Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Жетісуда кәсіпкер ұрланған субсидияны казиноға жұмсаған

казино
Фото: ЖИ

Жетісу облысында ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияны жымқырған кәсіпкердің әрекеті әшкереленді. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ол екі жыл бойы жалған құжаттар мен өтірік есептерді пайдаланып, бюджеттен жүздеген миллион теңге алып отырған.

Тергеу дерегіне сәйкес, кәсіпкер басқарған жауапкершілігі шектеулі серіктестік ауыл шаруашылығы басқармасына сүт өңдеу көлемі туралы жалған мәлімет берген.

  • Есептерде жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алынғаны жөнінде жалған деректер көрсетілген.

  • Сондай-ақ май өндірісі туралы да шындыққа жанаспайтын мәліметтер ұсынылған.

Осылайша мемлекетке келтірілген шығын 300 миллион теңгеден асқан.

Казиноға кеткен қаражат

Тергеушілердің мәлімдеуінше, жымқырылған ақшаның 110 миллион теңгесі кәсіпкердің казино ойынына жұмсалған.

Істе көрсетілген зауытқа сот шешімімен тыйым салынды. Оның құны 300 миллион теңгеден жоғары бағаланған. Күдікті қазір үйқамақта отыр. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр..

Бұған дейін Жамбыл облысында да екі компания басшысы құжаттарды қолдан жасап, алма көшеттерін сатып алған болып, 370 миллион теңгеден астам субсидияны жымқырғаны анықталған еді.