Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

«Жігіттер жеңіспен оралсын»: желіде Нұрлан Сабуровқа қатысты видео талқыланып жатыр

Нұрлан Сабуров
Фото: скриншот

Әлеуметтік желілерде қазақстандық комик Нұрлан Сабуров Ресей жағында соғысып жатқан Вагнер жеке әскери компаниясы бөлімшесіне мотоциклдер табыстап жатқандай көрінетін видео кеңінен талқыланып жатыр.

Аталған бейнеролик 2025 жылғы 7 шілдеде Истра қаласы әкімдігінің парақшасында жарияланған. Кадрларда Сабуровқа ұқсас ер адам өзінше «Истрадағы Вагнер легионының» жауынгерлеріне, Ресей Батыры Александр Кузнецовтың жетекшілігіндегі бөлімшеге 10 эндуро мотоциклін тапсырып жатқанын айтып, олардың «аман-есен әрі жеңіспен оралуын» тілейді.

Видео барысында ол бұл техниканың жүк, азық-түлік және көмек жеткізуге қажет болатынын атап өтеді.

Алайда бейнероликтің шынайылығына қатысты күмән де туындады. «За нами уже выехали» Telegram-арнасы бірқатар күдікті жайттарға назар аударған:

  • мотоцикл дөңгелектерінің қозғалысы табиғи емес көрінеді;

  • артқы фон «секірмелі» болып, сапасыз монтажды еске салады;

  • видео сапасының төмендігі кадрдағы адамның нақты кім екенін анықтауға мүмкіндік бермейді.

Арна авторлары бұл роликтің ескі «жалған ақпарат» болуы немесе цифрлық технологиялар арқылы жасалған монтаж болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, нақты қорытындыны тек кәсіби сарапшылар ғана бере алады.

Айта кетейік, 6 ақпанда Нұрлан Сабуров "Внуково" әуежайында ұсталып, кейін оған Ресейге 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғаны хабарланған еді. БАҚ дерегінше, мұндай шешімге оның «арнайы әскери операцияны» сынауы, сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын бұзуы себеп болуы мүмкін.

Комик бұл айыптауларға қатысты көпшілік алдында пікір білдірген жоқ. 7 ақпанда ол Алматыға ұшып келген. Ал 8 ақпанда Instagram желісінде алғаш рет үн қатып, жағдайды жария түрде талқыламайтынын, барлық сұрақты заңгерлеріне тапсырғанын мәлімдеді.