Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 02 Қазан 2025

Жетісуда еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

1

«Еңбек күні» мерекесі қарсаңында Жетісу облысында түрлі саланың үздік қызметкерлері марапатталды. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, білім, денсаулық, мәдениет және өзге де бағыттарда еңбек етіп жүрген мамандарға айрықша құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтау сөз сөйлеп, аймақта жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мен білікті кадр даярлауға баса назар аударылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылы Талдықорғанда халықаралық стандарттарға сай «Zhetysu Skills» орталығы ашылмақ. Сондай-ақ биыл өңірдегі 11 колледжде 14 жаңа мамандық енгізіліп, «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» жасалды.

«Өңірде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және білікті кадр даярлау үшін барлық жағдай қарастырылған. 2026 жылы ашылатын «Zhetysu Skills» жобасы облыс деңгейінде әртүрлі жұмысшы мамандықтарды даярлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ студенттер осы орталықта заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, кәсіби дағдыларын шыңдайды. Бұдан бөлек, «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» жасалып, жаңа, трансформацияланатын, жойылып бара жатқан және аса тапшы кәсіптер тізбесі анықталды. Ел президенті жолдауында атап өткендей, «Адал да қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен адамдар әрқашан құрметке бөленуі шарт». Сондықтан мереке қарсаңында адал еңбектің адал қызметкерлерін марапаттау – құрмет пен жоғары сенімнің белгісіне теңейміз», – деді М. Көлбаев.

Мерекелік шарада экономиканың 11 түрлі саласында еңбек етіп жүрген 20-ға жуық еңбеккерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификат табысталды. «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

«Еңбек жолы» байқауында Қаратал ауданына қарасты Жаңаталап ауылындағы ұстаздар әулеті «Үздік еңбек әулеті» атанса, Ескелді ауданынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Раушан Зайтбекова үздік тәлімгер деп танылды. Панфилов ауданындағы мал дәрігері Бауыржан Машанбаев «Үздік жас өндіріс маманы» аталымында жеңіске жетті.

Ал «Парыз» байқауында Көксу қант зауыты «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Қайнар-АКБ» зауыты «Әлеуметтік жауапты кәсіпорын», ал «Темірбетон» серіктестігі «Үздік ұжымдық шарт» номинацияларын иеленді. «Адал еңбегіміздің бағалануы – болашақта одан әрі жемісті жұмыс істеуге жігерлендіреді», – деді «Астана-Құрылыс» ЖШС қызметкері.

Сондай-ақ марапат иелерінің қатарында еңбек ардагерлері де болды. Салтанатты іс-шара соңында Д.Рақышев атындағы облыстық филармония өнерпаздары шағын концерт қойып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Еламан Өмірхан

Жетісу облысы