Жетісуда 46 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Жетісу облысының Көксу ауданында кейінгі үш жылда пайдаланылмай жатқан 46,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 30,2 мың гектары немесе 64,4 пайызы қайта айналымға енгізілген. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
Қайтарылған жерлердің 16,4 мың гектары конкурс арқылы жаңа шаруаларға берілсе, 13,8 мың гектары ауданның ауылдық округтері үшін қоғамдық жайылым ретінде пайдаланылады. Ал пайдаланылмай отырған қалған 16,7 мың гектар жер 2026 жылдың бірінші жартысына дейін ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға конкурс негізінде үлестірілмек. Кездесу барысында ауданның аграрлық әлеуеті де талқыланды.
«Ауданда биылғы 9 айда 24,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Мұндағы егіс алқаптарының көлемі 30,7 мың гектар. Қазір 8,8 мың гектар бидай және арпа толық орылып, 17,7 мың тонна астық бастырылды. 1,8 мың гектар жүгерінің 1,4 мың гектары орылып, 12,5 мың тонна өнім жиналды. Сондай-ақ себілген 11,5 мың гектар майбұршақтың 8 мың гектары жиналып, 18,3 мың тонна өнім алынды. Мемлекет тарапынан бұл бағытта көмек көрсетіліп, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер беріліп келеді», – деді облыс әкімі.
Диқандар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды да тиімді пайдаланып келеді. Биыл «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 30 жобаға 605,8 млн теңге жеңілдетілген несие берілген, аудан шаруалары 47 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі факторы – су ресурсын тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды. Қазір Ислам Даму банкі қаржысы есебінен «Көксу ауданының суару желілерін қайта жаңарту» жобасы іске асырылуда. Жоба 2027 жылы толық аяқталған соң 16 мың гектарға жуық жердің суару жүйесі жақсарып, өнімділік артады.
Кейінгі екі жылда ауданда ветеринарлық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаблиса, Алғабас, Еңбекші, Мұқаншы, Мұсабек, Жарлыөзек, Айнабұлақ және Балпық би ауылдарында жаңа модульдік ветеринарлық пункттер орналастырылып, ветеринар қызметіне төрт автокөлік алынған.
Ауданда 4,5 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді, оларда 6,5 мың адам еңбек етеді. Биыл кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында 1,9 млрд теңгеге 10 жоба қаржыландырылған.
Сондай-ақ Koksu S&M Company сүт зауытына кәріз жүйесін тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұған дейін зауытқа мемлекеттік қолдаумен газ тартылған. Қазір кәсіпорында 60 адам жұмыспен қамтылған, жылдық өндіріс көлемі 1,5 млрд теңгеге жетеді.
Кездесу барысында тұрғындар ауданның инфрақұрылымына қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Атап айтқанда, З.Тамшыбай ауылында ауыз су құбыры желілерін жаңарту жобасы дайындалып, келер жылы іске қосу жоспарланып отыр. Мәмбет ауылындағы жаңа жеке тұрғын үй массивін абаттандыру қолға алынады. Балпық би ауылында көшелерді жарықтандыру және ойын алаңдарын орнату мәселелері бақылауға алынды.
Кездесу соңында облыс әкімі сұрақтарға жауап беріп, сала мамандарына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке қабылдап, әлеуметтік нысандар мен жаңа пайдалануға берілген 20 пәтерлі қызметтік үйді аралады.
Еламан Өмірхан
Жетісу облысы