Жетісу облысында оқушыға аңшы мылтығынан оқ тиген
Полиция қылмыстық іс қозғады.
Жетісу облысында аң аулауға шыққан мектеп оқушысы ауыр жарақат алды. Оқиға Жетісу облысы Алакөл ауданы Көлбай ауылында болған.
Қазір зардап шеккен жасөспірім Талдықорғандағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқыс оқиға 20 қараша күні сағат 17:00 шамасында болған. Жергілікті мектептің 9-10-сыныбында білім алатын үш оқушы аңға шыққан. Атыс қаруын абайсыз ұстау салдарынан 2009 жылы туған кәмелетке толмаған ұлдардың бірі аяғынан ауыр жарақат алған.
Жетісу облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Жасөспірім жақын жерде жүрген досына абайсызда оқ атқан. Балалардың бірі әкесіне тиесілі мылтықты сұрамай-ақ алып кеткен. Кінәлі адам тіркеуге алынды, оның ата-анасы жауапқа тартылды", – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.