Жетісу жұрты таза ауыз суға қол жеткізеді

Президент тапсырмасы аясында еліміздің өңірлерінде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Соның бірі – халықты сапалы ауыз сумен қамту жобалары. Бұл бағытта қайтарылған активтер есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты пайдаланылып жатыр.
Жетісу облысында сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және жаңа желілер тарту үшін Үкімет аталған қордан 480 млн теңге бөлді. Бұл қаражат екі ауданның тұрғындарына арналған маңызды жобаларға бағытталды.
Атап айтқанда, Алакөл ауданының Қоңыр ауылында ұзындығы 17 шақырымдық су желісі салынады. Ал Қаратал ауданының Ұмтыл ауылында 4,8 шақырым жаңа су жүйесі тартылмақ. Осы жобалар іске асқан соң мыңнан астам ауыл тұрғыны тұрақты әрі сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Жетісу облысы ауыз сумен қамту ісінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін айта кеткен жөн. Биыл өңірде сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және салу бойынша барлығы 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың бір бөлігі ауыл ішіндегі ескі құбырларды ауыстыруды көздесе, кейбірі жаңа су көздерін ашу мен су қоймаларын жөндеуге бағытталған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта ауылдық жерлерде ауыз су мәселесін түбегейлі шешу басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Қазіргі таңда кейбір шалғай елді мекендерде судың сапасы мен жеткізілу көлемі бойынша қиындықтар бар. Дегенмен жаңа жобалар бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.
Тұрғындардың өмір сапасын арттыру басты міндет екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында бірнеше рет ауыл инфрақұрылымын дамытудың маңызын атап өткен. Үкімет осы тапсырмаларды орындау аясында газ тарту, жол жөндеу, жарықтандыру және әлеуметтік нысандарды жаңарту сияқты бастамаларды да жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мәселен, кейінгі екі жылда облыстағы ондаған ауыл газбен қамтылып, жаңа су сорғы станциялары пайдалануға берілді.
Жетісу облысы еліміздегі табиғаты әсем, шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі саналады. Мұнда 329 ауылдық елді мекен бар, олардың көпшілігі қазірдің өзінде орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 2025 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 99,9 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл, шамамен, 697 мың тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартады деген сөз.
Ауыз су – әрбір азаматтың негізгі қажеттілігі, ал оны жеткізу – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі. Президент тапсырмасының орындалуы нәтижесінде Жетісу облысының ауылдары біртіндеп сапалы инфрақұрылымға ие болып отыр. Бұл тұрмыс жағдайын жақсартуға ғана емес, ауылдардың тұрақты дамуына да серпін береді.
Еламан Өмірхан
Жетісу облысы