Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 05 Қыркүйек 2024

Жетісуда екі бірдей су электр станциясын салу қаншалықты қажет?

1
Фото: taunews

Қазір жасыл энергетиканы дамыту мәселесі жиі қозғалады. Осыған байланысты Жетісу облысы Сарқан ауданы Басқан өзенінде екі бірдей су электр станциясы салынып жатыр.

 Бұл су электр станцияларының қуаты 76,5 млн кВт/сағ болады. Жобаға 9,3 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Жалпы, өңірде су электр станциясын салу не береді?! Қарапайым халыққа қаншалықты тиімді?! Су электр станциясының құрылысына жергілікті халықты тарту жұмыссыздықтан құтқара ма?! Осы және өзге де сауалдарды гидролог маман Ғазиза Түсіповаға қойып көрдік. 

– Ғазиза ханым, білесіз, қазір бірқатар өңірлерде жасыл энергетиканы дамыту, жасыл экономикаға көшу мәселесі көтеріліп жатыр. Осы орайда Жетісу өңірінің жасыл энергетиканы дамытудағы қадамдары туралы не айтасыз?!

– Жетісу өңірінің жасыл энергия көзіне айналатыны бұған дейін де қанша мәрте айтылды. Жуырда өңірдегі Сарқан ауданы Басқан өзенінде екі бірдей су электр станциясының салынып жатқаны мәлім болды. Жалпы, бұл облыста жаңартылған энергия өндіретін 15 нысан бар. Оның төртеуі осы Сарқан ауданында орналасқан. Лепсі, Сарқан, Басқан өзендерінде бұған дейін де төрт станция жұмыс істеп тұрды. Енді тағы екі станция жұмысын бастаса, бұл оңды бастама болады. Мұндай жобалар аймақтың инвестициялық қабілетін арттырады. Сондай-ақ өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Бұдан бөлек, аймақта электр қуатының өндірісі артады. Халық жаңартылған энергия көздерін пайдалана бастайды. Сондықтан жобаның қарапайым халық үшін де тиімділігі бар деп есептеймін. Білесіз, қазір су, жел, күн энергетикасын дамыту өте өзекті. Бұл тұрғыда үкіметтің қойған мақсаттары, жоспарлары бар. Өңірлерге артылған міндеттер бар. Жетісу өңірі де сондай міндеттерді орындау үшін су электр станцияларын сала бастады. Су энергетика қорлары – өзендер мен сарқырамалардың суынан алуға болатын энергия қоры. Энергияның бұл көзінің артықшылығы – оның қоры сарқылмайды, үнемі қалпына келіп отырады. Бұл – энергияның арзан, әрі гигиеналық түрғыдан таза түрі. Сондықтан әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып, мұндай станциялар салынғаны жөн. Бұл өзін-өзі ақтайтын тиімді жоба.

– Біздің үкімет болашақта «өндірілетін энергия көздерінің 75 пайызын жасыл энергетиканың үлесінен аламыз» деген жоспар құрып отыр. Жетісу өңірі бұл үдеден шыға алады деп ойлайсыз ба?!

– Биыл Жетісу облысы бойынша су электр станциясы ғана емес, қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясын салу да жоспарлануда. Аталмыш жобаға Сауд Арабиясынан келетін инвесторлар шамамен 1,8 млрд доллар қаражат салады делінген. Егер бұл жоба жүзеге асатын болса, Қазақстан аумағында жаңартылған энергия көздерін орнықты дамытуға мүмкіндік туар еді. Біздің білуімізше, бұл станция қосымша 3500 млрд кВт/сағ жасыл энергия өндіретін болады. Жобаны іске асыру кезінде 250-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылып, үш мыңға жуық адамды уақытша жұмыспен қамтуға мүмкіндік болмақ. Сондықтан өз басым, Жетісу өңірінде жасыл энергетиканы дамытуға мүмкіндік бар деп есептеймін. Инвесторларға қолайлы орта жасау арқылы бұған қол жеткізуге болады.

– Жалпы, біз жылу электр станцияларын, су электр станцияларының құрылысын саларда, жел мен күннен энергия өндірерде көбіне шетелдік инвестицияға, шетелдік мамандарға жүгінеміз. Бұл саланы дамытуда отандық мамандардың ізденісі, салаға инвестиция салуда отандық кәсіпкерлердің үлесі қаншалықты?!

Мен оны пайызға шағып, нақпа-нақ айта алмаймын. Бірақ бұл салада отандық мамандардың тапшылығы, отандық кәсіпкерлердің инвестиция салудағы қарқынының аздығы рас. Сондай-ақ біз станцияларға қажетті құрылғыларды да шетелден әкелуге мәжбүрміз. Мысалы, күн, жел энергетикасын өндіруге қатысты техникалық құралдардың денін сырттан тасимыз. Осы орайда үкімет отандық кәсіпкерлерге мүмкіндіктер беруі керек. Мысалы, Қытайда көлік шығаратын отандық кәсіпкерлерге арнайы жеңілдіктер беріледі. Сол тәрізді біздің атқарушы билік, жергілікті әкімдіктер осы мәселені үкіметте қозғауы керек. Біз егер болашақта жасыл энергетиканы дамытқымыз келсе, осы саладағы отандық мамандардың үлес салмағын арттырғанымыз жөн. Жетісу өңірінің әкімдігі де осы мәселелерді ескеріп, өз жобаларын жүзеге асырарда отандық мамандардың жұмыс істеуіне жол ашу керек. Салада отандық мамандардың болуы өзекті.Еске сала кетсек, «Самұрық-Қазына» компаниясы Жетісу өңіріндегі Жоңғар қақпасы аймағында ЖЭС салынатынын биыл көктемде хабарлады. Астанада өткен халықаралық форум аясында «Самұрық-Қазына», ҚР энергетика министрлігі, Жетісу облысы әкімдігі және ACWA power компаниясының басшылығы ЖЭС жобасын іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар мен мерзімін айқындайтын жоспарға қол қойған.Сауд Арабиясының ACWA Power компаниясының энергетикалық портфеліне 12 елдегі 77 актив кіреді. Жобалардың жиынтық қуаты 50,4 ГВт электр энергиясынан асады, ал компанияның жобаларға инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 78,2 млрд долларды құрайды. Әрине, мұндай алып қуатты компаниялар бізде санаулы ғана. Бірақ бізге осындай қуатты отандық компаниялардың үлесін арттырған абзал. Ол компаниялар экономиканы дамытудың күшті құралына айналғаны жөн.

Қ.САЙЛАУ

Жетісу облысы

Тегтер: