Жетісу облысында жоғалып кеткен 3 жастағы бала табылмай жатыр
Жетісу облысының Көксу ауылында 3 жастағы бала жоғалып кетті. Ол 7 қыркүйекте сағат 10:00 шамасында есік алдында ойнап отырып, көшеге шығып кеткен. Ата-анасы алдымен көршілерінен сұрастырып таппаған соң полицияға хабар берген. Бұл туралы Almaty.tv арнасы хабарлады.
Үш жастан енді асқан Алдияр отбасындағы тоғыз баланың жетіншісі. Мінезі тұйық. Бауырларына қосылмай өзімен-өзі жалғыз жүргенді ұнатады. Денсаулығында да ерекшелігі бар көрінеді. Ал 7-қыркүйек күні күндіз аулада ойнап жүргенде, анасы тамақ пісіруге 15-20 минутқа ас үйге кіріп кетіпті. Сол аралықта баласынан көз жазып қалған.
– Бүгін үшінші тәулік баланы таппадық. Жүрек табылатынына сенеді. Ел іздеп жатыр, үміт үзбейміз, – деді А. Тоқанның анасы Айнұр Бекжанова.
Көксу бекетінде 3 мыңдай тұрғыны бар. Олар 4 күннен бері күндіз-түні кішкентай Алдиярды іздеп, ауыл төңірегін түгел шарлап шыққан.
– Біреулер алып кетті ме? Әлде суға түсіп кетті ме? Үйдің маңайында шұңқырға құлап ақлды ма? Іздеп таба алмай жатырмыз. Ауыл тыныш, малымыз да жоғалмайтын, – деді ауыл тұрғыны Мейраш Шамшарова.
Арнайы жасақталған жедел іздестіру тобы сенбіден бері әр үйдің ауласын, қора-қопсыны түгел қарап шыққан. Үйдің іргесінде ағыны қатты өзен бар. Сенбі күні баланы сол маңнан көргендер де болған.. Сондықтан құтқарушылар алғашқы күні-ақ Мұқаншы өзеніндегі иірімдерді түгел қарап шықты.
– Іздестіру жұмысына 400-ге жуық адам қатысты. Бұл жерде полиция департаментінен 80 адам, ұлттық ұлан әскери бөлімінен 100 адам, ТЖД департаментінен 15 адам және жергілікті атқарушы органдардан, жақын аудандардан еріктілер келіп, іздестіру жұмыстарына көмектесуде, – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайсар Мұхметов.
Алдиярды іздеуге жан-жақтан еріктілер де келіп қосылып жатыр. Құзырлы орган іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасатынын айтты. Ал бала үйден шығып кеткенде үстіне сұр жемпір, қара шалбар киген. Аяқ киімі ақ түсті. Баланың бойы 60-65 см. Шашы ашық қоңыр. Ал дене бітімі орташа. Көрген білгендер болса, көпшілік 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.