ЖИ және геология: «Қазақмыс» тәжірибесі
Геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіру саласында инновациялық технологияларды енгізу қазіргі замандағы өндіріс дамуының басты шарты болып отыр. Бұл бағытта «Қазақмыс» корпорациясы айқын көшбасшылық танытып отырғанын атап өткеніміз жөн болар.
Компания 2025 жылғы мамыр айында іске қосқан Grade Copilot модулі бар жаңа Micromine Advance жүйесін қолдану арқылы Қазақстанның тау-кен өндірісін жаңа цифрлық деңгейге көтере алды. Аталған модуль кен орындарын барынша дәл әрі жылдам модельдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде геологиялық деректердің нақтылығы артып, өндірістік шешім қабылдау үдерісі жеңілдеп, уақыт пен ресурстар үнемделуде. Бұл жүйе жасанды интеллекттің өндіріс саласында нақты және нәтижелі түрде пайдаланылып жатқанын көрсетеді.
Жаңа технологияның енгізілуі еліміздің цифрландыру бағытымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект қуатты, әділетті және қауіпсіз Қазақстан құру үшін керемет мүмкіндік ашады» демекші, «Қазақмыс» осы көзқарасты нақты іспен дәлелдеп, цифрлық шешімдерді өндіріске енгізу арқылы мемлекет ұстанып отырған стратегиялық бағытты жүзеге асырып отыр. Бұл тек компанияның ішкі жетістігі емес, жалпы ұлттық деңгейдегі технологиялық серпілістің көрінісі. Осы орайда жақында Ташкент қаласында өткен Micromine пайдаланушыларының VIII Орталық Азия конференциясында «Қазақмыс» компаниясының мамандары жаңа жүйенің алғашқы нәтижелерін көпшілікке таныстырған еді. Геологиялық барлау департаментінің директоры Бекасыл Аукешев конференция аясында Weir Group Digital-дивизионының президенті Кристен Уолш (Ұлыбритания) және халықаралық сату жетекшісі Грег Слэйтермен (АҚШ) кездесіп, өзара тәжірибе алмасты. Келіссөз барысында тараптар бағдарламалық шешімдерді одан әрі жетілдіру, жасанды интеллект құралдарын барлау және өндіру үдерістерінде кеңінен пайдалану, сондай-ақ қазақстандық мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда «Қазақмыс» геологиялық деректердің барлығын, соның ішінде өткен жылдардың мұрағаттық материалдарын да цифрлық форматқа көшіріп жатыр. Бұрын қағаз күйінде сақталып келген деректердің көпшілігі енді бірыңғай цифрлық ортада жүйеленіп, жаңаша стандартқа сәйкес өңделіп жатыр. Компания геоақпаратты сақтау мен қолдануға арналған бірыңғай корпоративтік стандарт қалыптастырып, ақпараттық қауіпсіздік пен деректердің нақтылығын басты назарда ұстап отыр. Micromine бағдарламалық өнімдері барлау жұмыстарынан бастап, өндірістік жоспарлауға дейінгі барлық кезеңде қолданылады. Бұл біртұтас өндірістік процесті біріктіретін кешен. Micromine Advance жүйесі тек геологтар үшін ғана емес, инженерлер мен жоспарлаушылар үшін де ыңғайлы интерфейс пен нақты аналитикалық құрал ұсынып отыр. Осы арқылы компания әрбір кен орнының геологиялық құрылымын тереңірек зерттеп, пайдалы қазбалардың таралуын дәл болжауға мүмкіндік алады.
2025 жылдың соңына дейін корпорация Micromine Advance пен Alastri жаңа модульдерін толық енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өндірістік үдерістердің толық цифрлық интеграциясына жол ашады. Мұндай интеграция өндіріс шығындарын азайтып, экологиялық және экономикалық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Конференция барысында «Қазақмыс» геологы Жан Шомытов өз зерттеуін таныстырып, Жаман-Айбат кен орны бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижелерін баяндады. Ол Micromine бағдарламасының көмегімен мыстың минералдануы мен тектоникалық бұзылыстар арасындағы байланысты анықтап, геологиялық құрылымдарды талдауда жасанды интеллекттің тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеп берді. Бұл зерттеу нәтижелері болашақта кен орындарын барлау әдістемесін жаңа деңгейге көтеріп, қазба байлықтарын игеру үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бүгінде «Қазақмыс» құрамында 400-ден астам маман Micromine бағдарламасын белсенді түрде қолданып жүр. Компанияда 300-ге жуық лицензия және 1 400-ден астам модуль тіркелген. Барлық геологиялық деректердің 90 пайыздан астамы цифрлық форматқа көшірілген. Бұл өндірістің жаңа дәуірі. Сонымен қатар 500-ден астам қызметкер арнайы оқыту бағдарламасынан өтіп, олардың көпшілігі халықаралық сертификаттарға ие болды. Мұндай жүйелі кәсіби дайындық компанияның кадрлық әлеуетін арттырып, отандық мамандардың әлемдік деңгейдегі геологиялық-цифрлық стандарттармен жұмыс істеуіне жол ашты. ЖИ технологиялары геологиялық барлаудағы басты міндеттердің бірі – деректердің ауқымдылығы мен күрделілігі мәселесін шешуге көмектеседі. Геологиялық ақпарат әдетте көп қабатты, әртүрлі форматта жинақталған және бір-бірімен байланысы күрделі болып келеді. Мұндай деректерді қолмен талдау ұзақ уақыт алады әрі қателікке бейім болса, ЖИ бұл ақпаратты автоматты түрде өңдеп, пайдалы қазбалардың таралу заңдылығын анықтай алады. Машиналық оқыту мен үлгі тану алгоритмдері арқылы жер қойнауындағы құрылымдардың 3D модельдері жасалып, кеннің орналасуы, көлемі және сапасы жөнінде дәлірек болжам жасалады.
«Қазақмыс» корпорациясы осылайша Қазақстандағы тау-кен өндірісінің цифрландыру саласындағы көшбасшысы ретінде өз орнын нығайтып келеді. Компания енгізіп отырған инновациялар тек ішкі өндірістік тиімділікті арттырып қана қоймай, бүкіл саланың даму қарқынын жеделдетуде. Жасанды интеллекттің көмегімен геологиялық барлау дәлірек, қауіпсіз және үнемді бола түсті. Президент ұсынған цифрландыру мен инновациялық даму бағыты ел экономикасының стратегиялық негізіне айналып отыр. Осы тұрғыда «Қазақмыс» тәжірибесі жасанды интеллектті тиімді пайдалану арқылы индустрияны жаңа сатыға көтерудің жарқын үлгісі саналады. Цифрлық трансформация – жай ғана технологиялық үрдіс емес, ол елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экологиялық жауапкершілікті күшейтуге және адами капиталдың сапасын жақсартуға бағытталған кешенді өзгеріс.
С.Бақберген
Жетісу облысы