Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 11 Маусым 2024

ЖИ-дің этикалық кодексі, адамзатқа қаупі және пайдасы

Жасанды интеллект
Фото: из открытых источников

Нейрожүйелердің қарыштап дамуы адамзат баласына адам айтса нанғысыз мүмкіндіктер сыйлап келеді. Сурет салам, роман жазам десек те жасанды интеллектінің тілін білу жетіп жатыр. Асып түспесе, кем түспейтін шедеврді жарты-ақ минуттың ішінде алдыңа жайып салады.

Бүгінде адам қиялынан туған, адам ақылынан жылдам нейрожүйенің мүмкіндіктері әлемде екі түрлі көзқарас қалыптастырды. Бірінікі «қолымыз аузымызға әрең жетіп тұрғанда жасанды интеллект орнымызды басып, жер сипап қалмасақ нетті» деген сарыуайым болса, бірі «цифрлық дәуірдегі жаңа тыныс» деп масаттанады. Ал өзінің озық технологияларымен жаһанның бағыт-бағдарын өзгертіп жүрген Илон Маск пен Стив Возняк сынды сайыпқырандар әлемнен ЖИ-дің дамуын бақылауда ұстап және оны тежей тұруды сұраса, жасанды интеллектінің «өкіл әкесі» атанған Джеффри Хинтон «жақын болашақта адамдар шынайы мен жасанды өмірдің аражігін айыра алмай қалады» деп дабыл қақты, Google-дегі креслосын босатып жатып.

Абай біздің заманда туса «сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де жасанды интеллекті» деуші ме еді, кім білсін? Кейде ЖИ-дің бүкіл салаға дендеп енуі Forte Bank-тың заңмен қудалануы тиіс олқылығы тәрізді әрекеттерді жасанды интеллектіге ысырып, жауапкершіліктен жалтара ма деп алаңдаймыз. Жасанды интеллектінің этикалық кодексі заңмен бекітілмегендігінің түбі қоғамда заң бұзушылықты көбейтпей ме екен деген үрей тудыратыны тағы бар. Осы тұрғыда белгілі журналист, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға-оқытушысы Бекжан Әшірбаевпен тілдестік.

«Қазір адамзат баласы төртінші өнеркәсіптік төңкеріс дәуірінде өмір сүріп жатыр. Расында, қазір әлемде жасанды интеллект трендке айналған бағыттардың бірі болды. Өзімнің ғылыми-педагогикалық бағытымда көптеген конференцияларға қатысып жүрмін. Сол жерден менің түсінгенім, егер сіз әскери тұрғыдан, ақпараттық тұрғыдан үстем ел болсаңыз, сіз өзіңіздің авторлық құқығыңызды қорғай аласыз. Ал егер Ауғанстан сияқты, Африканың елдері сияқты үшінші-төртінші мәндегі субъекті болсаңыз, сіз, әрине, бұл жерде жасанды интеллектінің жеміне айналасыз.

Біздің қолданыстағы «Масс-медиа туралы» заң болсын, «әлеуметтік желі туралы» келешекте шығатын заңдар болсын, жасанды интеллектінің құқықтық нормаларын анықтау керек. Онсыз болмайды. Адамзат баласы әлі бұған келген жоқ. Бұған өркениеті дамыды деген Еуропа елдері де келген жоқ.

Forte Bank мәселесіне келетін болсақ, жасанды интеллект сіздің ақпаратты сұрыптап, мәтінді сіздің стиліңізде шығарады. Бұл жерде «қазақ тілін білу – міндетті емес» дегенді жасанды интеллект жазды деп аударып жібере салғанға мәтіндік экспертиза жасалу керек. Бұл өте оңай тәсілге айналды. Бұндай бір ұлттың намысына, ұлттық болмысына тиетін мәтіндерді жасанды интеллектіге аудара салу қаншалықты дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан «кәсіпкерлік» деген заңымыз бар, «тауар белгілері» деген заңдарымыз бар, осыларға қосымша баптар енгізілуі керек» – дейді Бекжан Әшірбаев.

Журналистің пайымынша, шығармашылық адамдарға, гуманитарлық саладағы адамдардың бәріне жасанды интеллектіге қатысты белгілі бір дәрежеде тыйымдар мен шектеулер болуы керек. Оған себеп – қоғамның барлық саласына дендеп еніп жатқан жасанды интеллектінің авторлық құқықты сақтамауы. Өзінде бар заңдардың орындалуы қиын Қазақстан сынды мемлекеттер «антиплагиат», «авторлық құқық» сынды базалық нормаларға түзетулер енгізіп, пысықтап алу керек. Әйтпесе, заң үстемдік құрмаған, заң шикілігі бар мемлекетте жасанды интеллектінің келуі өте үрейлі дүние болмақ деген пікірде.

Жалпы жасанды интеллектінің дамуын тежеу бойынша әлемдік үндеулерге қарамастан, біздің үкімет жасанды интеллектіден тек оң өзгерістер көреді. Тіпті Қазақстан үкіметі 27 сәуірде Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетін құрды. Үкімет те Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жариялап үлгерді. Бұл жобада 2029 жылға қарай 80 мың адам ЖИ маманын дайындау көзделген.

Жасанды интеллектінің адамның кәдесіне жарайтын тұстары барына талас жоқ. Мәселен, адамның физикалық әлеуетін қажет ететін зауыт-фабрика, құрылыс, шахта сынды ауыр өнер кәсіптегі жұмыс күшін жасанды интеллектіге ие роботтар алмастырса, оқыс оқиғалардың салдарынан туындайтын адам шығыны азаяр еді. Ал ЖИ-дің медицина саласындағы аяқ алысы тіпті керемет. Науқастың кеселін дереу анықтайтын жасанды интеллект медицина саласына жаңа серпін беріп, ақ халаттылардың жұмысын жеңілдетті. Үкімет те өз кезегінде жасанды интеллектінің осындай олжалы әрі игі тұсына басты назар аударса керек. Білдей бір комитет құрып, оның құзыретіне салааралық үйлестіру жұмысын беріпті. Бұл орайда, көкейде шаш ал десе бас алатын үкімет «жасанды интеллект саясатында» не нәрсені естен шығармағаны жөн, артық қыламын деп тыртық қылмас үшін үкімет нені ескеруі тиіс деген заңды сұрақ туады. Бұл мәселеде әлеуметтанушы Әнел Әлібекованың пікірін сұрап көрдік.

«Жалпы айтқанда, жасанды интеллектінің пайдасы да бар, зияны да бар. Бірақ зияны бар екен деп дамуын тоқтату меніңше дұрыс емес. Ауаның ластануына зауыт, көліктердің зияны болса да оның жұмысын тоқтатып қойған жоқпыз. Жасанды интеллектке келгенде де тура солай. Қазіргі таңда, ғалымдар болсын, кез келген қарапайым адам болсын ЖИ-ді көмекші құрал ретінде пайдалануы тиіс. Бар негізгі жұмысты оған артпай, тек зерттеу, яки ізденіс жұмыстары барысындағы бағыт-бағдар беруші құрал ретінде пайдаланғандары абзал. Өзіміз де чат GPT, Gemini-Bard сынды ЖИ құрылғыларын бағдар беретін гайд ретінде пайдаланамыз. Бірақ ақпараттың рас-өтірігін тексереміз. Себебі ақпараттың растығына жүз пайыз кепілдік жоқ.

Үкіметтің осы салада, яғни цифрлық кодтау жүргізіп жатқанын естіген болатынмын. Бұл жерде, тағы да қайталап өтейін, жасанды интеллектіні тек көмекші құрал ретінде пайдалану керегін естен шығармаған жөн. Одан бөлек, ЖИ-ді пайдаланарда шектеу болу қажеттігін, мүмкіндік жағынан ақпарат ағымына қолжетімділікті 18-21 жасқа дейін шектесе деп ойлаймын».

Әлеуметтанушыдан қоғамда жұмыссыздық проблемасын тудырмай ма деп те сұрап көрдік. Бұл сұрақтың негізі сарапшылардың ЖИ келешекте 8 миллионға жуық британиялықты жұмыссыз қалдырады, ал алдағы 5 жылда нейрожүйелер қарқынды енгізіліп жатқан Гонконгте 800 мыңға жуық адам өз нәпақасынан қағылуы мүмкін деген болжамында жатыр. Ал әлем бойынша 300 млнға жуық адам жұмыссыз қалады деген долбар тағы бар.

Алайда әлеуметтанушы Әнел Әлібекова жасанды интеллектінің даму қарқыны кадрлық саясатқа аса бір қауіп туғызбайды дейді. Бұл ақпараттық технология біраз жұмыс түрлерін жойса да, оның орнын басатын жаңа жұмыс орындары пайда болу мүмкін екенін айтады. Мәселен, жасанды интеллект арқылы қоқыс жинайтын роботтар пайда болса, қоқыс жинаушылар жұмысы жоғалады. Бірақ та бұл жұмыс түрі жоғалса да роботтардың ақауын түзеп, кінәратын жөндеп тұратын жаңа мамандық пайда болары сөзсіз.

Жоғарыда нейрожүйелердің даму тегеуріні бүкіл саланы жаулап алды деп айттық. Білім-ғылым саласы былай тұрсын, бизнеске де ауыз салған. Осы тұрғыда MSc, University of Surrey түлегі, PhD докторант, жасанды интеллект бағытында семинар-тренингтер өткізетін зерттеуші-маман Нұржан Мұхтарұлынан нақтылап көрдік.

«ЖИ бизнестің кез келген саласында қолданылып жүр. Қарапайым мысал келтіретін болсақ, кез келген бизнестің әлеуметтік парақшасын жүргізетін кезде бұрынғыдай постқа текст жазатын копирайтерді жасанды интеллект алмастырды. Мынадай тақырыпқа, мынадай идеяға десеңіз, пост жазып береді. Идея бер десеңіз, идея береді. Бір айға контент план жазып бер десеңіз, контент план жазып береді. Бұрын әлеуметтік желі жүргізуге SMM маман жалдасаңыз, қазір SMM маман саны қысқарады.

Текстен бөлек, келешекте зауыттағы автоматтандырылған жүйелердегі жасанды интеллектінің бүкіл деректерді өзі талдап, өзі шешім қабылдайтын түрлері шығады. Тіпті шығып, қолданылып жатқан да шығар. Қазір де операторлардың орнын жасанды интеллект басты. Клиентте туындаған мәселені жасанды интеллектпен адамша сөйлесіп, шеше беруге болады».

Расында, бұл дүниелер бүгінгінің кәсіпкеріне таңсық дүние емес. Жасанды интеллектіні түсініп алып, маркетингін де, жарнамасын да осы нейрожүйелер арқылы айналдырып, табысқа кенеліп отыр. 2014 жылы миллиардер Джефф Безос те өзінің Amazon.com компаниясының жүк тасымалдаушы қызметкерлерін ақылды роботтармен алмастырған болатын.

Нұржан Мұхтарұлы ЖИ-дің игілігінен бөлек қауіпті тұсын да ашық мойындап отыр. Ол адамзаттың жалқаулығына, адамның шығармашылық болмысын өлтіреді дейді. Ал интернет әлемінде жинап жатқан дерегінің арты қайда апаратыны беймәлім деп отыр. Келешекте жасанды интеллектінің деңгейі өсіп, роботтар өздері шешім қабылдайтындай деңгейге жететін болса Алекс Пройстың қиялынан туған «Мен, Роботпын» фильмі шындыққа айналатын да шығар, кім біледі?

Нұрмұхаммед Райымбек