Жетісу жұрты үндістер сияқты өмір сүреді
ХХІ ғасырда байланыссыз, бұғатта отырған елді мекендердің жағдайын оңалтуға мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлінсе де, бүгінгі күнде 5G интернет былай тұрсын, жедел жәрдем шақыра алмай отырған ауылдар бар.
Оларға қоңырау соқсаң, үнемі байланыс аясынан тыс жерде. Жалпы Жетісу облысында 20 ауыл байланыссыз, интернетсіз отыр. Мобильді интернетке қосыла алмай қор болып отырған 65 елді мекеннің де жайы мәз емес. Жетісу облысы Алакөл ауданы: Бибақан, Әшім, Жамбыл, Көкжар, Қоңыр сынды ауылдарда мобильді интернет жоқтың қасы. Бұның зардабын ең алдымен мектеп мұғалімдері тартып отыр. Себебі Kundelik.kz платформасын уақтылы толтырмаса, мұғаліммен қоса мектеп те таяқ жейді.
Кешкі сағат 17:00-ден кейін желі іздеп, қыр мен жотаны жағалап, тау-тасты кезіп кететін ХХІ ғасырдың супер мұғалімдерінде қазір содан басқа уайым жоқ. Аудан орталықтарына дер кезінде есеп жіберу, ақпарат жіберу азаптың азабы. Мәселен, Бибақан ауылында интернетіңіз былай тұрсын, жедел жәрдем мен өрт қызметін шақыру үшін 5 шақырым жерге дейін жаяу барып, арнайы қызметтерге қоңырау шалады. Шалғайдағы бұл ауылдың тұрғын саны жыл сайын азайып, мектеп оқушылары сол мектепте оқудан бас тартып отыр.
Құдайды аузынан тастамайтын бұл ауыл аптасына 7 күн, 24 сағат ешкім ауырмаса екен, өрт болмаса екен, ешкім қылмыс жасамаса екен деп тілейді. Ауыл тұрғындарының алыстағы ағайынды көмекке шақырудың жалғыз әдісі – тау басына шығып, от жағып, түтін шығару. Бұл дегеніміз – «SOS» дегені. Бергі ауылдан округтың әкімі барамын дегенше не болып, не қоятынын өздеріңіз де аңғарып отырған шығарсыздар. Ауыл тұрғындарының жалғыз арманы – ауылға ұялы байланыс, интернет тартылса ауыл құрымас еді. Ауылға келген жас мамандар ауылымызда тұрақтап қалар еді.
Ал тұмса табиғаты көздің жауын алатын Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орналасқан елігі мен лағы, жабайы аңдары, дәрілік шөптері, жабайы алмалары мен өсімдіктері жайқалған Көкжар ауылының жағдайы тіптен ауыр. Шығыс Қазақстандағы өрттен кейін әбден зәрезап болған ауыл тұрғындары, әрбір шылым шеккен адаммен соғысуға дайын. Себебі олар құдайдың құйып берген сұлулығына толған құт мекендерін өрттен аман болса екен деп тілейді. Бұл ауылдың аты бар да, заты жоқ. Ауыл тұрғындарының арманы – мектеп салу немесе мәдениет үйін салу емес, байланыс көзін орнату. Себебі бұл ауыл қоршаған қоғамнан мүлдем қол үзген. Аядай ғана мектепте тындырымды тіршілік қамын жасап жатқан мектеп ұстаздарының сөзіне сенсек, бұлар үшін аудандық білім бөліміне бір қағаз жіберу арман. Сол ауылдың байырғы бір тұрғыны: «Ежелгі римдіктердің тәсілімен хат таситын кептерлерді асырап жатырмын» дейді әзіл-шыны аралас. Бұл өлкенің табиғатын суының мөлдір тазалығын, адамға жан рахатын сыйлайтын дәрілік шөптерінің, бал араларының, жеміс жидектерінің қандай екенін айтқаннан гөрі, көзбен көру ләзім. Нақ экотуризмнің ортасы. Билік шекаралық аймақтарды дамытудың бас жоспарын қалыптастырып, осы елді мекендердің бойына қан жүгіртсе, қазына қаржысы әлдеқайда толығатын еді. Шекарамен шектесіп жатқан бұл ауылда қазіргі күні 250-дей адам тұрады. Себебі 30 жыл ішінде халықтың 70 пайызы өзге аймақтарға қоныс аударып, көшіп кеткен. Жұмыссыздық, ауыз судың жоқтығы, ауыл тұрғындарын әбден қажытқан.
