Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:05, 02 Шілде 2024

Жетістікке жеткізген жол

БАҚ

Осыдан бес жыл бұрын Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арнайы мерекесі бекітілгені есімізде. Содан бері бұл күн журналистердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі.

Биыл да 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні өз деңгейінде тойланды. Сала мамандары бірін-бірі құттықтап, ақпарат кеңістігі тілектерге толды. Бұдан бөлек, еліміздегі майталман мамандар мемлекеттік марапаттар алды. Елордадағы арнайы жиынға республикалық ақпарат құралдары ғана емес, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдері қатысты. Онда Қазақстан Республикасы президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары, гранттары және алғысы салтанатты түрде табысталды. Оған қоса, мемлекеттік наградалар берілді. Мерекеге орай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Құрмет» ордені, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, президент алғысы және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Соның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы журналистика зерттеушісі, ғалым, ардагер журналист Құдайберген Тұрсынға, жазушы, публицист, ардагер журналист Сәдібек Түгелге, журналистика ардагері Мақсат Тәжімұратовқа, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы Ермахан Әбдіраманға берілді. Ал «Құрмет» ордені «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанға, Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің шолушысы Светлана Новакқа, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры Мұратбек Тоқтағазинге, «Қазақстан» РТРК АҚ бас режиссері Қарлығаш Смағұловаға, «Хабар агенттігі» АҚ ардагер телеоператоры Ағабек Қазанбайға табысталды.

Бейресми түрде төртінші билік өкілдері атанып кеткен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қоғам мен мемлекеттік мүдде үшін аса маңызды мамандар. Технология мен ақпарат дәуірінде уақытылы да объективті фактілерді беру, осыдан келіп шығатын мәселелерді зерттеу, талдау, әртүрлі форматта ұсыну арқылы белгілі бір деңгейдегі балансты қамтамасыз етеді. Мемлекеттік институттар мен басқа да әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени, сол сынды резонансты немесе актуалды тақырыптарды көтеру де журналистердің ісі. Қоғамдық пікір қалыптастыру мен идеология ісінде де ақпарат саласының маңызы айрықша екені белгілі. Өйткені БАҚ қызметкерлері мемлекеттік, ұлттық құндылықтармен жұмыс істейді. Халық үшін маңызды, қажетті дүниелермен айналысады. Сондықтан сала мамандарының, журналист кадрлардың біліктілігі мен әділдігі, шеберлігі мен моральдық құндылықтары өте жоғары деңгейде болғаны керек. Бұл орайда елімізде ерен еңбегімен, біліктілігімен танылған қайраткер мамандар жетерлік. Олардың бірқатары осы жылғы мейрамда марапатталғанын да атап өттік.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: