Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 17 Қыркүйек 2024

Жетісу өңірінде экзотикалық жеміс өсіре аламыз ба?

1

Биыл Жетісу өңірінің бағбандары жұртшылықты жемістен тарықтырмаймыз деп отыр. Күзгі науқанда облыстың бағбандары алма жинау жұмысын аяқтауға жақын қалыпты. Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, қазір өңірде 28 мың тонна жеміс жиналса, соның 16,2 мың тоннасы алма.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі бақтардың жалпы ауданы 4,8 мың гектардан асады, оның басым бөлігі, яғни шамамен 3,3 мың гектары алма бағы. Бұл ретте қарқынды бақтар 1 мың гектар жерді алып жатыр. Биыл 40 мың тонна көлемінде жеміс жиналады деп күтілуде.

Жалпы, Жетісу өңіріндегі Текелі қаласы – табиғи-климаттық ерекшелігі жағынан алма бақтарын өсіруге қолайлы аймақтың бірі. Қаладағы бақтардың жалпы ауданы 172 гектар болса, соның 126 гектарына алма ағаштары егілген. Міне, осы өңірде «Алма-Дария» шаруа қожалығының жас алма бағы да бар. Бұл қожалықта 1500-ден астам әртүрлі сортты алма ағашы өсіп тұр. Қожалық иелері бұл алма бағына ағаштарды 2013 жылдан бері отырғыза бастапты. Сондықтан да жергілікті тұрғындар бұл бақты «жас алма бағы» деп те атайтын көрінеді. «Алматы-Дария» ШҚ қызметкері Кәмила Әкежанова бұл бақтан биыл екінші мәрте ғана өнім жинап отырғандарын айтады. Себебі былтыр ауа райы қолайсыз болып, өнім жинай алмай қалған. Биыл өнім молынан түскен. Енді қожалық иелері Алматы, Талдықорған, Өскемен қалаларына алма сатуды жоспарлап отыр.

Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің пайымдауынша, отандық өнімді өндіру, оны ішкі нарыққа жіберу қай кезде де өзекті. Сондықтан мұндай бастаманы жергілікті әкімдіктер қолдауы керек. Бағбандарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер беріліп, субсидия, дотация қарастырылғаны абзал. Әсіресе бақты тыңайту үшін, топырағын ылғалдандырып, эрозиядан сақтау үшін мемлекеттік жеңілдіктер тағайындалғаны жөн.

«Шетелдерде жеміс-жидек, көкөніс алатындарға ерекше құрметпен қарайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер беріледі. Субсидия берген күннің өзінде әбден күзгі өнімін алып, оны сатып, кәдеге жаратып алған соң барып оның қайтарымын сұрайды. Біздегі тәрізді өнімін өткізе алмай қалу, саудасын жүргізе алмау деген болмайды. Қазір біздің жергілікті әкімдіктер де мұны үйренуі керек. Бағбандар сапалы өнім алу үшін оған тыңайтқыштар керек, бақты күтіп баптайтын, топырағын құнарландыратын, ылғалдандыратын, құрт-құмырсқадан сақтайтын арнайы дәрілер, қоспалар болады. Мұның барлығын бағбандар өз қалталарынан алады. Бағбандық тәуекелі көп жұмыс. Субсидия алса, оны қайтару үшін өнімі өтімді болуы керек. Ал алған өнім өтпей, шіріп немесе үсіп кетсе ақшаны қайтару да оңайға соқпайды. Сондықтан осындай тәуекелдер ескерілуі керек. Мемлекеттен жеңілдіктер берілсе, өнбейтін іс, көктемейтін көкөніс жоқ. Сондықтан осы мәселе дұрыс ұйымдастырылуы тиіс», – дейді экономист-ғалым.

Сондай-ақ сала мамандарының пайымдауынша, Жетісу өңірі расымен де жеміс-жидек, көкөніс өндіруге қолайлы аймақ. Демек болашақта жергілікті әкімдік бұл аймақтарда экзотикалық жемістер өсіруді қолға алған абзал.

«Біз, Қытайдан, Перу, Пәкістаннан, Нидерланды, Бразилия тәрізді елдерден Қазақстанға цитрус және экзотикалық жемістерді импорттаймыз. Бұл өнімдердің барлығы шетелден әкелінеді. Тіпті құрманы, інжірді де сырттан тасимыз. Міне, осы саланы дамытуға мән беретін кезең әлдеқашан жетті. Бұл өнімдерді тұтыну халық үшін қымбат болмауы керек. Қазір Көк базарға барсаңыз, құрғақ жаңғақтарды сатқан тәжіктер қаптап жүр. Бағалары өте қымбат. Осының барлығын өзімізде өндіруге қарым-қабілетіміз жеткілікті ғой. Жетісу өңірін тектен-текке жер жәннаты деп атамаған. Бұл өңірде арнаулы экономикалық аймақ жобасы қолға алынуда. Жоба жүзеге асса, келешекте облыстың экономикалық қарым-қабілеті өсуі тиіс. Сондықтан жергілікті әкімдік аймақтағы көкөніс саласын, жеміс-жидек өндіру бағытын дамытуға күш салуы керек. Осы салаға инвесторлар тартуды қолға алға жөн. Биылдың өзінде Жетісуда қант қызылшасын өсіру алқабы үш есеге ұлғайтылды. Былтыр облыс бойынша орташа өнім гектарына центнер қант қызылшасы болса, биыл өнімділік гектарына 700 центнер болады деп жоспарланған. Егер меже бұдан да асатын болса, онда біз болашақта елдегі қант тапшылығынан құтылар едік. Сондықтан бұл саланың жетілгені абзал», – дейді экономист Ж.Алдабергенов.

Ал жергілікті әкімдік те өз кезегінде бұл саланы жетілдіретін жоспарларының жүзеге асатынына сендіреді...

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Жетісу облысы

Тегтер: