Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:08, 04 Шілде 2024

ЖИ көмегімен қылмыскерді анықтауға болады

Жасанды интеллект
Фото: из открытых источников

Жасанды интеллект – қазіргі заманның ең маңызды технологиялық жаңалықтарының бірі.

 Ол өмірдің және бизнестің әртүрлі аспектілерін түбегейлі өзгертуге қабілетті. Қазақстан жаһандық қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде ЖИ технологияларын белсенді түрде енгізіп, дамытып келеді, елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға ұмтылады.

Қазақстан үкіметі жасанды интеллектіні бизнес, инновация, IT секторы, медицина сынды көптеген салаларда белсенді қолданып келеді. Медицина саласына IT технологияларды енгізумен айналысатын жас стартапшы Шыңғыс Құлахметов ЖИ көмегімен – қауіпті және зиянды өндірісте жұмыс жасайтын қызметкерге ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексеруден бір минут ішінде өтуге мүмкіндік беретін MED365 жобасын енгізген. Айтуынша, MED365 термометрмен, тонометрмен, алкотестермен және пупиллометрмен жабдықталған автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесінің (АСМО) көмегімен жасалады. Барлық деректер арнайы жүйеге түседі, онда жасанды интеллект оларды өңдейді және дәрігерлерге адамның денсаулығына қатысты мәселелер туралы сигнал береді.

«Бағдарламалық жасақтамаға қазір болжамдар мен аналитиканы жақсарту үшін жасанды интеллект енгіздік. Сондай-ақ жасанды интеллектіні пупиллометрмен біріктірдік. Бұл синтетикалық есірткі қолданатын адамдарды анықтауға көмектеседі. Синтетикалық есірткінің іздері қан анализінде де, зәр анализінде де көрінбейді. Бірақ оларды көз жанары арқылы анықтауға болады. Қазір біздің аппараттар наркологиялық диспансерлерде тұр, онда орталыққа есірткіге масайған күйде және 10 күннен кейін түскен науқастың суретін түсіреді. Бұл деректер бізге нейрондық желіні үйретуге мүмкіндік береді. Осылайша, ол адамның есірткі қолданғанын түсіне алады. Біз ауылдық жерлерде медицинаны дамытқымыз келеді. Әсіресе интернет проблемалары бар немесе мүлдем жоқ жерлерде. Қазірдің өзінде аппараттың прототипі бар, оның көмегімен медициналық кеңселерде алғашқы сынақтарды алуға болады: қан, зәр, электрокардиограмма және т.б. Содан кейін нәтижелер автоматты түрде медициналық жүйеге түседі. Осылайша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бір бөлігі болуға тырысамыз», – деді Шыңғыс Құлахметов.

Статистика мәліметінше, Қазақстанда қауіпті және зиянды өндірістерде 1,5 миллион адам жұмыс істейді. Олардың бәрі күн сайын медициналық тексеруден өтуге міндетті.

Жасанды интеллектіні білім саласында енгізумен айналысатын IT маман Дамир Кеңесбаев Қазақстанда ЖИ-дің табысты дамуы үшін білікті кадрларды даярлауға назар аудару қажет дейді.

«Мықты кадрлар – білім беру бағдарламаларын, біліктілікті арттыру курстарын дамыту және халықаралық білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты қамтиды. Сондай-ақ жастарды ЖИ-ді зерттеуге тарту және ел ішінде олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау маңызды. Себебі мықты деген кадрлардың басым көпшілігі шетелде. Қазақстан ЖИ саласында басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатуы керек. Бұл біз секілді жас мамандарға тәжірибе алмасуды, халықаралық жобаларға қатысуды және шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік ашады. Өкінішке қарай, ЖИ-дің қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ, жақын уақытта бұл мәселе де шешімін табады деп сенемін», – деп атап өтті IT маманы.

Қаламгүл Әділова