Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:10, 30 Қыркүйек 2023

«Жиендік» деп жұмсартпай, ондайларды ұры деу керек

Қаржаубай Сартқожаұлы.
Фото: Қаржаубай Сартқожаұлы.

Байырғы түркілердің тарихы, олардың бізге жеткен мәдени мұралары, ежелгі түркі ескерткіштерінің қыр-сыры – мұның бәрі әлі де дендеп зерттеуді қажет ететін күрмеуі көп, күрделі тарих.

Осы салада ұзақ жылдан бері қажымай еңбектеніп келе жатқан ғалымдарымыздың бірі –тарих ғылымының кандидаты, ф.ғ.д, профессор, Ататүрік атындағы тарих құрылымының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ-дың түркітану, алтайтану ҒЗИ-ның директорыҚаржаубай Сартқожаұлы. Біз ғалыммен түркітанудың қазіргі жағдайы жайында, ғылымдағы олқылық, кемшіліктер жөнінде, ғұмыр жолындағы достары туралы сұхбаттастық.

– Қаржаубай аға, қазір немен айналысып жатырсыз, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Соңғы жылдары ежелгі санскриттің брахми алфавитімен жазылған мәтіндермен айналыстым. Сол арқылы бұрын белгісіз болып келген, құмалақтың тіліндей ғана ақпарат беріп келген тарихтың нақты дерегіне қолжеткіздік. Мәселен, Қытай нұсқаларында теле тайпалар одағының авангард тайпасын Бумын жабғу өзіне қосып алған соң қорғаныс күші нығайып, алғашқы Түрік қағанатын ж.с. 543-544 жылдары жариялады. 745 жылы Қытайдың Вэй патшалығы мойындап, Аннопонт есімді соғды саудагерін бас етіп, алғашқы дипломатиялық қатынас жасайды. Мұндағы теле тайпалар қауымдастығына батысы – Самарқандтан бастап Жетісу, Тәңір тауы, Алтай, Саян-Алтай, Өтүкен (Орталық Моңғолия) шығыстағы Қадырхан тауының шығысындағы Маньчжур тайпалары кірген-тін. Солардың ішінде қай телелер деген сұрақ туындаған еді. Орталық Моңғолиядағы Өтүкен маңындағы телелер ж.с. 412 жылдардан бері шығу тегі белгісіз Вэй патшалығының құлы болған Жужандар басып алып, 120-дан астам жыл езгісінде ұстаған-ды. Әлем тарихшылары бұл мәселені ары қарай қазбалап, індетпей-ақ жауып қоя салған. Шетелдік зерттеушілерге жабайы көшпелілердің шытырман оқиғасы мен тарихына тым бас қатыра бермейтінін оқырмандар жақсы білетін болар. Сол халықтың кейінгі дәуірдегі ұрпағы біздер ғана бұл мәселеге аса мән беріп, құртша қуалауға міндеттіміз. Іздеген жоғымызды ж.с. 599-600 жылдары Өтүкендегі Сэлэнгі дариясының бойына бабаларымыз көк тасқа тарихын қашап жазып тұрғызып кеткен «Кіндік төбе» (Күйіс Толғой) деген жердегі ұстынынан таптық. Бұл ұстын 1967 жылы табылған-тын. Олар тоғыз-оғуз (теле) тайпалар қауымдастығының авангард тайпасы Керей, Қарқындар мен Барғужин Төркін жердегі (бүгінгі Улан-Удэ қаласының маңы) Байырқулар, Тула дариясының бойындағы Бұғра (Қытай нұсқаларында «Пугу») т.с.с. тайпалар екен.

Керейлер кейін наймандармен бірігіп, Ұйғур қағанатын орнатса, Бұғралар Қарлұқ, арғындармен бірігіп, Қарахан патшалығын орнатты. Бүгінгі Шығыс Түркістандағы «Ұйғур» деп жасанды ат берген Ыдықұт – ұйғурлардың арғы бабалары осы Бұғра (бура) тайпасы Байырқулардан қоралас, қоңыраттар тарайды екен. Міне, бұл жаңалық па? Жаңалық.

Әр ғалым қандай бір тақырыппен айналысса, бір жаңалық енгізіп отыруға міндетті. Ал ғылымды насихаттаушылардан мұндай жаңалық күтілмейді. Газет, журнал, ақпарат құралдарында насихаттап кете береді. Оларға ғылыми атақ берілмейді. Өкініштісі, бізде жаңалық жасап еңбектенген ғалымдар ұмытылады да, насихаттаушылар ақпарат құралдары арқылы ғалым атанып, академик атанып, аспандай береді. Бұларды ғалымдар ғылымның алаяқтары, «көбіктер» деп атайды. Нағыз ғалымдар лабораториясында, елеусіз суық бөлмеде ізденіс жасап, мына өмірді мүлдем ұмытып, зерттеп отырған нысанын індетіп, өмірін өткізіп жатыр. Олар биліктен, басшылардан сый-сыяпат күтпейді.

Қаржаубай Сартқожаұлы
Фото: Қаржаубай Сартқожаұлы

– Ертеректе бір сұхбатыңызда «қазақ ғылымын мафиялар билеп отыр» деген сыңайда айтыпсыз, сонда бұл қандай мафия, толықтырып, тарқатып айта кетсеңіз?

Иә, айттым. білім және ғылым министрлігін Сағадиев деген біреу басқарып тұрған кез-еді. Ол кетті, ішіп-жеп, артын арамдап, халқын мәңгүрттеп, ұрпағын ұраншыл етіп адастырып.

Одан кейін Асхат Аймағамбетов келді. Алдыңғының қатесін түзетумен уақыт жіберіп алды. Ғылымды қаржыландыруға шама-шарқынша еңбек етті.

Кетеуі кетіп қалған кем дүниенің кетігін толтыра алмады-ау деймін.

Енді, міне, өзіміздің шәкіртіміз Саясат Нұрбек келді. Бөлек министрлік құрды. Оның саясатын белгілеп, ғалымдарға пана болар лашық тұрғызып жатқан сияқты. Тоңмойындық (бюрократизм) пен коррупцияның жемтігі боп кеткен жоғары оқу орындары мен қазақ ғылымын бір жолға салу – әй-қиындау болар ма екен? Нақты бірлі-жарым дерек келтірсек, жөн болар-ау.

Студент емтихан дәптершесінің арасына көк қағаз салып, ұстазына ұсыну әлі сол қалпы. Кейбір декандар, кафедра меңгерушілері арнайы план беретін сияқты. Ол планды орындамаған ұстаздар көзге шыққан сүйелдей болады екен. Сонсоң кәдірі кетіп, нашар ұстаз атанып жұмыстан шеттетілетін көрінеді.

Ал студенттер дәріс алатын ұстазын өзі таңдауға тиісті деп заңға жазылып қойған. Бірақ оларға кафедра меңгерушілері құқық бермейді. Сөйтіп, сапалы білім берудің орнына ұстаздарды айлықтандыруды бірінші орынға қойып келеді. Сонда сапалы білімді студенттер қайдан алсын!

Ғылым жағын сөз етсек: университеттердің жанындағы ғылыми орталықтар мен институттарда айлық жоққа тән. Мен доктор, профессор адаммын. Айлығым – 200 000 теңге. «Аздап қоссаңыздар» деп есепшілеріне, басшыларына барсам, конкурспен ғылыми жобаны жеңіп алып, сол арқылы айлықтаныңыз дейді. Министрліктің ғылым комитетінен жарияланған тақырып бойынша соңғы 7 жылда үш мәрте түркология тақырыбында жоба ұсындым. Мен айналысып отырған 1500-3000 жыл бұрынғы тарихпен менен басқа ешкім айналыспайды. Оны меңгерген ғалымдар жоқ. Сөйте тұра ғылым комитетінің ұйымдастырған ғылыми кеңесінде осы 7 жылда менің тақырыбыма экспертиза жасаған түрколог көрмедім. Заңгер, экономист, педагогтар эксперт болыпты. Бұл не? Маған жасаған қастық па, әлде, ұлтқа жасаған қысастық па? Менің жасым келіп қалды. Көп болса 3-4 жыл ғана жұмыс жасай аламын. Осындай дыңды, қуатымыз бар кезімізде біздерді сығып отырып, басымыздағы дүниелерді алып қалу керек-ақ. Ол – қазақ халқына, бүкіл түркі дүниесіне қажетті құндылықтар. Бізден кейін бұл салаға жанкештілікпен кірісетін ұрпақ табылмай қалуы да мүмкін-ғой. Соны ғылым комитеті ойлану керек. 2000-3000 жыл бұрынғы түп деректермен жұмыс жасап, тарихпен ұштастыратын тарихшыны мен Қазақстаннан таппай отырмын. Сондықтан жастарды дайындау керек. Қалай дайындауды ғылым комитеті шешу керек. Бұл – бір ғана түркологияда туындап отырған мәселе. Басқа салаларда да осындай оқиғалар етек болған сияқты. Ғылым комитетінің қасындағы жобаларды бағалайтын ғылыми кеңеске тәжірибелі, тақырыпты жетік меңгерген біз сияқты ғалымдарды енгізу дұрыс сияқты. Сонда ғана бармақ басты, көз қысты, жымысқы лоббизмнен құтыламыз. Өйтпеген жағдайда, осыдан 10 жыл бұрын осы кеңеске мүше болғандар лоббизмнің небір қитұрқы әдіс-амалын меңгерген сайыпқырандар ойнап кетіп отырады. Міне, осылар жоғарыда мен айтқан мафиялар. Олар тамыр-таныс, ағайын-жекжаттарын, басшылардың тапсырыстарын орындап үйреніп алғандар. Сол екі арада өзі де екі жеп, ғылымды саудаға салғандар.

Қаржаубай Сартқожаұлы
Фото: Қаржаубай Сартқожаұлы

– Сіз «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық еңбек жаздыңыз, бірақ осы құнды кітапты жариялауда біраз қиындықтарға ұшырадыңыз, бұл қандай кедергі, неден болды, кітаптың кейінгі тағдыры қалай болды?

– Бұл аса үлкен іргелі еңбек. Осы еңбекті жазуға 40 жыл уақытым кетті. 1889 жылы Н.М.Ядринцев Орхон бойында болып, 1890 жылы VIII халықаралық археология конгресінде жасаған баяндамасынан бастап байырғы түрік мәтіндеріне көшірме жасаған еңбектеріне дейін құртша қуалап қарастырдық. Финляндиялық О.Гейкель (1890), В.В.Радлов (1891) Орхонда болып, құпия жазудың сырын ашуға асықты. «Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес» дегендей, 1893 жылы Данияның Копенгаген университетінің профессоры Вильгельм Томсен 1893 жылы 15 желтоқсан күні Дания Корольдік Ғылым Академиясының Президиумында баяндама жасап, құпия жазудың кілтін ашқан мақаласын, В.В.Радловтың 1894 жылы 19 қаңтарда Петербург Ғылым Академиясының Президиумында жасаған баяндамаларына дейін қарастырып, олардың оқылымдарына сын көзбен қарауға мәжбүр болдық.

В.Томсен кез кезінде ашқан әрбір жаңалығын 𐱅 (t), 𐰇 (ü), 𐰼 (r), 𐰰 (kü/ük), 𐰴 (q), 𐰍 (ɣ), 𐰣 (n1) әріп кескіндерінің мәні 1893 жылдың 25 қарашасында құпия жазудың кілтін тауып, В.В.Радловқа сол күні хабарлап отырған-ды. В.В.Радлов осы жаңалықтарын пайдаланып, В.Томсенге айтпастан алғашқы оқылымын жасап, жариялап жібереді. В.В.Радловтың қылығына ренжіген В.Томсеннің жүрегі сыр беріп, ауруханаға түседі. Ауруханадан сауығып шыққан соң, 1896 жылы В.В.Радловтың алғашқы оқылымын талқан қып сынап, өз нұсқасын жариялады. Шынында да бүгінгі көзқараспен өлшесек, В.Томсеннің ұстанған әдістемесі бірден-бір дұрыс оқылым жасауға мүмкіндік берген. Сасқалақтаған В.В.Радлов өзінің шәкірті П.М.Мелиоранскиймен бірлесіп, 1897 жылы В.Томсеннің оқылымын пайдалана отырып, жаңа нұсқасын жасаған. Міне, осының барлығын сын көзбен қарау үшін бізге дейін табылған мәтіндерді мұқият қарастырып, кейбіреуін 10-13 мәрте көшірме жасауға тура келді. Жұмыс барысында тарихи мұраның иесі ретінде жанкештілікпен іске кірісіп, өз әдістемемізді жасап, сол арқылы жаңа оқылым жасадық. Осындай қиындықтарды бастан кешіп, миыңды шағып отырып жасаған еңбегіңді оқырманға ұсыну оңай болған жоқ. Ішін қызғаныштың қызыл иті кеміріп жатқан ақсақал бәсекелестерінің тұзағына түсіп жаттық-ау!

Сол кездегі президент аппаратының орынбасары Аида Балаеваның қолдауымен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Б.Сыдықовтың қолма-қол кірісуінің нәтижесінде аз тиражбен болса да жарық көріп, университет кітапханасының қорына кірді. Осыған да шүкіршілік еттік. Еңбек еш кетпеді.

Ғылымда, өнерде «жиендік» деген бар, сізге «жиендік» жасағандар болды ма? Немесе жолыңызды бөгеген, қиянат жасаған адамдар...

– Мұндай істі кешірімді етіп, «жиендік» деп сыпайыландыруға болмайды. Кім іштен шыққан шұбар жыланын басқаға текке бере салады. Ондайларды «ұры» деп атау керек. Болды. «Орхон ескерткіштерінің алғашқы Атласын» баспаға беруге аяқ басқанда бір ағамыз: «Біз де талай адамға еңбек жазып бергенбіз. Басына бірінші автор етіп менің атымды қой! Келіспесең, ренжіме» деді.

Мен Моңғолиядан И.Тасмағамбетовтің шақыруымен келген адам едім. Бір ұлым, бір қызым үйленген. Үлкен отбасымын. «Ренжіме» сөзінің астарында университеттен де, оның отырғызып отырған үйінен де қуып шығамын деген сөз қылтиып тұр. «Күштінің арты диірмен тартады» деп қазақ бекер айтпаған-ғой. Құдай басқа салған соң, біз көндік. Кезінде мен де бір елдің азуын айға білеген көкжалы едім. «Бұралқы ит басқа қораға үрмейді» дегендей, үнсіз қалдық. Әріқарай ІІ, ІІІ томға да сіз айтпақшы, «жиендік» жасамақ болды. Оған көне алмадық. Оның есесін жақсылап тарттық. Онымен қатар, жаңағы «қамқоршының» асыраған шибөрілері болады екен. Енді «анау» көрінбей, осы шибөрілерін салып қояды екен. Олар үлкен-үлкен орынға отырғызылады екен. Жаяу борасын сияқты үскірік сөздерді мұндағы кейбіреулер (бәрі емес) жақсылап таратып жібереді екен. Ондай сөздер Ақ үйден бір-ақ шығады. Жобаңыз, марапатыңыз, бәрі жабылады. Маған «жиендік» жасаушылар көп. Жаныңда жүрген шәкіртің кейін мүйізі шыққан соң сенің еңбегіңе қол салып, өзіңнен бұрын шешенсіп шығады екен. Қай итке тас лақтырасың. Қолды бір сілтеп кете бер.

Қаржаубай Сартқожаұлы
Фото: Қаржаубай Сартқожаұлы

– Қазақстандағы қазіргі ғылымның жағдайы қалай, басқа кедергі, кемшіліктері неде?

– Жоғары оқу және ғылым министрлігі жеке шығып жатыр. Бір жылға жаңа толды. Етек-жеңін жинап, бағдарламасын жаңадан белгілеп үлгерген болар.

Әр қоғамда екі үлкен сала бар. Бірінші сала сол елдің материалдық байлығын байытушы жаралыстану. Табиғат Анаға зиянын тигізбей, қолайлы пайдалану. Екіншісі – бүкіл бүтін елдің рухани байлығын молайтып, ұлттық идеологиясын қалыптастыру.

Қазақстан сияқты жерінің асты-үсті байлығы бар асып-төгіліп жатқан, әлемнің олигархтарын асырап отырған бірінші сала өзін-өзі алып жүріп кететін мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ғалымдарды жұмысқа шегу механизмін билік табу керек.

Гуманитарлық саланың ғалымдары ақша әкеле алмайды. Нарықтық жолға түскеннен бері ақша тауып, өзіңді-өзің асыра деп күштеп келеді. Тарихшылар, тілші ғалымдар еңбегімізді жазамыз ба, әлде көшеге шығып сұрау сұрап, одан тапқан тиын-тебеніңмен кітабыңды бастырып, тағы да көше кезіп, сауда жасаймыз ба? Ойлану керек.

Қазіргі жағдайда идеологиялық ұшы-қиыры белгісіз соғыс жүріп жатыр. Бұл соғыста тілімізді, тәрбиемізді, тарихымызды қорғаушы жауынгерлеріміз осы саланың ғалымдары. Бұл соғыста оңбай жеңілсек, тәуелсіздігімізбен қош айтысамыз. Билік халқына ондай қауіп төндіргісі келмесе, гуманитарлық ғылымды қамқорлығына алсын, асырасын. Жасай алмасақ, күресе алмасақ – бізге сын, асырай алмаса – билікке сын!

Мен 70-тен асқан ақсақал доктор, профессормын. Еңбек ету қуатым жеткілікті. Қазір әлемдік тарихи мәселелермен аюдай алысып отырмын. Хун империясы, оның шыққан қайнары, қалдырған мәдениеті, Көк Түрік тарихы олардың рухани құндылықтары деген сияқты бүгінгі қазақ ғалымдарының қолынан келе бермейтін тақырыппен шұғылданудамын.

Осы тақырыптарды мен бір ізге түсіріп кетпесем, халқымның алдында өзімді борышты сезінемін. Шәкірт дайындауым керек. Мына қоғамда ондай мүмкіндік маған берілмеді, өйткені «қамқоршыларыма» жақпаймын. Коррупция, ағайыншылық, жершілдік тым етек алып кеткен. Оны жоятын механизмін қарастыру жөн сияқты. Жуық жылдары оған қол жетпес-ау...

– Ежелгі көне түркі жазуын оқу, түсіну үлкен ғылым, оны қазір өзіңіз қатарлы санаулы адамдар ғана біледі, енді осыны кейінгі ұрпаққа ұғындыру, үйрету жағы қалай болып жатыр? Көне түрік жазуын жаңылыс оқып, қиыс түсіндіру деген секілді олқылықтар жиі туындай ма?

– Орталық Азия аймағында орналасқан байырғы түрiктердің тарихи-мәдени мұралары ежелгi дәуiрден түрiк тектес тайпалар мен әр замандағы түрiк қағанаттарының автохтонды (тұрғылықты) мекенi болған Қазақстан, Моңғолия, Шығыс Түркiстан, Қытай, Сiбiр (Алтай, Хакас, Тува), Қырғыз жерiнде мол сақталған. Дәлiрек айтсақ, Еуразияның шығысы – Кянган жотасынан, батысы – Қырым, оңтүстiк шығысы Қытайдың Аққорғанынан түстiгi – Лена өзенiне дейiнгi Еуразияның алып аймағына орналасқан.

Зерттеушiлер бүгiнге дейiн сол киелi орындардың /кешендердiң/ мүсiнтастарын бiр бөлек, ұстынын тағы бөлек, ал кешен аллеясын басқа мұралардан бөлiп қарап келдi. Біз байырғы түрiк кешендерiн бiртұтас жүйе ретінде танимыз. Сондықтан да жоғарыдағы еңбекте тіл білімі ғылымы, тарих, археология, дүниетаным (философия), өнертану, ежелгі дәстүр-салттарын кешенді түрде қарастыра отырып, бұрыңғы қателіктерді дұрыстағандай болдық. Әрбір мәтінді жаңалап оқығанда ғылымның осы төрт-бес саласын пайдалана отырып, сол дәуірде болған оқиғаға қол жеткізе аламыз. Бұл дегеніңіз – кешенді әдістеме, кейінгі ұрпақ осы әдістемені ұстану керек, сонда ғана нәтижеге жетеді. Ал шетелдік ғалымдардың қателігі, ұлттық тілді толық меңгермей жатып, дәстүр-салтты білмей отырып, байырғы түріктердің тарихын жаңғыртпақшы болады. Бұл мүмкін емес.

Қаржаубай Сартқожаұлы
Фото: Қаржаубай Сартқожаұлы

Кезінде Моңғолияда саяси өмірге белсене араластыңыз, сол кездердің естеліктерін айтыңызшы...

– Менің туған топырағым – бүгінгі күні жат-жұрттықтың қарамағында болғанымен, ол менің ата-бабамның баба жұрты ғой. Менің киелі Өтүкенім-ғой, менің топырағы торқа алтын қасиетті Алтайым ғой. Онда мен ғана емес, бүкіл бүтін халқым бар ғой. Туған топырақ энергиясы ондағы халқымның құқығын қорғауға күш береді екен. Иә, ұлтымның тілі, тарихы, құқығы үшін депутат бола отырып күрестім. Бірге сайланған әріптестеріммен біріге отырып, ауызбіршілік таныта отырып күрестік. Нәтижесінде, Моңғолия Республикасының демократиялық Конституциясының 8б-бабына қазақ тілін Баян-Өлгей аймағы көлемінде мемлекеттік тіл ретінде бекіттіріп алдық.

Моңғолия – унитарлы (біртұтас) мемлекет. Одақтық мемлекет болса болар еді. Біз оған қарамадық. Ұлттың рухани дәнін сақтап қалу үшін күрестік. Мұндай оқиға басқа елде мүлде болмайтын болар.

Ал мұнда келген соң байқадық, бақыладық, межеледік. Шеттен келген біздер қанымыз таза, нағыз қазақ болсақ та бұл елдің табалдырығын келін боп аттадық. Өйткені мұндағы менталитет, дүниетаным, өмір сүру салты мүлдем басқаша болды. Көшпелілерге тән далалық мәрттік деген атымен жойылған. Дәстүр-салт ұмытылған. Әйтеуір «Қазақстан» деген аттанданған адрес қалыпты. Бодандық саясат өтіп кеткен елде – артық сөйлеп, аранданып қалу қаупі тұрды. Сондықтан саясатпен айналыспадық. Тіліңді тістеп, алдыңмен кіріп, артыңмен үнсіз ғана шығып жүрдік. Ұлттың танымдық түсінігін өзгертуге атсалыстық. Ұлттық құндылықтарын зерттедік. Ұмытылған дүниелерін қолына салдық. Қазақ тарихын Көк Түрік тарихымен ұштастырып беруге атсалыстық. Ұлттың «менін» пайда болдыруға кірістік. Иә, бәрі де озық ойлы тұрғын (автохтонный) интеллигенциямен бірге сәтті іске асты. Ұлтты эволюциялық жолмен жетілдіру, өсіру деген осындай-ақ болар. Қазір біздің Қазақстан 30 жылдың ішінде өзіне-өзі келді. Ұлт мақтанышы пайда болды.

Саясат дегеніңіз – бүкіл халық тағдырына қатысты болғандықтан, қу басыңызды күйттеп, қу құлқыныңызды арандай ашсаңыз, алысқа апармайды. Сізді жалғыз күнде қоқысқа лақтырады. Сондықтан бүкіл өмірін халқына арнаған, ары таза адам баратын жұмыс деп түсіну жөн.

– Өмірден өткен достарыңызды жиі сағынасыз ба, олардың қандай мінездері, қасиеттері есіңізге жиі түседі?

– Мен Қазақстанға келгенде жақсы ортаға түстім. Бұл жағынан жолым болды. «Ұлтым» дегенде жүрегін жұлып беретін азаматтармен бірге болдым. Отбасымызбен араласып, бірге жүрген достарымнан академик Рымғали Нұрғалиев, доктор, профессор Ақселеу Сейдімбеков о дүниелік болып кетті. Осы екі алып өмірден өткен соң бір-екі ай өзіме-өзім келе алмай жүрдім. Маған тым ауыр тиді. Туғанымнан айырылып, жетім қалғандай болдым. Екеуі де қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген алып тұлғалар еді. Ондай адамдар қайта тумас-ау! Туса да бір кемшіл туар. Олардың бірін-бірі сыйлауы, қалжыңдасуы сияқты қатынастары тым бөлек болушы еді. Ақселеу ағам әңгімені жақсы айтушы еді. Бірде: «жайылымнан кешке мал қайтқанда әр тайыншаның үстінде бір-бір маймыл отырушы еді, бала күнімізде» деп қалып еді. Рекең: «Әй, Ақселеу! Қазақ жерінде қайдағы маймылды айтып отырсың!» – деп шүйлікті. Сонда Ақаң балаша өкпелеп: «Әңгіменің дәмін келтіріп айтайын десең, Сіз быт-шытын шығарасыз да отырасыз!» – деп ренжіді. Рекең: «Айт, айт, бірақ та өмірге жанастырып айтсайшы» – деп, басынан сипады. Міне, ұстаз бен шәкірт қатынасы. О дүниелік болып кеткенге дейін Ақаң Рекеңе қарсы шығып көрмеген. Докторлық диссертация қорғамақ болғанда Рекең бір рет құлатып та тастаған. Соны да Ақаң көңілге кек алмай: «Сол құлатқаны жақсы болды. Соның арқасында «Қазақтың күй жанары» туралы іргелі еңбегім сапалы туындыға айналды» – деп мақтап отыратын.

Менің жанымда, міне, соңғы 23 жыл бойы бірге келе жатқан жазушы, тарихшы достарым бар. Дос жағынан бай адаммын.

Сұхбаттасқан

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