Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 23 Мамыр 2024

Жетісу облысының тәрбиешілері қасықты қару ретінде қолданады

Балабақша
Фото: Жас Алаш коллаж

Жетісу облысы Головацкий ауылында балабақша тәрбиешілері балаларды ұрып-соғып, тұншықтырған.

«Жаскент» балабақшасында орын алған бұл жағдайды тәрбиеленушілердің ата-аналары анықтап, құқық қорғау қызметіне шағымданыпты. Артынша, оқиғаға қатысы бар тәрбиеші мен оның көмекшісі, балабақша әдіскері жұмыстан босатылған. Панфилов аудандық әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, 210 орынға шақталған мекеме 16 мамыр күні қызметтік тексеруге жабылып, қылмыстық кодекстің 140-бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалды. «Жас Алаш» жәбірленуші тараппен байланысқа шығып, ата-аналардың бірімен тілдесті.  

Екі жасқа толмаған қызының алдымен беті, көзі көгеріп келіп, бірнеше күннен соң санының жарақаттанғанын байқаған Гүлназ Шәймерденова тәрбиешінің өзіне хабарласып, мән-жайды анықтамақ болған. Балабақша қызметкері «білмеймінге» басып, «енді қайталанбайды, қадағалаймын» деп, уәдесін үйіп-төккен.

«Бірінші ретте қызымның түрін көре салып тәрбиешісіне хабарластым, балалар ойнап жүріп байқамай қалған шығар деп жалтарды. Содан бастап қызым балабақшаға барғысы келмей, жылайтынды шығарды. Одан соң түнде шошып оянып, ұйқысы бұзылды, өзімен-өзі тұйықтала бастады. Әрине, алғашында аса назар аудармадық, адаптация кезеңі деп болжадық. Енді бірде шомылдырайын деп киімдерін шешкен едім, санындағы жараны көріп қатты шошыдым. Дереу тәрбиешіге хабарласып, жағдайды түсіндіруін сұрадым. «Білмеймін» деп, қайталаумен болды. Мен қазбалап, сұрақтың астына алған соң кешірім сұрай бастады. Ештеңеге қарамастан, балабақшаға барып, басшылықтан бейнебақылау камераларының жазбасын көрсетуін сұрадым. 14 мамыр күні қызым түскі ұйқыдан оянып кеткен екен. Тәрбиеші оны қолынан жұлқып, киімсіз, жөргектегі күйі санузел бөлмесіне қамаған. 40 минуттан соң ғана шығарып, итеріп жібергені де видеоға түскен. Сол сәтте-ақ полиция қызметкерлерін шақырдым. Арыз жаздым. Оқиғаны басқа ата-аналарға хабарладым. Ертесі барлық ата-аналар балабақшада жиналды. Мен әуелі қызымның беті қызарып келген 10 мамыр күнгі бейнебақылауды ашқыздым. Сонда қызметкерлердің тек менің қызымды емес, барлық баланы соққыға жығатынын көрдік. Жүріп бара жатып, өтіп келе жатып «систематично» ұрады екен... Артынан түскі ұйқыдан тұрып кетіп, жылаған қызымды басқа балаларды оятпасын деп тұншықтырған. Сол бейнеге куә болған сәтте есімнен танып қалдым... Одан бөлек, тамақты ауыздарына тығып, қасықпен қолдарынан, ауыздарынан ұрған. Қызымның қасық көрсе шошып, тамақ жемей қоюының себебін де сол кезде түсіндім. Ата-аналар шу шығарып, жан-жақтан басшылар, әкімқаралар, құқық қорғау қызметкерлері жиналды. Артынан, педагогика саласында бір үйдің әкесі, бір үйдің анасы жұмыс істеп жүргендерге арызға қол қоймаңдар деген нұсқау келген көрінеді. Соңында тек жеті ата-ана қол қойып шықтық. Ал балабақша жабылмаған. Қызымды шығарып алып, заттарын алып кетуге барғанымда жұмыс істеп жатты. Тек персоналдар ауысқан, өздерінше «позитивті, кәсіби» атмосфера жасауға ұмтылыпты», – дейді Гүлназ Шәймерденова.

Соңғы уақыттары осы сынды инциденттер жиілеп кеткені жасырын емес. Адам шошырлық бейнежазбалар мен ата-аналардың мәлімдемелері әлеуметтік желілерді шарлап, көптің талқысына түсіп жатады. Алайда тәрбиеші жұмыстан қуылып, әдіскер сөгіс алумен аяқталатын жағдай ма еді бұл? Ата-ана арызданбаса, қызметінен «тыныш қана» кетіп, ары қарай түк болмағандай жүре беретін педагогтардың келесі тәрбиеленушілерінің жағдайы қалай болмақ? Заңгер Айыпқан Мұхамадиевтің айтуынша, ата-ана арызданған жағдайда ғана құқық қорғау органдары тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, баға береді. Ал ары қарай нақты факті мен оқиғаға байланысты әр заң бұзушылық жеке тексеріледі. Ата-ана арызданбаған жағдайда жауаптылар жұмыстан шеттеліп қана қояды.

Осы орайда елдегі соңғы шулы оқиғаларды шолып көрейік. Өткен сәуірде Маңғыстау облыстық соты екі жасқа толмаған баланы ұрып-соғып, жарақаттаған тәрбиешінің жауапқа тартылғанын хабарлады. Ол қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігіне сәйкес 3 жылға белгiлi бiр лауазымдарды атқару, қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Болмаса онсыз 160 АЕК айыппұл арқалайды немесе 40 тәулікке қамаққа алынады. Сол секілді жыл басында Түркістан қаласындағы жекеменшік балабақшаның бірінде тәрбиеші өз өтінішімен жұмыстан босатылған. Ал өткен жылдың аяғында Қызылордада жәбірленуші тараптың жағдайы қоғамда резонанс тудырып, арыз негізінде қылмыстық іс тіркеліп, прокуратураға жолданған. Қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызда іс 15 сәуір күні сотқа кеткенін жеткізді. Және 2023 жылдың ортасында Павлодар қаласы №28 балабақшада қызметтік тергеу жүргізіліп, еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14-тармақшасына сәйкес тәрбиеші жұмыстан шығарылған. Ары қарай қылмыстық іс қозғалды ма деп балабақшаның басшылығымен байланыстық. Сөздерінше, ата-аналар арыздарын қайтарып алуына байланысты іс қозғалмапты.

Байқап отырғандарыңыздай, ата-ана өзі мүдделі болмаса, қандай сорақылық жасаған маман болса да, жұмыстан шығумен ғана шектеледі. Басшылық болса «арыз жазбаңыз», «кешіріңіз» деген өтінішпен келіп, баланы да, басқаны да емес, өз мансабын ойлап тұратыны қаншама рет көрініс берген, көбіміз куә болып жүрген жайт. Ал балаға келген физикалық жарақатты қойғанда, психологиялық «травмалар» ешкімді алаңдата қоймайтын секілді. Осы мәселе жөнінде психолог Жанат Болатбекұлымен тілдестік.

«Агрессия деген табиғатында жақсы дүние емес. Ал физикалық күш көрсетудің қандай ауыр әсерлер қалдыратыны айтпаса да түсінікті шығар. Бүлдіршіндер тақырыбы тіптен күрделі. Қайта-қайта ұрса, соқса, нұқыса, айғайласа балада бейсаналы түрде «менікі дұрыс емес екен, мен жаманмын» деген ой қалыптасады. Осыдан келіп, сыртқы объектілердің пікірі мен көңіл күйіне тәуелділік туындайды. Бұл дегеніміз, баланың ішінде үнемі «мен жақсымын ба, әлде жаманмын ба?», «мені әлем осылай қабылдай ма, әлде қабылдамай ма?» деген сұрақ болады. Сәйкесінше, ойы мен әрекеті, өмір жолы сол ұғыммен сәйкес болу қаупі жоғары. Себебі «бұл – норма, мен осындай қарым-қатынасқа лайықпын» деген логикаға әкеледі. Әсерінен баланың инициативасы, шығармашылығы жойылады. Ол тек инструкция мен команда күтетін адам болып кетеді. Жан-жағына жалтақтағыш келеді. Немесе, керісінше, қоршаған ортаға қарама-қайшылық, қоғамға протестік көңіл күй күшеюі бек мүмкін. Қысқасы, не ынжық, не қыжылы ішінде тұрмайтын мінез туады. Міне, дәл осы себептен, баланың өмірге деген көзқарасы қалыптасып бастайтын кезеңде психикасы блоктарсыз, бірқалыпты болуы тиіс.

Бұл бала үшін әлемнің сипаттамасы, ал үлкендер үшін дәрменсіздіктің көрінісі. Ересектердің ұрмақ түгілі, ұрысуы, мысқылдауы, басқа да қарсы әрекеттер істеуі өзін баламен бір деңгейде «қарсылас» сезінуден шығады. Бұл психологиялық тілде «ересек позицияға өтпеген адам» деп айтылып жүр. Мұндай адамдар алдымен өз позициясына, өзінің көзқарасына қатысты жұмыс істеп, біржақты болуы керек», – дейді психолог маман.

Ал әлеуметтанушы Әнел Әлібекова бұл баланың әлеуметтенуіне де кері әсерін тигізуі ықтимал дейді:

«Видеофиксация сынды әдістер мен жалпы қауіпсіздікке акцент қойылып жатқанымен жаға ұстатар жағдайлар тыйылар емес. Әрине, айғай мен соққы көрген бала тұйықталып қалады. Өскен соң да ойындағысын айтуға немесе істеуге тартыншақтап, ашыла алмай қиналады. Мысалы, орыс сыныбындағы оқушылар мен қазақ сыныбындағы балаларды салыстырып жатамыз ғой. Сол сынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік бейімделу жағынан да қиындықтар туындауы мүмкін деп болжауға негіз бар.

Негізінен тәрбиешіге баланың тыныш отырып, айтқанын істеп, бір орнында жатқаны «тиімді». Ол сол тиімділікке қол жеткізу үшін ұрсуы, кейде ашумен айғайлап, тіпті ұруы мүмкін. Солайша, балада «тыныш отырсам бәрі дұрыс болады» деген ой қалыптасады. Шын мәнінде бүлдіршіндердің гиперактивті болуы – заңдылық. Осы тұрғыда табиғаттың заңына қарсы шығу орынсыз. Мақсат – бәрін тыңдайтын емес, сау, еркін бала өсіру. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін алдымен мамандардың стреске төзімділігіне баса назар аудару қажет. Ең алдымен, келісімшартқа қол қойып, қызметкерді қабылдап жатқан басшы жауапкершілік сезініп, педагогтардың дағдыларын тексеріп, машықтарына көз жеткізуі тиіс. Екіншіден, тәрбиешілерге жүктемені көбейтпей жағдай жасаған жөн. Өйткені салмақ нормадан асып кетсе, адамның стреске бейімділігі арта береді. Мемлекеттің қатесі де осында. Мәселен, мемлекеттік балабақшаларда 25-30 балаға бір тәрбиеші мен бір көмекші жұмыс істейді. Бұл өте-мөте аз. Бір баланың өзі, тіпті 4-5 жасар болса да ата-анасын біраз әурелейтіні жасырын емес. Сондықтан да жекеменшік балабақшаларда бала саны 15-тен аса қоймайды».

Иә, жүктеме мәселесі біз ойлағаннан көп нәрсеге әсер етеді. Аты-жөнін жарияламауды сұраған тәрбиеші балабақша педагогтарының жағдайы да мәз емес екенін айтты. «Бір топта бір тәрбиеші, бір «нянька» жүреді. Бала санына келер болсақ, стандарт бойынша ерте жас тобы – 10, кіші топ – 20 баладан аспауы керек. Осы екеуі аралас болса 15 балаға дейін ғана. Ал орта, ересек, мектепалды даярлық топтарында 25 балаға дейін жиналады. Норма осы болғанымен, ол көбіне сақтала бермейді. Кіші топтардың өзінде 25 балаға дейін жетеді, ал екі педагог үшін бұл өте ауыр жүктеме. Әрі 10 бала бақсаң да, 30 болса да жалақы сол күйі өзгеріссіз. Бұл фактордың да әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз», – дейді мемлекеттік балабақша қызметкері.

Аталған мәселені оқу-ағарту министрлігі де мойындайды. Ведомство мектеп мұғалімдерінің мәртебесі секілді балабақша педагогтарының да мәртебесін көтеру қажет, жалақыны да теңестіру керек екенін біледі. Осы арқылы мамандыққа сұраныс артып, ізінше талаптың күшейетінін де біледі. Бірақ қарастырылып жатқан нақты қадамдар байқалар емес. Ал кадр тапшылығы артқан үсті арта беретіндей. Оқу-ағарту министрлігі ерте жастағы балаларды дамыту институтының дерегінше, Қазақстанда қазірдің өзінде 15 мыңға жуық тәрбиеші жетіспейді. Электрондық еңбек биржасының 2023 жылғы мәліметі бойынша, тәрбиешілер елдегі ең тапшы әрі сұранысқа ие мамандықтар қатарына жатқызылған. Оның үстіне, тәрбиеші жұмысының тартымсыздығы, жалақының төмендігі және балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктің жоғары болуы да бұл саладан «үдере көшуге» әкеліп отыр. Бұл туралы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте де сөз болған. Ең қызығы, биылдың өзінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 77 мың жаңа орын ашылады деп жоспарланып отыр. Ал онда кімдер жұмыс істемек?...

Осы және өзге де сауалдармен мектепке дейінгі білім беру департаментіне хабарластық. Балабақшадағы «агрессивті тәрбиешілер» мәселесін шешу үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын сұрадық. Олар балалардың құқықтарын қорғау комитетіне бағыттады. Комитет қызметкерлері болса, ресми сауал жолдауымызды сұрады. «Жас Алаштың» сауалдарына «дені дұрыс» жауап келсе, газетіміздің алдағы сандарынан оқисыздар.

Баян Мұратбекқызы

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер: