Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 20 Шілде 2022

Жігерлі жас – ел қорғаны

None
None

Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір Қазақстан азаматының қастерлі парызы. Әрине қазір қоғамда әскерге бару мәселесіне байланысты сан алуан пікірлер айтылады.

Сол себепті жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. 

Осы орайда Жамбыл облысының Жуалы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің атқарып жатқан жұмысы өзгелерге үлгі етерліктей. Аталған бөлімнің бастығы, подполковник Асылбек Ахметовтің айтуынша, өткен жылы аудан бойынша жүз жетпіс азамат әскер қатарына жіберіліпті. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінде және Ұлттық Ұланда Отан алдындағы борыштарын өтеуде екен. Сондай-ақ биыл да көктемгі шақырымда Жуалы ауданынан сексенге жуық азамат әскерге аттанғанын айтты. 

– Отанды қорғау – әрбір он екі мүшесі сау адамның парызы. Әскер – жігіттің нағыз шыңдалатын мектебі. Сондықтан жастарды елін, жерін сүйетін, рухты, патриот етіп тәрбиелеу мақсатында бөлім тарапынан жыл бойы үзіліссіз жұмыс жүргізіледі. Атап өтер болсақ, білім ошақтарында түрлі кездесулер ұйымдастырылады. Яғни Ауған, Чернобыль-Семей полигонының ардагерлері түрлі жиындарға қатысып, әскери өмірдің маңыздылығы мен мәні жайлы пайымды пікір, орамды ойларын ортаға салады. Сондай-ақ бөлім қызметкерлері әрбір ауылдық округтерге арнайы ат басын бұрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жастармен, олардың ата-аналарымен кездеседі. Пікірлеседі. Мұның барлығы өз жемісін беруде. Біздің басты мақсат – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел қорғаны. Егер жастарымыз жігерлі, отаншыл болып өссе, еліміздің тыныштығына ешқандай қауіп төнбейді. Сондықтан да оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеуге көңіл бөлу керек, – дей келе, А.Ахметов Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімімен бірлесіп түрлі мақсатта іс-шаралар өткізіп, жастардың тағылымды тәрбие алуына барлық мүмкіндіктер жасалғанын жеткізді. Иә, қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де «Әскер – өмір мектебі» қағидасы күшін жоймайтыны анық. Ал өмір мектебінде шар болаттай шыңдалып, шынығып өскен жастың ел сенімін ақтайтыны, тірек болары анық. Бұл ретте батыр Бәукең, Бауыржан Момышұлы туған топырақта аунап-қунап өскен жуалылық жастардың әскерге баруға ынтасы жоғары болмауға хақысы да жоқ емес пе?!

Тегтер: