Жетістікке жетудің өлшемі: Менталды білімнен бөлек қандай қасиеттер керек?

Қазіргі таңда бұрынғымен салыстырғанда қоғамдағы сауаттылық деңгейі жоғары, ал әлеуметтік лифтіде көтерілу адамның білімі мен дағдыларына тікелей байланысты.
«Успешный успех» деген түсініктің танымалдылығы артып келе жатқаны да содан. Бірақ білім алу, жаттау, іздену сынды менталды қабілеттер жеке-дара жетістік кепілі бола алмайтынын уақыт дәлелдеп отыр. Одан бөлек, қандай қасиеттер мен әдеттер табысты болуға көмектесе алады? Бұл сұраққа еңбек нарығындағы тәжірибелі тұлғалар жауап берді.
Қайрат Жолдыбайұлы, «Кемел адам» кітабының авторы: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті...»
Қазіргі таңда білім деңгейін IQ деп айтып жүр. Бірақ тек қана ақылды болу, білу, іздену жетістікке кепілдік бермейді. Қос-қостан қызыл диплом алып, магистр, докторант болса да көппен бірге масса болып жүргендер көп екенін көріп отырмыз. Ал, керісінше, үлгерімі төмен болғанымен, кейіннен әртүрлі салада өзін дәлелдеп, табысты тұлғаға айналып жатқандар да баршылық. Яғни білімнен бөлек, басқа да қырларды дамыту керек деген сөз. Олар: физикалық сапа, эмоционалдық зерде және рухани мықтылық. Бір қарағанда, жетістікке бұлардың не қатысы бар деген ой туындауы әбден мүмкін. Ал шын мәнінде аталған факторлар бірігіп, мықты, табысты адамды қалыптастырады.
Мәселен, физикалық сапа, яғни денсаулық – толыққанды өмірдің бастауы. Әрі ол адамның еңбектенуге құлшынысын қалыптастырады. Себебі қарапайым, тәні дерттінің бойында энергия қалмайды. Ал энергиясы жоқ адамды немқұрайдылық, жалқаулық, еріншектік басады емес пе? Мұндай жағдайда өнімділік пен нәтижелі істер туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Осы орайда, физикалық саулықты сақтау үшін, әрдайым сергек болып, тонуста жүру үшін салауатты өмір салтын ұстанған абзал. Бұл туралы қазіргі дәрігерлер мен психологтар айтып жүрген кеңестерді Мәшһүр Жүсіп баяғыда-ақ айтып кеткен. Олар: таза ауа, тыныш ұйқы, сауатты тамақ, дұрыс демалыс, қозғалыс және күйзеліске салынбау.
Одан соң, эмоциялық зерде. Бұл өзі жаңадан танымалдылыққа ие болған ұғым. Оның жетістікке жету үшін аса маңызды элемент екенін ғылыми ортада салмағы бар Гарвард университетінің зерттеуі дәлелдеп берді. Әу баста IQ көрсеткіші адамның өмірдегі табысына тікелей әсер етпейтіні анықталып, бұл сұрақ тереңінен қарала бастады. Артынша, осы реакцияның әсерінен «эмоциялық зерде» ұғымы пайда болды. Сөйтіп, эмоцияларды ажырата білу, күнделікті өмірде өзіңнің және өзгелердің эмоциясын басқарып, айналаның ниетін, мотивация көздерін, қалауын түйсіне білу, ұғыну мен ұғындыра алу, дұрыс қарым-қатынас орнату жетістікке жетудің негізгі қағидаларының бірі екені анықталды. Сол себептен де соңғы уақытта коммуникация туралы кітаптар көп сатылып, әлеуметтік желілердегі видеолар мыңдаған қаралым жинап жатыр. Өйткені ол қажеттілік екенін қоғам әбден түсінді.
Және соңғысы – рухани зерде. Бұл дегеніміз – ішкі құндылықтар. Оның ішінде таным көкжиегі мен дүниетаным, әлемге, өмірге, оның мәніне көзқарас, когнитивті сана, әр құбылысқа мағына беріп тұратын игіліктер мен ұстанымдар, даналық, интуиция, сенім, түптеп келгенде, мінез. Мысалы, «рухы бар азамат еді» деген секілді тіркестерді естиміз ғой. Сондағысы – ақылды, сау, бірақ рухы жоқ, ез, сужүрек, бір сөзінде тұрмайтын, жылпос адамдар. Жел қай жақтан соқса, соның ығына жығылатын мұндай ынжықтық тасыңды өрге домалатпасы белгілі. Рухтың әлсіздігі табандылық пен күрескерліктің әлсіздігіне әкеп соқтырады да жеңілістің алғышартына айналады. Мұндай мінезсіздік, бірбеткей бола алмау, қайсарлық танытпау, өз позицияң үшін соңына дейін шыдас беруге қабілетсіздік – табысты адамдарға тән қасиет емес.
Міне, осы үш қасиет біліммен ұштасып, бүгінгі адамның қасиетіне айналуы тиіс.
Аятжан Ахметжанұлы, педагог, кәсіпкер: Тіл білу адамға артықшылық бермейді
Қазіргі заманда жетістікке жету үшін адам ең алдымен өзгеріске, жаңалыққа тез бейімделе алуы керек. Осы орайда бізде қатты дәріптелетін бір көзқарас бар. «Адам екі нәрседен қателеспеу керек, бірі – жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау» дейді. Бұлайша мамандық таңдауды соншалық өреге шығару қоғамның қателігі деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл қателесуге болмайтын маңызды, категориялық ұғым емес. Себебі адам тұлға ретінде дамитын болса, мамандығын кез келген кезде өзгерте алады. Әрі табысқа да жетеді. Сонымен қатар мынанша пайыз адам өзі оқып бітірген мамандық бойынша жұмыс істемейді деген статистикалар жиі айтылады. Ал істемесе не болыпты? Мамандықпен жұмыс істеу міндет пе? Адам табысқа жете алса болды емес пе? Мамандықпен жете ме, әлде басқа салада жүріп жете ме, айырмашылық жоқ. Бастысы – нәтиже мен даму. Мәселен, мен қаншама айти маманын танимын. Біреуі де мамандық ретінде ақпараттық технологияны немесе информатиканы оқымаған. Еңбек нарығында мұндай мысалдар жетіп артылады. Сондықтан ескі, қасаң ойлармен өзіңді шектеу психологиясынан аулақ болу қажет. Адам кез келген уақытта, ортада өзін таба білуі керек. Барлық нәрсеге дайын болған жөн. Себебі жаһанданған әлемде технологияның дамуына байланысты көптеген мамандықтардың өзектілігі төмендеп, бірқатары мүлде жойылуда. Алдағы 10 жылда бәленбайы қажетсіз сфераға айналады. Тіпті олардың тізімі де бар. Сіздің де мамандығыңыз кейін жойылып кетуі мүмкін ғой. Бірақ өзің жойылып кетпейсің. Осыны түсініп, жаңалықтарға ашық, бейімделгіш болу керек. Ал бейімделе алмайтын адамдардың жетістікке жету ықтималдылығы қалай қарасақ та төменірек болары сөзсіз.
Сосын, байқап отырғанымыздай, сен көп тіл білсең немесе ағылшынша жақсы сөйлесең, шетелде оқып келсең ғана мықты маман бола аласың, мансапта өсе аласың деген бір түйсік қалыптасып келе жатыр. Тіл мамандары ренжімесін, бірақ тіл білім емес. Соны білу керек. Бұл ойдың санамызға сіңіріліп кеткені сонша – біздің елдегі мектептер тіл үйрету орталығына көбірек ұқсап кеткен. Қараңыз, мемлекеттік білім бағдарламасы оқушыларға үш тіл, екі әдебиет оқытады. Салыстырмалы түрде бұлардың сағаты бүкіл басқа пәннің сағатымен тең. Яғни мектеп 50 пайыз білім емес, тіл үйретеді. Ал шын мәнінде тіл деген қоғамдық құбылыс қой. Оны керек адам өз қажеттілігіне қарай меңгеріп алады. Мысалы, бір жыл АҚШ-та немесе Қытайда тұрған адам сол жақтың тілін үйреніп, нан сатып алатын жағдайға жетіп қалады. Алайда ол білім емес қой. Түсіну керек, тіл өзің үшін, ол адамға артықшылық сыйламайды, табысқа тікелей әсер етпейді. Ал қазіргі тілге акцент беру үрдісі отарлық қоғамнан қалған әдет сықылды. Мәселен, кезінде орысша сөйлеу «статусты» білдіретін. Ол бір мәдениеттіліктің, сауаттылықтың көрінісі ретінде суреттеліп келді. Әлбетте, бұл отаршылдардың арнайы, мақсатты саясатының жемісі. Сондықтан біздегі құлдық сананың болуы да, тез жоғалмауы да табиғи құбылыс. Өз мысалымда, мен басқа тілдерді қолданбаймын. Тек қазақша сөйлеп, қазақша құжаттарға қол қоямын. Ал енді ғылым жағынан қарасақ, доктормын, мамандық тұрғысынан табысты мұғаліммін, бизнеске келсек, 8 облыста мектебі бар кәсіпкермін. Міне, осы жетістіктің бәріне бір ғана қазақ тілімен жеттім. Иә, өзге тілдерді белгілі бір деңгейде білемін. Бірақ табысқа жету үшін қолданған емеспін. Ең дұрысы, көзқарасты өзгерту керек.
Аманжан Еңсебайұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазақ» радиосының ардагері: Еліктей білу керек
Ауылдан Алматыға келгенде мүлде басқа ортаға түстім. Мал дәрігері мамандығын оқып, сол салада бір жылға жуық жұмыс істеген мен газет-журналды көп оқып, радионы үзбей тыңдайтынмын. Ал өзім радиоға келген кезде журналистердің, ақын-жазушылардың, өнер адамдарының ортасында жүріп, олардың мәнерін, сөздерін, қасиеттерін үлгі етіп алдым. Бұл өз кезегінде менің жеке адам ретінде қалыптасуыма зор әсерін тигізді. Мұнымен айтқым келгені, адамның қандай ортада жүретіні, кімдермен араласып, кімдерден үлгі алатыны аса маңызды. Мұны еліктеу деп те айтады. Бірақ соңғы уақытта осы сөзге негативті сарын жабысып алған секілді. Алайда шын мәнінде еліктеу деген жаман әдет емес. Тек кімге еліктейтінің сұрақ. Мәселен, бүгінгі таңда заман ашық, жастар әлемнің әртүрлі мәдениетіне, идеологиясына, өмір салтына немесе жекеленген жұлдыздар мен танымал адамдарға еліктеп жатады. Ал мен өз ұстазым – Әнуар Байжанбаев пен Фарида Шариповаға, Сауық Жақановаға еліктедім. Олар маған отырғызып қойып сабақ өткен жоқ. Өз жұмысымен, шеберлігімен үлгі болды. Жай ғана эфирде отырған ұстаздарымның сыртынан қарап, тыңдағанның өзінен өмірлік сабақ алдым. Сол секілді еліктеу өте керек, әрі ол міндетті түрде болатын, болуы керек процесс. Өйткені өзіңе жаңа, күрделі нәрсені меңгеру үшін, қажетті қабілеттерді сіңіру үшін саған дейін сол салада жетістікке жеткен, белгілі бір деңгейде тәжірибе жинаған, біліктілігі бар мықты мамандарға қарап жүріп үйрену өте тиімді, нәтижелі әдіс. Қазір «мастер класс» деген бар ғой. Бұл да осы мен айтып отырған еліктеуге, тәжірибе алуға саяды. Және бір ескерерлігі, еліктеу дегенде де жүріс-тұрыс, сөйлеу, киіну секілді сыртқы компоненттерді емес, бойдағы, болмыстағы дағдылар мен қасиеттерді сіңірген дұрыс.
Диана Амалбек, кәсіпкер, дизайнер: Идеялар мен кіріс коммуникация арқылы келеді»
О баста, мен өз тігін цехымды ашып, Қазақстанда киім өндірісін, отандық брендті жолға қойғым келген сәттен бүгінгі күнге дейінгі жолыма шолу жасасам, табандылық пен коммуникацияның маңызын қайта ұғынғандай боламын. Табандылық, алған бетіңнен қайтпау туралы бәрі айтады. Ал коммуникацияның маңызы одан да жоғары. Себебі біз әлеуметтік жаратылыспыз, қоғаммен бірге өмір сүреміз. Сондықтан кез келген табыс адамдар арқылы келеді. Осы үшін де қоршаған ортамен байланыс орната алу қабілеті өте маңызды. Қай салада болмасын, осы қағида өміршең. Одан бөлек, біз жұмыстың өзін топпен, ұжыммен, командамен істейміз. Осы орайда «коллективті сананың» мүмкіншіліктерін пайдалану үшін де адамдармен берік қарым-қатынас орната алу керек. Мәселен, ғылым өте үлкен коллективті сана. Бір ғалым бір ғылыми жаңалық ашу үшін өзіне дейінгі мыңдаған адамның еңбегін қолданады. Көлікте де әртүрлі функциясы бар бөлшек көп. Олар бір-бірімен байланысып, толықтыру арқылы ғана тұтас жүйеге айналады. Адамдар да, ұжым да сол секілді.
