Жетісудың 25 мың гектар егіс алқабы судан тарықпайды
Жетісу облысы кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуда, соның ішінде егін шаруашылығын өркендетуде айтарлықтай табысқа жетіп отыр.
Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мен су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде жердің құнарлылығы артып, өнім көлемі жыл сайын өсіп келеді.
Қазір облыста 25 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз ету үшін каналдарды реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл жобалар Жетісудың ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Көксу ауданында Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірінші кезеңде ұзындығы 108,7 шақырым болатын 9 канал жөнделіп жатыр, ал екінші кезеңде тағы 157,8 шақырымдық жүйелер жаңартылады деген жоспар бар. Нәтижесінде аудандағы суармалы жер көлемі 13,6 мың гектарға дейін ұлғайып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі артады деген болжам бар.
Ақсу ауданында да каналдарды бетондау жұмыстарының 75 пайызы орындалған. Жоба толық аяқталған соң 11 мың гектар жерге тұрақты су жеткізіледі. Бұл жүгері, бидай, картоп және қант қызылшасы сияқты негізгі дақылдардың өнімін еселеп арттырады.
Су ресурстары және ирригация министрі бұл бағыттағы жұмыстардың өңір экономикасына зор серпін беретінін атап өтті. «Жетісуда атқарылып жатқан ирригациялық жобалар өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Аграрлық секторды сапалы әрі уақытылы сумен қамтамасыз ету – басты міндетіміздің бірі», – деді ол.
Ирригациялық жүйелерді жаңғырту мен суармалы жерлерді кеңейту Жетісудың егін шаруашылығын жаңа белеске шығарады. Бұл өз кезегінде ауыл халқының тұрмысын жақсартып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады.
Биыл өңір егіншілері үшін табысты жыл болды. Жетісу диқандары 600 мың тоннадан астам астық, 350 мың тонна қант қызылшасы, 230 мың тонна картоп, сондай-ақ 200 мың тоннадан астам көкөніс пен бақша өнімін жинады. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Мәселен, Көксу және Ақсу аудандары қант қызылшасы мен жүгері өндіруден облыс бойынша алдыңғы орында. Балқаш және Сарқан аудандары дәнді және майлы дақылдардан рекордтық өнім алды. Шаруалар жаңа су үнемдеу технологияларын енгізіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдана бастады. Соның арқасында суды үнемдеп, өнім сапасын арттыруға қол жеткізді.
Қызылағаш су қоймасының қайта іске қосылуы да өңірдің егін шаруашылығына зор серпін берді. Қойманың қуаты арқасында Ақсу ауданында қосымша 4,5 мың гектар жер айналымға енгізіліп, ауыл шаруашылығына қажетті су қоры сенімді түрде қамтамасыз етілді.
Қазір Жетісу өңірі республикадағы ең ірі егіншілік аймақтарының біріне айналып отыр. Өңірде өсірілетін астық, көкөніс және қант қызылшасы өнімдері ішкі нарықты ғана емес, көрші облыстар мен шетелдік нарықты да қамтамасыз етіп отыр.
Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен мемлекеттің қолдау шараларының нәтижесінде Жетісу диқандары елдің азық-түлік қауіпсіздігіне зор үлес қосып келеді. Ал суармалы жерлерді кеңейту мен егін шаруашылығын жаңғырту осы табыстарды еселейтін сенімді негіз болмақ.
Қуан Өмірхан
Жетісу облысы