Жетісу өңірінің өнімі өсе ме?
Биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімі мол болады деп жоспарланып отыр. Жоспар бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 584 млрд теңгеден асады. Саланы қолдауға осы жылы бюджеттен 34,9 млрд теңге бөлінді, оның 23,2 млрд теңгесі – субсидия. Мемлекеттік қолдау шаралары 2,5 мыңға жуық субъектіге көрсетілген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 524,8 мың гектарға жетті. 432,5 мың га жаздық дақыл, оның ішінде дәнді дақылдар – 309,3 мың га, майлы дақылдар – 90,4 мың га, қант қызылшасы – 12,6 мың га, картоп – 10,9 мың га, көкөністер мен бақша дақылдары 9,3 мың га егілді.
Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,2 пайызға ұлғайып, 57,8 млрд теңгені құрады. Жалпы 2024 жылы Жетісу облысында 2 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін жинау жоспарлануда, ал жалпы өнім көлемін 584,4 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Болашақта Жетісу өңірі бойынша ауыл шаруашылығы саласын қолдау өзекті бола түспек. Бұл ретте өңірде дақылдардың әртараптандыру мәселесі де ойластырылған. Қант қызылшасы, майлы дақылдар, мал азығының егіс көлемі ұлғаятын болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы өнімге қажетті 57,7 мың тонна жаздық тұқым даярланған. Бұл жылы 11,5 мың гектар қант қызылшасын себу жоспарланса, оған қажетті 16,1 мың себу бірлігі көлеміндегі тұқым толығымен қамтамасыз етіледі, соның ішінде 9,6 мың себу бірлігі Көксу қант зауытында, 6,1 мың себу бірлігі «Жетісу» ӘКК-да қарастырылған. Сондай-ақ 444 шаруашылық 10,7 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алған. Бұған қоса қоймаларда 3 049 тонна минералды тыңайтқыш бар. Көктемгі дала жұмыстарына 4 124 тонна дизель отыны бөлінді, оның бір литрінің бағасы – 250 теңге. Сол сияқты биыл қант қызылшасын өсіруге бағытталған 8 сервистік-даярлау орталығы құрылды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,5 млрд теңгеге сепкіш, жапырақ жинағыш, комбайн сияқты 62 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынуда. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» филиалына 2,2 млрд теңгеге 106 өтінім түсіп, 70 шаруашылыққа 1,4 млрд теңгеге 131 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынды.
Бекітілген лимитке сәйкес осы жылдың маусымдық кезеңінде 1,3 млрд текше метр су беру жоспарланған. Қазіргі кезде су қоймаларына су жинау жалғасуда, орташа толымдылығы – 76 %. Вегетациялық кезеңіне 208,7 шақырым су арналары тазартылды, жыл соңына дейін қосымша 274,8 шақырым арналар тазалынатын болады. Жалпы, көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, оның барысы тұрақты бақылауда.
Қ. Сайлау