Ауылдың байырғы тұрғыны Лидия апамыз етектегі тұмадан иіліп жүріп, иін ағашпен су тасиды. Бұл ауыл мемлекеттік бірде-бір қолдау бағдарламаларына кіре алмайды. Себебі тұрғын саны аз. Аталған мәселені аудан әкімдігінен сұрадық. Әкімдіктегілер бар жағдайдан хабардар екенін айтады, алайда Көкжар ауылына қашан таза ауыз су жеткізілетініне жауап бере алмады. Интернет тартуды айтпағанда, ауыз су мәселесі жуық арада шешілуі де екі талай. Себебі жобалау-сметалық құжаттар жасалмаған. Ал орталықтандырылған су жүйесі халық санына қарай кезең-кезеңімен іске асатынын ескерсек, көкжарлықтардың таза ауыз сумен қамтылуы екіталай. Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекеннің бір бөлігіне осыдан 5 жыл бұрын қисық жамау құбыр тартылған, бірақ халық игілігі үшін тартылған құбыр қыс түссе мұз болып қатып, істен шығып қалады. «Құбырды бір ғана көшеге тартқан, ол жетпейді, суды арықтан тасимыз. Оны өзіміз де, мал да ішеді. Оған қоса мектепке де осы суды апарып тасып жатырмыз» деп мұңын шақты ауыл тұрғыны Талғат ағамыз. Ауылдағы ағайын «ауылға ұялы байланыс және интернет желісін орнатса, ауылға жастар келіп қолайлы кәсіп ашып еңбек етер еді» деген үміттерін арқалап күн кешіп жатыр.
Төбеде қалған Төңкерістің келешегі мен болашағы сол ауылдың байырғы тұрғындарын алаңдатып-ақ отыр. Себебі бұл ауылда жалғыз тіршілік көзі мал мен егін шаруашылығы ғана. Бұл ауылдың да бас ауруы, балтыр сыздауы – ұялы байланыс, интернет, ауыз судың жоқтығы. 2020 жылға дейін бұл ауыл Әшім ауылы аталып келген. Әшім Садықов Ұлы Отан соғысының ардагері, 1942 жылы Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапқан. Өз заманында Әшім ақсақал ауылдың өркендеуіне ерекше атсалысып, ұжымдастыру кезінде көп еңбек сіңірген. Ол кісінің ұлы марқұм Рәшәт ақсақал әкесінің атына берілген ауылға ескерткіш қойған болатын. Қаншама жыл қасқайып тұрған ескерткішті ауылдық округтың әкімдігінен құралған бір топ белсенділер тас талқанын шығарып, жермен жексен еткен. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген атам қазақ табан астында ауылдың атын бір пысықайлар қайта Төңкеріске түзетіп, оның зардабын шаруалар мен ауыл тұрғындары көруде. Себебі Әшім ауылы деп алған құжаттың барлығын қайта Төңкеріске аударуға мәжбүр. Бұған басы ауырып, балтыры сыздап жүрген ауылдық округтың әкімі жоқ. Сен тимесең мен тименің кері. Тірліктері тұралаған, байланыстан ажыратылған қоғамнан оқшау жатқан бұл ауылдарға жаңа құрылған облыс әкімдігінің көңілі қашан ауары белгісіз. Ондағы оқып жатқан оқушылар қызмет атқарып жатқан ұстаздардың бүгінгі көріп жатқан мехнаттарын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес, оны көзбен көру керек.
Республикалық Алматы-Өскемен тас жолының бойында жатқан Жамбыл ауылының жағдайы жалпақ жұртқа мәлім. Шыбынды тауының етегінде орналасқан бұл ауылдың ішінде жалғыз көше. Көше деп айта алмайсың-ау, себебі тау етегінде орналасқан бұл ауылдың мәселесі толассыз жауған жаңбыр, таудан аққан қара су халықтың әбден қытығына тиген. Ауыз су мәселесін былай қойғанда, республикалық тас жолдың шебінде жатқан ауылдың жалғыз көшесіне асфальт тұрмақ, тас төселмеген. Жедел жәрдем қыстың күні жеңіл барып, жеңіл қайтса, көктем, жаз, күз айларында ауыл тұрғындары іргелес Қабанбайдағы ауруханаға жетулері мұңға айналады. Себебі ойқыш-ойқыш жолда жүру мүмкін емес. Жедел жәрдем шақыру үшін бұл ауыл да күре жолдың бойына шығуға мәжбүр. Айтпақшы, алақандай Жамбыл ауылынан Жетісу облысының мәслихатының депутаты Думан Нағашыбекұлының шаруашылығы бар. Аманаттықтар аттай қалап, қолына депутаттық мандат берген екен, жоғарыда аталған ауылдың тұрғындары аманаттық депутаттың айтары, қолдау көмегі бар ма екен деп жолға қарағыштап жүр.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл аймаққа 2022 жылдың жазында бір ат басын бұрғанда біраз ауылға су тарту, интернет орнату туралы уәде беріп, құжат дайындалып жатқанын айтып кеткен. Одан бері басталған іс байқалмайды. Бәлкім, үндістер сияқты өмір сүріп жатқан ауыл тұрғындары облыс әкімі көретіндей үлкен бір төбеге үлкен бір алау жағып, белгі беру керек шығар...
Ербол Ақшолақов,
Жетісу облысы