Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 24 Шілде 2025

Жетісайда 46 қызметкер мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам залал келтірген

прокурор
Фото: из открытых источников

Кеше ғана «Айқын» газетінде жарияланған мәдениет және ақпарат министрінің сұхбатында біршама былықтың шетін шығарған еді.

 Министрдің айтуынша, жуырда министрлікке қарасты 71 ве­домстволық ұйымның қызметкерлерін «Бірыңғай кадрлық ақпараттық жүйеге» қосу барысында саладағы мың жарымға жуық қызметкер қата­ры­нан бірнеше мекемеде жұмыс істеп, тіп­ті бес айлық мөлшерде ақы алып жүргендері белгілі болған. Сонымен бірге ұйымдарда 1 200-ге жуық 90 жасқа дейінгі зейнеткердің түрлі лауа­зымдарды атқарып жүргені анықталған.

Бұдан басқа, министрдің сөзінше, өзге қалада немесе шетелде негізгі жұмысын істеп, ал министрліктің мекемелеріне жұмысқа келмесе де, сырттай айлық алып отырған қызметкерлер де жүр екен.

Жалпы, мұндай жағдай талай мекеменің басында бар екені ресми жарияланбаса да, оны іштей білеміз.

Түркістан облысында осы тектес ерекше жағдайдағы қаржы жымқыру ісіне қатысты сот үкімі шықты. Облыс сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты 46 қызметкерінің қылмыстық ісі облыстың мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен қаралған. Мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам залал келтірген бұл іс өңірде едәуір резонанс тудырған сияқты.

Сот барысында анықталғаны, аудандық білім бөлімінің басшылары мен мектептердің есепшілері өзара сөз байласып, 2021 жылдан бастап үш жыл бойы мектептерде жұмыс істемейтін адамдардың атына жалақы тағайындап, қомақты қаражатты олардың банктік есепшоттары арқылы өздеріне аударып отырған. Бұл адамдар, көбінесе, сотталушылардың туыстары мен таныстары болып шықты.

Аталған іс бойынша басты айыпталушылар аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену, пара алуға айдап салу және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айыпталды. Сонымен қатар бөлім есепшісі де дәл осындай ауыр айыптармен сот алдында жауап берді. Қалған 43 адам аудан мектептерінің есепшілері екен.

Енді солардың ішінде 40 сотталушыға прокурор 7 жылдан 14 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді. Қазір мектеп есепшілері жалпы көлемі 800 млн теңгеден астам қаражатты қайтарған. Әйтсе де негізгі айыпталушылар кінәларын мойындамай отыр. Алқа билердің шешімімен білім бөлімінің басшысы 10 жылға, ал әріптесі 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғандарының жазасы бұдан әлдеқайда жеңіл.

Мұндай жайттар мемлекеттік мекемелерде көп екенін әлгінде айттық. Соның айғағы болар, «Құқықтық статистика» сайтының дерегінше, биылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша 689 іс тіркеліп, олардың 324-і сотқа жеткен. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мұндай құқықбұзушылықтардың саны біршама азайғанымен, мәселенің тамыры тереңде екені аңғарылады. Сондықтан Жетісайдағы бұл іс бір ауданға емес, бүкіл елге сабақ болуы керек.

Шарапат БИҒАЛЫМБЕК

Түркістан облысы

Тегтер: