Жигули Дайрабаев саяси додада табаны таймау үшін ырымдап, ат тағалады
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев өзінің туған күнінде ырымдап, саяси додада табаны таймау үшін ат тағалады.
Кандидат Жигули Дайрабаев Ақтөбе облысының сайлаушыларымен кездесті. Аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Кандидат жұртшылықпен тілдесе отырып, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды.
«Кандидат облыстағы шаруашылықтарға барып, мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуге жетпіске жуық адам қатысты. Жиынға жиналғандар алдында кандидат өз бағдарламасы туралы айтты.
Жиын соңында кандидатты оның әріптестері – фермерлер туған күнімен құттықтады. Иығына шапан жауып, ақ жол тіледі. Кандидат саяси додада табаны таймау үшін ырымдап, ат тағалады», — делінген «Ауыл» партиясы таратқан хабарламада.