Жетісуда үш ауылға газ жетті
Жетісу облысында ауылдарды газдандыру қарқыны артып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес өңірде көгілдір отынмен қамту жұмысы сәтті жүріп жатыр.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы жолдауларында және өңірлерге сапары барысында тұрғындарды қолжетімді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен болатын.
Газдандыру – елді мекендердегі тұрмыс деңгейін арттырумен қатар, экологияны жақсартудың, халық үшін қауіпсіз әрі тиімді энергия көзін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Кейінгі жылдары осы бағытта Жетісу облысында ауқымды жұмыстар қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазір облыстағы көптеген ауыл көгілдір отынның игілігін көре бастады. Соның айқын дәлелі – жақында Ескелді ауданындағы үш ауылда газ жүйесі іске қосылды.
Ескелді ауданының Теректі, Ақтасты және Қайнарлы ауылдарында тұратын 1 800-ден астам тұрғын үй шаруашылығын жүргізу барысында алғаш рет табиғи газды қолдануға мүмкіндік алды. Бұған дейін бұл ауылдарда үйлерді көмір мен ағаш отын арқылы жылытатын. Үйге от жағу әсіресе қыс айларында едәуір қиындық туғызатыны белгілі. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, газдандыру жұмысы бірнеше кезеңді қамтыған. Жалпы үш ауылға тартылған газ құбырының ұзындығы 48,4 шақырым. Бұл күрделі инженерлік әрі инфрақұрылымдық жоба.
Көгілдір отынның келуі жергілікті халық үшін үлкен қуаныш болды. Қайнарлы ауылында тұратын алты баланың анасы Гүлім Тобықбаева бұл жаңалықты асыға күткен.
«Бұл біз үшін зор қуаныш. Бұрын пеш жағу, күл тазалау, көмірді сақтау – күнделікті әурешілік еді. Қазір үй жылы әрі таза. Ең бастысы, балалар тоңбайды. Уақыт үнемделіп, үй шаруасы жеңілдеді. Мүмкіндік туса, балалардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге болады. Үлкен іске атсалысқан азаматтарға алғыс айтамыз», – дейді көпбалалы ана.
«Көмірдің бағасы жыл сайын өсіп келеді. Жыл бойына жүз мың теңгеден астам қаржы кететін. Оның сыртында көмір сақтау, үйге кіргізу, пеш жағу… егде адам үшін оңай шаруа емес. Газдың келгені – біз үшін жеңілдік әрі қауіпсіздік. Үйіміз енді жылы да жайлы болады», – дейді 77 жастағы Қаршыға Сақаева есімді ауыл тұрғыны.
Бұл пікірлер жобаның әлеуметтік маңызының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Ескелді ауданында 33 елді мекен бар, соның 21-іне газ тартылған. Қазір олардың 19-ы табиғи газға қосылған. Бұл қатарға енді Теректі, Ақтасты және Қайнарлы ауылдары да қосылып отыр.
Келесі кезекте – Көкжазық және Жалғызағаш ауылдары. Бұл елді мекендерде газ тарату желілерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ тұрғындардың сұранысы негізінде газдандыру жоспарына енгізілмеген Теңлік, Биғаш және Жеңдік ауылдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл ауылдарда құрылыс-монтаж жұмыстары келер жылы басталады.
Нәтижесінде 2026 жылға қарай Ескелді ауданындағы 24 ауыл газбен қамтылып, 47 мыңнан астам адам немесе аудан халқының 93 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.
Табиғи газ халық үшін экологиялық және экономикалық тұрғыда өте тиімді екені анық. Ол көмір мен дизель отынына қарағанда қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайды. Үй ішінде де, сыртқы ортада да шаң-тозаң азаяды. Бұл әсіресе балалардың және қарт адамдардың денсаулығына оң әсер етеді. Сондай-ақ газ пеш жағуға кететін уақыт пен еңбекті айтарлықтай қысқартады.
«Президент тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл аяғына дейін газдандыру деңгейі 72 пайызға жетеді. Ал облыс құрылған кезде небәрі бес елді мекенде ғана табиғи газ болған еді. Табиғи газ – отын түрлерінің ішіндегі экологиялық жағынан ең тазасы. Ол қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайды. Оның үстіне бұл отын түрін сақтау үшін арнайы орын қажет емес, пеш жағу мен тазалауға кететін уақыт та үнемделеді. Жалпы табиғи газ халықтың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Қуан Өмірхан
Жетісу облысы