Темірғали Көкетаев, физик, ғалым: Ашықтық – ескі түсініктерді бұза алу қабілеті
Адам жетістікке жеткісі келсе, ең алдымен жаны қалаған, өзі жақсы көретін іспен айналысу керек. Белгілі ғой, ішіңде іңкәрлік, мамандығыңа махаббат болса, қанша жұмыс істесең де шаршамайсың. Жаңа жұмыс күнін тағатсыздана күтіп, жаңа істерге асығып тұрасың. Осындай ынта-жігер бар жерде нәтиженің де, жетістіктің де болуы заңды. Ал өзің сүймейтін, келдім-кеттім іспен айналысу, массаның қатарын көбейту табыс былай тұрсын, адами бақыттан да айырады. Содан соң, бір белеске шығамын, тоқтамаймын деген адам әрдайым жаңашылдыққа ашық болу керек. Себебі қазіргі уақыт қарқыны зымыран, заманның талабы күн санап өзгеріп отырады. Сол ритмге ілесе алған ілесті, ілесе алмағандар сол орында қалды. Сәйкесінше, ашықтықты да дұрыс түсіну керек. Ол дегеніміз – ойдың икемділігі, жаңа ақпаратты талдауға талапты болу, бұрыннан келе жатқан таптаурынды, шаблонды ойларды, ескі түсініктерді бұза алу. Яғни ашықтық ақпаратты алып жұта беру емес, талдап, сараптап, қажеттісі мен қажетсізін, актуалдысын сүзіп ала алу.
Фархад Молдағали, режиссер: Креатив те тәжірибемен келеді
Жақында ғана «Иран конференциясы» деген премьера қойдық. Сонда «зайырлы білімнің адамға ешқандай пайдасы жоқ, оның рухани адам болғаны қажет» деген сөз бар. Алайда зайырлы немесе рухани өмір деп бөлу қаншалықты дұрыс? Бізде бір ғана өмір бар ғой. Бір ғана жол бар. Ал сол жолда табысты болу үшін, әсіресе біздің мамандықта тек білімді болу жеткіліксіз. Баяғыда ұстазым Маман Байсеркенұлы: «Сендерге 100 емес, 200 балл қойып беремін. Маңыздысы ол емес, маңыздысы кейін қандай маман болатындарың» дейтін. Ал кәсіби маман ретінде шыңға көтерілу үшін «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деген қағиданы алдымен ұстану керек. Соның ішінде дисциплина өте маңызды. Себебі ауқымды ақпарат пен түрлі форматтағы материалдарды меңгеру, өзіңе керегін алу тұрақты ізденіс пен жүйелі әрекетті талап етеді. Соның бәрінен, өмірден, қоғамнан құбылыстарды көре білу, түпкі ойды түсіне алу және соңына дейін өз позицияңда қалу қажет. Ал креатив, өзгелерден ерекшелену сынды дүниелер уақыт өте, өзі-ақ тәжірибемен келетін болады. Табысқа жету үшін қажетті тағы бір нәрсе – фокус. Қандай да бір жаңа жобаны бастағанда бар ойың мен фокусың сонда болса, өнімділік артады. Мәселен, мен жаңа қойылымға дайындықты бастағанда таңнан кешке дейін үстел үстінде қағазбен отырмасам да, күн-түн миымда тек соны ойлап, толғанып, сараптап жүремін. Бұл – өз идеяңды жетілдіру. Одан бөлек, нарықты бақылауда ұстап, өз салаңдағы жаңалықтардан, тенденциялардан хабардар болып отыру алдағы уақытта өз бағытыңды айқындауға көмектеседі.
Бетті дайындаған – Баян Мұратбекқызы