Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 14 Наурыз 2022

Жезқазғанда серпіліс байқалады

None
None

Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегілерге  халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға басымдылық беруді тапсырды.

Мемлекеттік деңгейдегі тосқауылдарды іске асыру бағытында, Жезқазған қаласында жаңа тапсырмалар қолға алынды.

Дегенмен, былтырғы жылы мысты шаhардың  құрылыс саласында кері динамика орын алды. Оған Қытайдан келетін жабдықтарды жеткізу едәуір қиындық туғызған.   

-Бұл бағыттағы инвестиция көлемі 18 млрд теңге. 2021 жылы үш жобаны іске қосу жоспарланған болатын, бірақ оған пандемия кедергі туғызды. Біздің болжам бойынша орындалмаған  міндет биыл тәмамдалады.  Таратып айтқанда,  екі мектеп пен екі балабақшаның  инфрақұрылымын күрделі жөндеуден өткізу межеленген. Сонымен қатар,  спорт академиясының 200 орындық жатақанасын салу аяқталады. «Жезқазған өңірінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту»  бағдарламасы аясында, «Қазақмыс» корпорациясының қаржысына  сыйымдылығы 880 бүлдіршінге арналған  4 балабақша  басталады. Бұл  мектепке дейінгі мекемеге  сұраныс білдіріп отырған ата-аналардың  82 пайызының  қажеттілігін шешеді, -дейді Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа Келмағанбетова.

          Әлеуметтік білім беру ұйымдары  бойынша жүргізілетін меже осындай. Мысты өлкеде сонымен қатар,  тұрғын үй құрылысының  екпіні қауырт.  Бастама баспанаға мұқтаж тұрғындардың сұранысын жоспарлы түрде шешуге оң септігін тигізбек. Бүгінде қалада 4118 адам пәтер кезегінде тұр.

-Орталық көшеде салынып жатқан 3 көп қабатты үй биыл иелеріне үлестіріледі. Ол жалға берілетін баспаналар. Мұнымен қатар, бізде коммерциялық тұрғын үй  тұрғызуда да кідіріс жоқ. Биылғы жазда  отыз және қырық пәтерлі көп қабатты екі  үй салынып бітеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жекеменшік тұрғын үйлердің кәріз және байланыс жүйесін орнатуға 630 млн теңге қаржы бөлінді.  Бұдан бөлек, бес  көп қабатты тұрғын үйді абаттандыру жұмысы басталды. Былтырдан бері  қалада жеке тұрғын үй салам деушілерге  504 жер телімін үлестіру басталды. Ол екі кезекпен беріледі. Тағы бір айта кетерлік жәйт, шаhар әкімдігі жаңадан тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қабылдады. Ол бойынша, 3 жылдың ішінде қаладағы 137 апатты және тозығы жеткен үйлер қалыпқа келтірілетін болады.  Қазір  инвестор іздеу бойынша интернет-ресурсқа орналастыруға құжаттар әзірлену үстінде. Бұл бағдарламада негізгі жауапкершілік инвесторға жүктеледі. Себебі, пәтер мен нысандардың меншік иесіне тек инвестор баламалы тұрғын үй мен нысандар беруі тиіс,-деп мәлімдеді Мәруа Көңілбайқызы.

Жезқазғанда сапалы ауыз су өзекті  мәселе.  Тұрғындарды таза тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін инфрақұрылымды жаңартуға соңғы жылдары  көңіл бөліне бастады. Өткен жылы қала ішіндегі 15,4 шақырым жылу және 6 шақырымдық су құбырының желілері және 0,6 шақырымдық кәріз желілері жөндеуден өткен.

-«Өңірлерді дамыту»  бағдардамасы бойынша  қазіргі күні жалпы ұзындығы 219 шақырым қалаішілік су құбыры желілері үш кезекпен қайта жабдықталып жатыр. Бүгінге дейін 163,4 шақырым су құбыры жаңартылды. Бұл  жоспардың 75 пайызы еңсерілді деген сөз. Жұмыстың жүйелі жүруі    су құбыры  желілерінің тозуын 36 пайызға дейін кемітеді.  Аталған жоба 2023 жылы аяқталады. Көптен бері орын алған келесі   түйткіл- тұрғын үйлерді кәріз жүйесіне қосу. «Қазақмыс барлау» компаниясының жоспарында өз обьектілеріне дейін кәріз жүйесін жаңарту міндеті  бар. Ол компания маңдағы шағын аудан үйлеріндегі ақауды қалыпқа келтіруге септігін тигізеді,-дейді құрылыс бөлімінің жетекшісі.

Облыс орталығынан шалғай жатқан қалада дәстүрлі мыс өндірісінен кейін,  жаңа инвестициялық жобалар тарту тиімді жүргізілуде. Былтыр «С и Жест» ЖШС-нің құрылыс материалдарын өндіретін зауыт салуға инвестиция тартылған. Жобаның құны 450 млн теңгеге бағаланған. Инвестицияның келуімен қатар,  30  адамға жұмыс орыны құрылды. Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, биыл 31  шағын және орта бизнес нысаны ашылады. Ол бөлшек саудадағы тауар айналымы көлемін ұлғайтуға септігін тигізбек әрі 140-тан астам адамға  жаңа жұмыс орынын ұсынады.  2022 жылы  Жезқазғанда тауар айналымының көлемі шамамен 59 млрд теңге жетеді деп күтілуде. Бұл азық-түлік бағасының қымбаттауын тежейді. Жақын арада  «Ұлытау Дала» шағын маркеті тұтынушыларға есігін ашпақ. Жалпы инвестиция көлемі 80 млн теңгені құрайды.  Аталған сауда нүктесі 24 тұрғынды еңбекке тартады. Былтыр Жезқазғандық кәсіпкерлер  жұмыссыз жүрген 517 жерлестерінің өтінішін қанағаттандырылған.   

Тегтер: