Жигули Дайрабаев: Қойдың құлағына сырға тағатындар да сыбайлас
Қазақстан үшін болашақтың байлығы мұнай емес, ауыл шаруашылығы екенін мамандар үнемі айтады.
Бірақ мал баққан елдің ұрпағы ет пен сүтті шетелден тасып әлек. Неге? Бұл барды ұқсата алмау ма, әлде ауыл шаруашылығын қолдайтын қажетті бағдарламалардың кемшілігінен бе? Осы сұрақтарымызды фермерлер қауымдастығының төрағасына қойдық.
— Жигули аға, жыл қасіретпен басталды. Енді қазақтың қаны төгіліп, даласы боздап, анасы жыламасын дейік. Отыз жыл бойы қазаққа ешнәрсе жасалмағанын президенттің өзі де айтты. Бәрі қағаз жүзінде ғана атқарылып келген. Осы жолғы митингіге шыққан халықтың негізгі талабы – әлеуметтік мәселе, халықтың тұрмысы еді. Халықтың тұрмысы дегенде, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесі назардан тыс қалмауы керек. Отыз жылда ауылға не жасадық, не жасай алмадық немесе не жоғалттық?
– Қаңтар оқиғасының себептері мен ауылдағы жағдайды тікелей байланыстыруға болмайды деп есептеймін. Ауыл – ел бесігі, қазақы тәрбиенің ұйыған жері. Қалада болған бүлікті ауылда өсіп, еңбектің қадірін білгендер ешуақытта жасамайды. Әрине, ауылдағы жағдай мәз емес, қуантатын нәрсе жоқ. Десе де халық наразылығының негізгі себебі, экономикалық ахуал. Проблемалардың дәл қайсысы түрткі болғанын алаңға шыққан адамдардың қойған талаптарынан-ақ түсінуге болады. Жалпы, қазақ халқы байсалды, әр кезде табандылық танытып, сары уайымын сабырлықпен жеңген ел. Демек, қордаланған проблемалар шарықтау шегіне жетті деген сөз.
— Онда нақты себептеріне тоқтала кетіңізші?
— Салдарын сараламай-ақ нақты себептерін айтқан дұрыс болар. Біріншіден, мемлекеттік органдар ресми статистиканың жалған дерегіне белшесіне дейін батып, нақты жағдайдан алыстап кетті. Өзіңіз айтыңызшы, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз дегенге кім сенеді? Президентіміз 2020 жылы бір баяндамасында жастар арасында әр екінші жеткіншек еңбекпен қамтылмаған деп айтты. Бұл сан жоқ жерден пайда болды деп ойламаймын. Демек, рас!
Екіншіден, мемлекеттік, өңірлік және салалық бағдарламаларда қойылатын мақсат-міндеттер ел ішіндегі шынайы қажеттіліктен «сусындамайтын» болды. Министрліктер мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер, түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен эксперттік топтар қайсарлық танытып, шенеуніктердің жасаған әр іс-шарасын егжей-тегжей зерттеп, оңы мен солын нақты ажыратудан қалды. Қысқасы, формализм танытып, тиіп-қашып жүр. Мысалы, кәсіпкерліктің қарқынды дамуына сыйақысы 1-2 пайыздан аспайтын кепілсіз несие керек. Бірақ, эксперттер, жұмысшы топтар осыны жақсы білсе де, өз позициясы үшін соңына дейін күресудің орнына, үкіметтің айтқанына қарай ығысып, «илеп» берген бағдарламаларын мақұлдайды.
Ауыл проблемасының шешілмей жатқаны да осыдан. Соңғы жылдары елімізде 1300-ге жуық елді-мекен болағашы бұлыңғыр деп жабылды. Сондағысы инженерлік инфрақұрылым мемлекет мойнына үлкен жүк болады-мыс деген ой. Мемлекет ауыл тұрғындарының қолына кетпен-күрегін беріп, шағын кәсібін ашуға мүмкіндік берсе, шығарған өнімін сатуға ықпалдасса, халық өз несібесін көреді емес пе? Алдағы уақытта тағы 2 мыңға жуық ауылдар жабылады дейді. Бұдан проблема шешіле қоймасы анық. Тепе-теңдік заңдылығын ескерсек, қара басының камын шешпеген ауылдықтар қалаға келіп әлеуметтік қажеттілікті одан сайын көбейтпей ме? Өкінішке қарай, ауылдарды жабу керек дегендер осындай қарапайым аксиоманы түсінбей келеді.
– Ауыл қазақтың жаны дейміз. Бірақ тәуелсіздіктен бері қаншама ауыл жабылып қалды. Ауылмен бірге мал шаруашылық саласы да кері кетті. Нақты сандармен айта аласыз ба: отыз жылда қанша совхоз жабылды? Қанша қой, қанша сиыр, қанша жылқыдан айырылдық?
– Баяғыда совхоз бен колхоз – ұжымдасудың ең қарапайым формалары еді. Мұның түпқазығы экономикалық тиімділікте. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бекер айтылмаған. Жоспарлық жүйеден әбден әбіржіген республикамыз егемендігін ала сала, нарықтық экономиканы байлыққа апаратын дара жол деп таңдады. Түсінемін, жекеменшік институтын дереу енгізу керек болды. Мейлі, солай-ақ болсын. Бірақ ұжымдасу принципінің не жазығы бар?
Ауыл шаруашылығы саласының ең бірінші күйзеліске түскен шағы жекешелендіруден басталды. Халықтың қолына таратып берген пайлар мен мүлікті талан-таражға салмай, кооперативтік негізде қайта жинап алып, ұжымдасқан өндірісті сақтау керек еді. Ондай мысалдар аз болса да жоқ емес. Елордамыздың іргесінде тұрған атақты «Родина» ауылы – солардың бірі. Бұл елді-мекеннен көшіп кеткен бір жан жоқ. Қайта көпшілік сол жерге ұмтылып әлек. Жұмыс орындары бар, тұрғын-үй дайын, азық-түлік арзан.
Әрине қанша сан соқсақ та, өз қолымызды өзіміз шаппайтынымыз анық. Болатын іс болды. Оның үстіне, нарықтық экономикаға енді ғана аяқ басқан халыққа кооперативтік негіздің тиімді екенін тәптіштеп түсіндіріп беретін қызметтер де, эксперттер де болмады.
Жекешелендіру барысында қолға түскен төрт-түлік төлем орнына жүріп, бартерге түсіп күрт азайды. 1990 жылдар мен 2000 жылдардағы мал санын салыстырсақ, ірі қара – 2,4 есе, қой мен ешкі – 3,6 есеге жуық кемігенін байқаймыз. Одан бері статистика төмендеген емес. Қайта біртіндеп өсе бастады. Бірақ техниканың тапшылығынан, мал азығы дұрыс дайындалмай, асылдандыру жұмысы тоқтатылғаннан соң тарыдай шашылған малдың байырғы күйін жоғалттық. 1990 жылдары ірі қара малдың союға өткізілген орташа тірі салмағы 350 келіге жуық еді, қазір – 340-қа жеткізе алмай келеміз. Асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі – 25 пайыздан, 12,5 пайызға дейін түсіп кетті. Ащы болса да шындық осындай.
– Өткен жаз мал баққан жұртқа ауыр соқты. Арал мен Маңғыстау жұрты жаздың өзінде жұттан жұтады. Бірақ билік Аралда төтенше жағдай жариялады. Ал маңғыстаулықтар жұтты дәлелдей алмады. Бұл қалай: мал қырылып жатса да, жұт жоқ дейді. Жұтты мойындау билік үшін кемшілік пе, әлде басқа себебі бар ма?
– «Жауыңа да әділ бол» деген хакім Абай. Маңғыстаулық ағайын шындықты айтты деп маған ренжіп қалмасын. Жалпы, бұл өңір мал шаруашылығын дамытуға арналмаған. Оны мойындағанымыз дұрыс. Шөлді жерге бейімделген түйе болмаса, басқа түліктің түрін түлету қиын. Су тапшы жерде мал азығын дайындауға болмайды. Болса да оның құны «аспандап» кетері анық.
Енді макроэкономикалық жағдайды қарастырсақ. Ресми статистиканың қисық тұсы көп болса да, басқа дереккөз болмаған соң бір-екі негіздеме келтірейін. Қазақстан бойынша жалақының орташа көрсеткішін салыстырсақ, Маңғыстауда жағдай жаман емес. Ол жақта 346 542 теңге. Бұл Алматы мен Астана қалаларына қарағанда біршама көп. Сонымен бірге бір айдағы тұтыну қажеттілікке жұмсайтын шығынның адам басына шаққандағы көрсеткіші басқа өңірлерден төмен, яғни 52 мың теңге. Дүниежүзілік банкінің зерттеуі бойынша бизнесті жүргізу жеңілдігі де осы жерде тіркелген.
Демек, маңғыстаулықтардың қалтасында басқа облыстарға қарағанда көбірек пайда шоғырланады. Ал бос ақшаны қазақ қайда жұмсайды? Әрине мал алуға. Соның салдарынан мал басы артып (әсіресе жылқы), онсыз да тоз-тозы шығып, шөпке жарымай жатқан жайылымдарға ауыртпалық түсті. Оның үстіне, ауыл маңындағы тұрған тегін табиғи өрісті ешкім ешқашан да жақсартқан емес. Құдықтардың сусыз қалғаны да жығылғанға жұдырықтай тиді. Жылқыны әбден зерттеген марқұм Сизонов деген ғалым болған еді. Соның бір түсірген бейнеролигінде «адай тұқымды жылқылар Каспийдің тұзды суын ішіп жүр» дейді. Осыдан кейін малдың күйі қалай жақсарсын?
Әрине, қандай да болса маңғыстаулықтардың басына төнген қара бұлтты сейілтіп, көмек көрсету керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі қажетті қаражат бөліп берді. Ел болып қол ұшын созып, мал азығын жинап, асарлатты. Алайда мұны жұт деп атау қиын. Биыл қар аз. Бұлай жалғаса берсе, 2022 жыл да қиын болмақ. Құдай сақтасын, жұт әлі алда ма деп қорқамын...
– Қазақстан үшін ауыл шаруашылық саласы мұнай мен газдан кем соқпайтын байлық көзі. Бірақ үкімет бұл салаға отыз жылдан бері дұрыс бағдарлама жасаған жоқ. Тіпті бұрынғы өндіріс орындарының көбі жабылып тынған. Ауыл шаруашылығының әлеуетін пайдалануға неге соншалық құлықсызбыз?
–Құлықсызбыз деп кімді айтасыз? Жоғары билікті ме?.. Елбасы да, одан кейінгі Президентіміз де жыл сайынғы халыққа жасаған жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін тілге тиек етіп жүр. Қайта өңдеу мен экспорт көлемін 2-2,5 есе көтеру керек деуден жалыққан емес. Бюджет тарапынан да, ұлттық қордан да қажетті қаражаттың барлығы бөлініп келді… Әділдігін айту керек.
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тұсау болып тұрған коррупцияның етек жаюы мен бағдарламаларды іске асыруға жауапты адамдардың салғырттығы. Антикор агенттігінің қаншама фактілерді келтіріп, талайларды әшкерелегенін білесіз. Инвестициялық мақсатқа берілетін несие мен субсидияны айтпағанның өзінде, мал құлағындағы сырғамен «ақша» жасағандардың беті ашылды. Ірі қара мен қой енінің нөмірлерін компьютерде ауыстырып отырған программистердің өзі алаяқтыққа барып жатқаны сұмдық емес пе?
Несие алдым деген бір таңғажайып ертегі іспеттес. Жемқорлық жүйені жақтырмайтын, не болса да өз күшіммен жасаймын дейтін қарапайым шаруалар қаржыға қол жеткізу үшін «құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендердің әсерінен қиналып, тайғақ кешіп жүр. Қағазбастылық, кепілдікке беретін мүліктің төмен бағалануы сияқты проблемалардан әбден зарықты. Тіс дәрігерінің анықтамасын әкеліп беру ғана қалды. «ҚазАгро» холдингі жабылып, оның еншілес ұйымдары «Бәйтерекке» берілгелі бері жағдай тіпті қиындап кетті. Жарнамаларында жария еткен тапсырыс қарастыру уақыты мүлдем сақталмайды. Несие комитетінің шешімі кешіктіріледі. Мінеки, осындай салғырттық бар.
Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау жұмысында тұрақтылық жоқ. Министрлер ауысқан сайын басымдықтар да өзгеріске ұшырайды. 2012-2016 жылдары етті ірі қара мал «догма»-ға айналды, 2017-2018 аралығында кооперативтерді құру басты мақсат болды, кейін «елімізде сүт жоқ» деп тауарлы фермаларға бетбұрыс жасалды. Кейбір жылдары ата кәсібіміз қой шаруашылығы тіпті ұмытылып кетті. Осындай жағдайда қалайша ілгері баспақпыз?
Абырой болғанда қазіргі министр Ербол Қарашөкеев көпті көрген азамат болып шықты. Көптен күткен реформаларға мұрындық болып жүр. Алайда бұл азаматтың алтын уақыты ішкі жаулармен күресуге жұмсалып жатыр. Субсидия алушыларға ақша төлетіп, онсыз да тегін берілетін мемлекеттік қызметті үш жыл бойы ақылы еткен «Қолдау» жүйесімен арпалысты. Қит етсе митинг өткізуге құмар адамдардың саны да азаяр емес. Ербол Шырақбайұлы етектен тартқан осындай проблемалардың барлығын еңсеріп, жеңіп шықса, субсидия бағытында өзінің ойындағысын іске асырса, түбі жаман болмаймыз деген сенім бар. Жан-жаққа тартпай, бірауыздан қолдау көрсетуіміз керек.
– Мысалы, бұрын қойдың жүні қып-қызыл ақша еді. Тіпті терісі мен ішегі, ірі қараның тері-терсегі, жал-құйрығы кәдеге жарайтын. Қазір еттен басқаның бәрі иттің жемі. Байлықтың қадірін неге қашырдық? Қашан мал баққан шаруа жүн мен теріден түскен ақшамен шығынын жауып, төлін пайдаға айналдырады? Ол үшін не істеуіміз керек?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бірақ әлемдегі үдерісті де ұмытпағанымыз жөн. Қазір тері мен табиғи жүн өндірісіне сұраныс аз. Химиялық шикізат пен синтетикадан жасалған киім басым. Былғары шығарудың һас шебері Италияның өзі тері өндірісін 2,5 есеге азайтты. Қытайдың жүннен жасалған топсты сатып алу көлемін қысқартқаны да белгілі.
Алайда әлемдегі тенденцияға қарамастан ішкі нарықтағы тері мен жүн шикізатының проблемасын шешуіміз керек. Оның бірден-бір жолы – жеңіл өнеркәсібін аяққа тұрғызу. Дүниежүзі химиялық затты тұтына берсін. Мейлі! Бірақ қазақстандықтардың табиғи заттан жасалған таза әрі сапалы өнімдерді пайдалануына не кедергі? Баға қолжетімді болса былғары мен биязы жүннен жасалған бұйымдардың сатылатыны анық. Қырғызстанға қараңызшы, соңғы он жылда жеңіл өнеркәсіпті қайта жаңғыртты. Табиғи байлығы аз болғандықтан, экономикалық қыспаққа тірелген мемлекет адам күшін дұрыс пайдаланып, киім тігуді қолға алды. Біздің мемлекетіміздің өз шикізаты бар. 30 мың тонна биязы жүнді өңдейтін 14 мекеме тұр. Семей, Алматы мен Тараз қалаларында тері өңдейтін зауыттар бар. Солардың жұмысын үдету үшін жеңіл өнеркәсібі керек!
Кейбір эксперттер жеңіл өнеркәсіпті қайта қалпына келтіру үшін қыруар қаражат керек деп, оның ел қазынасы үшін ысырап болатынын алға тартып жүр. Бұл жаңсақ пікір. Керісінше, жүн мен тері сатылмаса, мемлекеттік бюджет мал шаруашылығын сақтап қалу үшін талай ақша жұмсауға мәжбүр болады. Жеңіл өнеркәсіп жаңғырғанша қол қусырып отыруға да болмайды. Әзірше экспорттық нарықта тері мен жуылған жүнге аз да болса сұраныс бар. Қазақстанда өндірілетін шикізат көлемі де көп емес. Сондықтан тері мен жүн жуатын зауыттарға айналымға қажет қаражаттарын беріп, шұғыл түрде қолдау көрсету керек. Олардың сенімді болуы шикізаттың сатылуына арқау екендігін есімізден шығармайық.
– Ауылда сүт арзан. Тіпті үлкен қалалардан алыс аудан, ауылдарда сүт ит басына іркіт болып төгіліп жатады. Бірақ біздің үкімет ұялмай-қызармай Қырғызстан мен Белоруссиядан сүт және сүт өнімдерін тасып әлек. Аграрлы елміз, бірақ етті Еуропадан әкелеміз… Осы парадоксті түсіндіріп бере аласыз ба?
– Біріншіден, еліміздегі сүт өндіру көлемі қажеттіліктен әлі де төмен. Екіншіден, Белоруссия мен Қырғызстанда сүт өнімдерінің өзіндік құны арзан. Біздің елде мал азығын дайындау жұмысы ақсап келеді. Малы барлардың жем-шөп дайындауға қажет техникасы жоқ. Болса да тым ескі. Өсімдік шаруашылығында өнімділік төмен. Орта және кіші фермерлер ауыспалы егістік принциптерін сақтамағандықтан арпа шығымын дұрыс деңгейге жеткізе алмай жүр. Онымен қоса астық өндіруші ірі шаруашылықтар майлы дақылдарды экспорттаудың тиімді екенін түсініп, мақсары, зығыр мен шемішке өсіруге көшті. Сондықтан да ішкі нарықта мал азығының балансы қамтамасыз етілмеген. Және бұған жанар-жағар май құнының 2,5 есе өскенін қосыңыз. Осы себептерден ішкі нарықта мал азығы қымбат. Сүт өндірісінің машаһаты көп. Әрі экономикалық тұрғыда тиімсіз болғандықтан, халыққа Зеңгі баба түлігін далада жайып ет өндірісіне баптаған оңайырақ.
Сондай-ақ сүт өндірісін дамыту үшін заманауи фермалардың санын арттыру қажет. Ауылдарда кооперативтер ұйымдастырып, сатқан өнімдеріне субсидия төлеген жөн. Ұжымдаса жұмыс істегендерге мал азығын дайындауға қажет техникасын беріп, жем-шөп өндіретін жер бөлу керек.
– Егістік жерлер кімдердің қолында? Қашан қазақ жері бай- олигархтардың қолынан қарапайым шаруаларға өтеді? Әлде қарапайым шаруа жерді игере алмай ма?
– Жер дауы мен жесір дауы ешқашан бітпейтіні белгілі. Ералы Тоғжанов бастаған жұмысшы топтың қатарында болдым. Бұл мәселе кеңінен қозғалды. Үкімет жайдан-жәй жерді олигархтардан тартып алып, қара халыққа бере қоймайтыны анық. Бере алса «Болашақ сәулетшілері» яғни, «Архитекторы будущего» жобасының жастары сұраған телімдерді таратар еді. Егістікті де, жайылымды да қайтару құқығы оның мақсатты пайдаланбағаны туралы нақты дәлелді талап етеді. Ал бұл дегеніміз космомониторинг жүйесіне тікелей тәуелді.
Елімізде «Қазақстан Ғарыш Сапары» атты арнайы мекеме бар. Мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын осы ұйым фото-видео мониторинг өткізіп, пайдаланушының топырақ құрамының сапасын сақтамағаны туралы немесе жалға берілген жерді мақсатсыз пайдаланғаны туралы дерек беруге міндеттелген. Дәл қазіргі кезде «Қазақстан Ғарыш Сапары» қолданатын бейне-фото суреттерді талдау жүйесі 5-6 позицияны ғана анықтай алады. Ал топырақ бетіндегі өсімдіктің түрін кіршіксіз айыру үшін талдау жүйесінің базасы біршама ұлғайып, кем дегенде 25 параметрді ескеруі тиіс. Бұл бағытта С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті біршама ілгеріледі. Жақын арада олардың ізденісі ойлаған нәтиже берсе космомониторинг жүйесі өз күшіне толық еніп, жерді алып қойып, түк бітірмегендерді анықтауға мүмкіндік туады.
Бұл мәселе шешілгенше қоғамдық бақылау инструменттерін пайдалануға болады. Осы күндері парламент мәжілісінде «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы қарастырылуда. Мониторинг жүргізуге толық техникалық мүмкіндік жоқ болса, жерді қоғамдық бақылау нәтижесінің негізінде қайтарту керек деп ойлаймын.
– Ауыл шаруашылық ғылымы қай деңгейде? Жалпы жастар ауыл шаруашылық ғылыми институттарына неге бармайды? Мысалы, қазір бұл саладағы ғалымдардың жасы елуден асқан жігіт ағалары екен. Неге?
– Ғылым деп тек ғылыми институттарды айтуға болмайтын шығар. Қазірдің өзінде университет пен ірі өндіріс жанында құрылған орталықтарда жас мамандардың қатары көбейіп келеді. Жақында ғана «Ғылым қоры» мекемесінде болып, жұмысымен кеңінен таныстым. Бюджеттен бөлінетін ғылыми гранттарға тапсырыс бергендердің арасында кілең жас ғалымдар. Ауыл шаруашылығы саласындағы гранттарда да дәл сол жағдай.
Ал енді ғылыми институттарды алатын болсақ, әрине, жас қызметкерлердің тапшылығы жоқ емес. Басты себеп ғылыми мекемелерді қаржыландыру механизмінің өзгеруінде болып отыр. Қазір әр мекеме тікелей бюджеттен ақша алмайды. Ол өзінің жобаларын дайындап, ұлттық ғылыми кеңес алдында «қызылкеңірдек» болып дәлелдеуі тиіс. Кейде ғылыми институттар бір-біріне бәсекелес болып та жатады. Жеңілгендері ақшасыз қалып отыр. Мысалы, іргелі болып есептелетін Алматыдағы АӨК экономикасы және механикаландыру институттары 3 жылдық бағдарламаға тіпті енбей қалды. Енді, міне, 2024 жылға дейін ақшасыз отыр. Әлбетте, қаржыланжыруға тек лайықты ғана жобалар өтуі керек. Іріктеу содан туындайды. Бірақ бұл принцип біз үшін әлі ертерек. Сондай-ақ ғылымға бөлінетін қаражат көлемі қажетті деңгейден он есе аз. Ғылыми мекемелер бюджет есебінен анда-санда құрал-жабдығын жаңартып тұрса да, жас мамандарға кажет жатақханалар мен тұрғын-үйлерін сала алмай жүр. Оған үлкен инвестиция керек. Аграрлы ғылымның берері жоқ деуге болмайды. Тың идеялар бар. Өндірісте нақты пайдаланып жүрген тұқымдары да мақтауға лайықты. Мұны мен агроном ретінде ауыз толтырып айта аламын.
– Жемқорлықпен атымыз озып тұрған елміз. Ауыл шаруашылығы саласына да бұл індеттің аяғы әлдеқашан жеткен. Мәселен, субсидия деген тегін ақшаны әкімдік жағалаған пысықтар тышқақ лағы жоқ болса да, ебін тауып алады екен. Мұндай жағдайды жоққа шығарып, парақорларды ақтамайтын шығарсыз?
– Жемқорлық бар. Оны әңгіме басында айтып кеттім. Жеңіл ақша табу кімнің ойына кіріп шықпайды дейсіз. Нәпсі барда ар-ұятқа маза бола ма? Кесек-кесегімен бөлінген субсидиялар бірнеше бағытқа майдаланып кеткен. Мемлекеттік қолдаудың бағыттары тым көп. Жемқорлыққа жол бермеу үшін, біріншіден, субсидия түрлері аз, талаптары түсінікті болуы тиіс. Екіншіден, цифрлы технологиялардың артықшылығын пайдаланып, адам факторына жол бермеу керек. Салық органдарына қараңызшы, бірде-бір тиын үкімет назарынан кетпейді. Бұл ақпараттық технологияларды кеңінен пайдаланудың арқасы. Ауыл шаруашылығында сол тәжірибені үлгі ретінде ала отырып, субсидияның да, несиенің де берілуін әділ жолға қоюға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!