Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:00, 16 Қаңтар 2024

Жиырма жыл бұрын жазылған сұхбаттың тарихы

Заманбек Нұрқаділов
З. Нұрқажілоа алматылықтарды қала күнімен құттықтап жатыр/Фото: vecher.kz

Жиырма жыл бұрын «Жас Алаш» газетіне «Ұлт мінезі ашылуы керек» деген тақырыппен марқұм Заманбек Нұрқаділовтің сұхбаты шықты.

 2004 жылдың 27 қаңтар күнгі газеттің №11 санындағы сұхбатты әріптесіміз Жанарбек Әшімжан екеуміз алдық. Ол кезде ол Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы. Сұхбатқа бас редакторымыз Жүсіпбек Қорғасбек, фототілшіміз Асылхан Әбдірайымұлы, Жанарбек төртеуміз бардық.

Басқаларды білмеймін, өзімде сәл уайым болды. Себебі біріншіден, оған дейін ұзақ уақыт бойы Заманбек Нұрқаділов «Жас Алаштың» бетінде сыналып жүрген адам еді. Әрі мінезі тік, бет-жүзіңе қарамай ойындағысын тура айтатын адам деп білетінбіз. Әуелде қысқа-нұсқа сұхбат жасаймыз деп барғанбыз. Дайындап барған көп сұрағымыз жайына қалды. Ол кісі бізді емен-жарқын қарсы алды. Бірден өзі басқарып отырған саланың проблемасын айтудан бастады. Көсіліп кеңінен сұхбат берді. Көп дүниені жасырмай ашық айтты. «Ашық әңгіме» деген айдар тағып, көлемді сұхбатты жарияладық. Заманбек ағамыз осы бүкпесіз әңгімесі арқылы газетіміздегі жаңа айдарға жол ашты десек болады. Басқаша айтқанда, Заманбек ағамыз басқа спикерлердің ашық әңгіме айтуына қозғау салды.

Сұхбат кезінде Зәкеңе Мақпал Жүнісова звондап қалды. Сонда ол кісі «маған «Жас Алаштың» қыз-жігіттері келіп отыр» деді. Тұтқаның арғы жағынан Мақпалдың жарқын күлкісі естілді. «Жеңгелерің үйге шақырып жатыр, дастарқанымыздан дәм татыңдар» деп үйіне қонаққа шақырды (біз барған жоқпыз).

Сұхбат ешқандай аннотациясыз, қонағымыздың әңгімесімен басталды. Биліктің бір тұтқасын ұстап отырған адам өзінің тікелей басшыларын, яғни үкімет басқарып отырған азаматтарды атын атап сынап, бүкіл проблеманы жайып салды.

Қазір қарап отырсам, «Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі дүниежүзінде алдына ешкімді салмайды. Дүниенің қай түкпірінде қандай апатты жағдай бола қалса да, ресейлік құтқарушылар бір жарым-ақ сағат ішінде бүкіл керек-жарағымен, азық-түлік, дәрі-дәрмегімен сол жерге ұшып кете алады. Оны Американың өзі мойындап отыр. Шойгудың (Сергей Шойгу сол кездегі Ресей Федерациясының төтенше жағдайлар министрі) жүздеген ұшағы бар, он мыңдаған жап-жаңа техникасы дап-дайын тұр. Ал, менің 2-3 жаман тікұшағым бар, жаман-жұман 1 ұшағым бар, өңкей ескі-құсқы техника», – депті.

Дінмұхамед Қонаевпен қызметтес болған уақытын есіне алды. «Қарапайым басшы болатын. Тіпті өзі қоңырау шалып, қаланың жағдайын сұрайтын. Айтқан мәселені тез арада шешетін еді», – деді. Бұл сұхбатқа кірмеген, бірақ сол жерде айтылған тағы бір әңгіме есіме түсіп отыр. Димаш Ахметұлы қызметтен кеткеннен кейін қала басшысы Заманбек Нұрқаділовтің қабылдауына қарапайым қала тұрғыны ретінде жазылып кіріпті. Гаражының төбесінен су ағып, соған көмек сұрай келіпті. «Сізге Қонаев деген зейнеткер келіп тұр» деген хатшының сөзіне мән бермей, «кірсін!» деп отырса, таудай болып Димаш Ахметұлы кіріп келе жатыпты. «Орнымнан тұра алмай қалдым. Жер қақ айырылса, ішіне кіріп кетер едім», – дегені жадымда.

Биліктегі мұрагерлік туралы сұрақ қойдық. «Таққа мұрагерлікке үзілді-кесілді қарсымын. Барлық жерде халық кімді сайласа, сол ел басқару құқығына ие болады. Ондай сөзді айтудың да, әлгіндей лақапты таратудың да еш керегі жоқ», – деп үзілді-кесілді жауап берді.

Сол кездерде Зәкеңнің «қылмыс әлемінің серкелерімен байланысы» туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын. Оны да сұрадық. «Қара Алмас» деген лақап атымен аты шыққан жиенінің өлімі туралы да сұрадық. «Жиенімді «жол апатынан қайтыс болды» деді ғой, ол жол апатынан өлген жоқ. Оны өлтіріп кетті. Мен қызметтен кеткеннен кейін олар «Нұрқаділовтің компроматы бар екен» деп қорыққан болу керек. Мені «өлтіреміз» деді. Өлтіру үшін алдымен біреуді өлтіру керек қой. Ол оқиға әлі күнге дейін ашылған жоқ. Бүкіл айғақты жиып-теріп, Жармаханға (Жармахан Тұяқбай ол кезде Мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы) апарып бердім, алайда, аяқсыз қалды. Сосын біреулер «Енді қоймасаң өзің өлесің» деп сыбырлады», – деді. Қазір ойлап қарасақ, жұмбақ өліміне дейін де ол кісінің өміріне қауіп төнген екен.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Нұрқаділов басшылық қызметте болды. Сондықтан Желтоқсан көтерілісіне қатысты сұрақ қойылуы заңдылық еді. «Жастар алаңға шықты. Түнгі сағат 3-те ЦК-ның қала активімен кеңейтілген отырысы өтті. «Алаңға шыққан жастарды не істеу керек?» деген мәселе туды. Қала, аудан хатшылары «жұмысшыларды шығарамыз, темір-терсек, арматура дайындаймыз, ұрамыз да соғамыз» деп ұсыныс айтты. Ұсыныс қабылданды. Оны айтқан Мансұров, Рожков дегендер. Алаңға мен де бардым. Маскүнемдерді де, нашақорларды да көрген жоқпын. Қазақтың жастары «Менің Қазақстанымды» шырқап тұрды», – деген-ді. Әрі мұны бұрын еш жерде айтпаған екен. Сұхбат шыққан соң сотқа беріп, Заманбек ағамыздың сөзін теріске шығарған ешкім болған жоқ.

«Мерекелерде президентке телефон соғып, құттықтайсыз ба?» деп те сұраппыз. «Құттықтамаймын. Менің ондай әдетім жоқ», – деп қысқа жауап берді. Қазіргі шенеуніктерге мұндай сұрақты қойып көріңіз, не дер екен?

Заманбек Нұрқаділовтің есігін имене ашсақ та, сұхбаттан ерекше әсермен қайттық. Шынайы табиғи болмысына, риясыз әңгімесіне риза болдық. Жанарбек екеуміз дереу сұхбатты қағазға түсірдік. «Оқып шығуым керек», «бір көрсетіп алыңдар» дейтін әңгіме айтылмады. Ана жерін, мына жерін өзгертейік деп қоңырау да шалған жоқ. Журналистік тәжірибемізде неше түрлі адамды көрдік қой. Айтқан сөзін қайтып алған, газетке кетіп бара жатқан материалын алдыртып тастаған көкелеріміз де болған. Тіпті екі диктофонға жазып алсақ та, сөзінен айнығандар кездескен. Ал Зәкең, тіпті араласқан да жоқ. Ол кісі менің есімде бір сөзді, батыр мінезімен қалды. Бұл менің Заманбек ағамызбен алғашқы және соңғы кездесуім еді.

Жұлдыз Әбділда