылған бөлігі суға толса, біресе ми батпағы шығып жатады. Қолайсыз ауа-райы кезінде тәуліктеп жүреміз. 5-6 жылдан бері жағдай тіптен қиындап кетті, – дейді «Камаз» көлігінің жүргізушісі Қанат Байшолақов.
Осы араны ауыр көлігімен жиі басып өтетін жүк тасымалдаушы Еламан Бейсенбеков:
– Әсіресе, қазіргідей қыста бұл бағытпен жүру қауіпті болып тұр. Жол бойында кэмпинг, елді мекен жоқ. Біз секілді жалғыз жарым сапарға шығатын жолаушыларға тіптен қатер төндіреді. Бірақ амалсыз жүруге тура келеді. Отбасын асырау үшін осындай қиындыққа шыдап келеміз, – дейді.
– «Көлік тізгіндеушілердің зар илейтін жөні бар. 90-жылдары бұл жолға мұнай қалдығы араласқан құм қосылған асфальт төсеу мәселесі көтерілген. Бірақ оны жол саласының мамандары мақұлдамады. Жезқазған облыс болғанда жолдың 10-15 шақырымдық бөлігіне жеңіл-желпі жөндеу жасалды. Содан бері 20 жылдай уақыт өтті. Одан кейін ешқандай әрекет болмады. Бір кездері «Қазақмыс» корпорациясы Қызылорда бағытында карьер ашуға ниеттенгенде жол жөнделеді деп күттік. Алайда, бәрі сөз жүзінде қалды. Даниал Ахметов премьер -министр болып тұрғанда Үкіметтен қаржы бөлініп, тендер өткізілді. Міндетімізге кірісеміз деп отырғанда, Үкімет қаржыны бермей үмітімізді үзді. Бұл тасжолды қалай да қалыпқа келтіру керек. «Жезқазған-Қызылорда» көлік жолы екі облыстың экономикасының күретамыры саналады. Егер жол талапқа сай жаңарса, бізге оңтүстік өңірден келетін жеміс-жидектің, Қытай мен Қырғызстаннан тасымалданатын тауарлардың бағасы да арзандайды – дейді, бұрын Жезқазған облыстық автомобиль жолдары мекемесінің басшысы болған, «Құрметті жолшы» белгісінің иегері Алматай Жүнісов.
Қызылорда мен Қарағанды облысының сауда -экономикалық байланысын дамытуда маңызды рөл атқаратын көлік жолы қашан өңдеуден өтеді? Бұған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ директоры Айбол Бидайбеков:
– «Жезқазған-Қызылорда» автожолын қайта қалыпқа келтіру ел үкіметінде талқыланды. Бізге тапсырыс берілді. Өз тарапымыздан геологиялық барлау, жер бедерін өлшеу міндеттерін жүргіздік. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үстіндеміз. Құжатты тапсырғаннан кейін Үкімет біздің жобамызға қаражат бөледі. Жолаушыларды алаңдататын тағы бір мәселе – бұдан былай, жол сапасы жіті бақылауға алынатын болады. Оны «Ұлттық жол активтері» сапасы орталығы филиалының қызметкерлері тексеріп, авторлық және техникалық қадағалау жүргізеді. Мердігерлердің міндетінен ақаулар табылса, оны қайта жасап шығады. Ал жөнделген жолдың кепілдік мерзімі 2-5 жылға дейін, – деген уәж айтты.
Айта кеткен жөн, биыл облыста 1400 шақырымдық көлік жолы жөндеуден өтеді. Оның – 637 шақырымы республикалық маңыздағы, 464 шақырымы облыстық және 235 шақырымы қала мен аудан арасындағы жолдар. Жезқазғанға баратын туристерді көптен толғандырған мәселе шешілетін болды. Бұрын Жошы хан мен Домбауыл кесенесіне бару тым қиын болатын. Биыл тарихи мазарға апаратын маңайына жаңа тасжол төселеді.