Жетісуда жержаңғақ өсіру – ауыл шаруашылығындағы жаңа бағыт

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы саласы жылдан-жылға жаңарып, заманауи технологиялар мен жаңа дақыл түрлерін енгізу арқылы аймақтың аграрлық әлеуеті артып келеді.
Биыл өңірде алғаш рет жержаңғақ өсіру қолға алынып, бұл тәжірибе шаруалар мен мамандар тарапынан зор қызығушылық тудырып отыр.
Жержаңғақ – бұршақ тұқымдасына жататын, құнарлы әрі пайдалы дақыл. Оның құрамында 45 пайызға дейін май мен 25 пайызға жуық нәруыз бар. Сондықтан ол адам ағзасы үшін аса құнды тағамдық өнім саналады. Әлем елдерінде жержаңғақтан түрлі тағамдар, май, десерт және сүт өнімдері дайындалады. Ең бастысы, бұл өсімдік топырақты азотпен байытып, басқа дақылдарға пайдалы әсер етеді. Яғни, жержаңғақ тек тағамдық қана емес, экологиялық маңызы бар дақыл.
Биыл Ақсу ауданының шаруалары алғаш рет жержаңғақ егуді бастады. «Жетісу жер» ЖШС шаруа қожалығының директоры Қанат Саниязовтың айтуынша, аймақтың климаттық жағдайы, әсіресе Қызылағаш өңірінің ыстық әрі құрғақ ауа райы бұл дақылды өсіруге өте қолайлы.
«Біз ауыл шаруашылығымен үш жыл бұрын айналыса бастадық. Алғашында қант қызылшасы мен жүгері ектік. Кейін тәжірибе түрінде Өзбекстаннан әкелінген тұқыммен 1,5 гектар жерге жержаңғақ отырғыздық. Бұршақ тұқымдастардың өнімділігі жақсы шықты. Ал жержаңғақтың болашағы зор екеніне көзіміз жетті», – дейді шаруашылық басшысы.
Жержаңғақ ерекше күтімді қажет етпейді, дер кезінде суару мен тыңайтқыш жеткілікті. Егер тиісті агротехникалық талаптар сақталса, әр гектардан 3-тен 5 тоннаға дейін өнім алуға болады. Бұл – өңір жағдайына шаққанда өте жақсы көрсеткіш.
Қазір шаруашылық жержаңғақтың алғашқы өнімін жинауға дайындалып жатыр. Келер жылы егістік аумағын 10-15 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Биылғы өнім шағын қаптамаларға буылып, жергілікті нарыққа ұсынылады. Қанат Саниязовтың пікірінше, болашақта «Жетісудың жержаңғағы» аймақтың жаңа брендіне айналып, отандық нарықта импорт өнімнің орнын басуы әбден мүмкін.
Шаруашылықта қазір 15 адам еңбек етеді. Егін жинау жұмыстары кезінде жергілікті тұрғындармен қатар басқа өңірлерден келген мамандар да тартылады. Барлық процесс заманауи техникамен атқарылады – тіркемелі комбайндар, алты трактор және жаңа суару жүйелері жұмыс істейді.
Мемлекеттік қолдау да шаруаларға үлкен көмек болып отыр. Қанат Саниязовтың айтуынша, шаруашылық жеңілдетілген жанар-жағармай, тыңайтқыш және пестицид түрінде субсидия алады. Сондай-ақ 2022 жылы жаңбырлатып суару жүйесі орнатылып, шығынның жартысын мемлекет өтеп берген. Енді келер жылы тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланған.
Қазір шаруашылықта жаңбырлатып суару жабдықтары 65 гектар жерге орнатылған. Сондай-ақ суды үнемдеуге мүмкіндік беретін дискретті суару әдісі де қолданылып жатыр. Бұл тәсіл өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдаланып, өнім сапасын арттыруға жол ашады.
Жетісу облысы – ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда дәнді және майлы дақылдар, жем-шөп, бақша өнімдері, көкөніс пен қант қызылшасы өсіріледі. Биыл бұл тізімге алғаш рет бұршақ пен жержаңғақ қосылды.
Қазір өңірдегі егіс алқабының жалпы көлемі 500 мың гектарға жетті. Осы кең даланың әр түкпірінде жаңа өнім түрлерін игеру бастамалары жүзеге асып жатыр. Солардың ішінде жержаңғақ ерекше мәнге ие, өйткені ол Жетісу халқының еңбегін жаңа деңгейге шығарып, өңірдің экологиялық және экономикалық тұрақтылығын нығайта алады.
Жетісу жерінде жержаңғақ өсіру – ауыл шаруашылығына тың серпін беретін бастама. Бұл дақылдың аймақ экономикасын әртараптандыруда, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда және жаңа бренд қалыптастыруда үлесі зор. Алдағы жылдары Жетісудың жержаңғағы еліміздің басты аграрлық өнімдерінің біріне айналуы әбден мүмкін.
Еламан Өмірхан
Жетісу облысы