Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 04 Шілде 2024

Жиырма жылдан кейінгі экспорт

Қазақстан қытай келісімі
Фото: из открытых источников

Жиырма жылдан кейін Қытай Қазақстаннан ет импорттауға салған тыйымын алып тастады.

 Құс өнімдеріне салынған бұл тыйым 2005 жылы енгізілген еді. Ал 2022 жылы аусылға шектеулер енгізіліп, белгіленді. Бұл мәселелерді қарастыру үшін 2023 жылдың қарашасында екі елдің өкілдері келіссөз жүргізген. Нәтижесінде, сауда кедергілерін жою туралы келісімге қол қойылды.

Қазіргі таңда Алматы облысының кәсіпкері, Meat Processing and Service ЖШС бас директоры Бақытжан Абдрасилов тауар экспорттауды бастап кетті. Шектеулер жойылғаннан кейінгі ет өнімдерінің алғашқы тобын жөнелтіп, Қытай елінің ветеринарлық-санитарлық талаптарына сай келетін 20 тонна сиыр етін сәтті жеткізді. Аталған кәсіпорын 2009 жылдан бері жұмыс істейді және «Қазақстан ет одағы» республикалық қауымдастығының мүшесі болып табылады. Ол ірі және ұсақ малдың етін өңдеуге және консервілеуге, сондай-ақ малды бордақылауға және союға маманданған. Кәсіпорынның мал басы 1,2 мыңнан асады, ал бордақылау базасы бір мезетте 3 мың басқа дейін малды қабылдай алады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 10 сағатта 200 басқа дейін ірі қара малды және 1000 басқа дейін ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді. Әрі Қытайдан басқа да елдермен сауда байланысы дамыған. Олар: Иран, Сауд Арабиясы, Катар, БАӘ, Оман және Бахрейн. Демек, бірнеше мемлекеттермен көтерме ет саудасын жасап отыр.

Ет өнімдерінің бірінші партиясын Қытайға экспорттау – Алматы облысының агроөнеркәсіп кешені үшін елеулі жетістік. Бұл қадам қазақстандық өнімнің жоғары сапасын көрсетіп қана қоймай, ауыл шаруашылығындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа перспективаларын ашады. Жалпы елімізде ет экспорты өте тиімді «ниша». Әрі болашағы зор. Пандемияға дейін, 2019 жылы аусылдан ада мәртебесі болған кезеңде ет экспорты 9,7 мың тонна болған, оның ішінде Қытайға – 3,6 мың тонна, Ресейге – 2,1 мың тонна және Иранға – 2,3 мың тонна ет экспортталды. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша солтүстік-батыс өңірлерде аусылдан ада мәртебе болмағанына қарамастан, Өзбекстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Қырғызстанға экспортты қайта бағдарлай алдық және экспорт көлемін 2,9 есеге артқан. Осылайша, ет экспорты 28,7 мың тоннаны құрап, кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткішке жеткен еді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы 42 мың тоннадан аса мал еті шетелге жіберілген. Оның жалпы құны 121 млн АҚШ доллар. Осылайша, сауда айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 31,5 пайызға көбейген. Қазақстан негізінен етті Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге сатады. Импорт көлемі де аз емес. Еліміз етті Үндістан, Бразилия, Моңғолия және Аргентина елдерінен сатып алады.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: