Жыл басына талас: күн мен түн қашан теңеледі?

Ұлтты болмысы мен бірегей қалпынан адастырмай, алыстатпай сақтайтын қуаты күшті қару болса, ол – тілі мен ділі, руханияты мен мәдениеті дер едік.
Сан жылғы бұғаудан босаған кез келген халықтың алдында тұратын басты шаруа – барың мен жоғыңды түгендеу, жоғалтқаныңды іздеу, барыңды жоғалтпау болар. Сан ғасыр бойы зорлықшыл алып империяның илеуінде жаншылған отар ұлт үшін 1988 жылы ең алғаш Наурыз мерекесін тойлау – Алашқа сүйінші айтарлықтай ұлы хабар, үлкен жаңалық болғаны хақ. Себебі Наурызды Совет өкіметі «ескішілдік», «діни мереке» деп 64 жыл тойлауға тыйым салып келген-ді. Мұның бәрі ұлттың күретамырын кесіп, түп болмысынан ажырату үшін әдейі жасалған империялық озбырлық екені анық.
Бүкіл исі түркі жұртына ортақ, қар көбесі сөгіліп, далаға қыз көктемнің келген кезі, ел аузының аққа тиген шағы, күн мен түннің теңелген күні саналатын төл мерекеміздің қайта жаңғырып, жаңашыл сипатта көрініс тапқанына куә болған жұртшылықтың қуанышында шек болмаса керек. Қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулының айрықша күтетін ұлық мейрамның уақытын ең алғаш тойлаған жылдан бүгінге дейін 22-23 наурызға теліп келдік.
Бірақ байқасақ, соңғы жылдары мәдениеттанушылар мен этнографтар бұл уақыттың күнтізбе ауысқанда жіберілген қателік екенін алға тартып жүр. Көбінің айтар уәжі – шын Наурыз мерекесі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді-мыс. Тіпті ескі деректерде де бұл ақпарат жиі ұшырасады екен. Бүгінгі Наурыз мейрамында ескерілмей келген екі бірдей мазмұн бар. Бірі – түркі халықтарындағы мүшелдік Жыл басы болса, екіншісі – Күн мен Түннің теңесуі ретіндегі адамзаттық таным. Бұған дейінгі Наурыз мейрамы біржақты ғана соңғы танымды ескергенмен, халық жадындағы «Амал келді – жыл келді» деген тәмсілмен мүшелдік жылдың межесі де Наурыз мерекесімен ұштасып жатқандығын білдіреді. Осыдан келіп толыққанды мерекенің жартылай мазмұнын халқымыздың өзі шашау шығармай, тыйым салынған «наурыз» атауын «амал», «көрісу» деп 14 наурызда ежелгі ғұрыпты мейрамның басты жоралғысы ретінде атаумен келеді. Қысқасы, Наурыз мейрамы әубаста мүшелдік Жыл басымен басталып, Күн мен Түннің теңесуімен аяқталған ресми нұсқасы болған. Бұл туралы Бұқарада оқыған кезінде 8 күндік (юлианша 1-8 наурыз аралығында) мерекеге қатысқан белгілі жазушы, фольклоршы, діндар әулиеміз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырды. Наурыздың қазақ үшін басты мәні – жылдың ауысуы. Күн-Түн теңесімінен бұрын, наурыз айы туғанда, Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, онымен «көріседі». Мұның әсері жерге беріліп, жыл маусымы ауысады – көктем шығады, мүшелдік жыл алмасады. Жыл алмасу Күн мен Түннің теңелуіне қатысты емес, осы айтылған аспандық үдеріске қатысты. Бұл юлианша – 1 наурыз, григорианша – 14 наурызға келеді деседі. Қалай десек те, жұртшылықтың Наурыз мейрамының дөп уақыты 22 наурыз деп ойлайтыны жасырын емес. Түп-тамырымыздан ажырап қалғанымыз сонша, Амал айының бір ғұрыпы саналатын «Көрісу» ишаратын бүгінде елдің бірді-екілі өңірі ғана атап өтеді. Шын мәнінде, Наурыз мейрамы қашан басталады? Көрісу күні аталып кеткен 14 наурыздың мәні қандай? Сол туралы ақын Светқали Нұржан, тарихшы Жамбыл Артықбаевтан сұрап көрдік. Ал астрофизик Андрей Солодовник күн мен түннің теңелу уақыты қай күнге келетінін нақты баяндап берді.

Светқали НҰРЖАН: ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – 14 НАУРЫЗ
Ақтауда күн 07:45-те шығып, 19:45-те батады; Алматыда 06:02-де күн шығып, 18:02-де батады; Астанада 06:23-те күн шығып, 18:24-те батады. Қалған жерлер де осылай. Ендеше, неге біз көргенінен жазбас соқырдай: «Күн мен түн 22 наурызда теңеседі. Жыл басы сол!» деп, «қызылбас»-шиғалардың мерекесіне жабысып, айырылмай әлі жүрміз! Бұл 1988 жылы әлдебір шала саясаткерлердің кесірінен, бәлкім, қастығынан немесе көрші парсылық мәдениет ықпалындағы тәжік, өзбектерге еріп бекіп кеткен қателік болатын. Тұран мен Иран қоңсылық хақы ғана бар демесең, мүлде бөлек екі тек, екі әлем ғой! Ирандықтардың Тұран мәдениетінен қашып, «астрологиялық теңесу» жасап, 22 наурызға тығылып жүргені де сол емес пе?! Әлде сен сол елден саттыққа келген құл мен күң бе едің?! Бұрын да неше рет жаздым, 22 наурызда күн түннен 22-23 минөт озып кетеді!
Негізі 1920 жылдары еніп кетті бұл өзі. Айналадағы парсы мәдениетінің шылауындағы көрші елдер: тәжік, өзбек, түрікмендермен бір болу ыңғайынан туындаса керек. 88 жылы да сол ыңғайда кетіп қалдық. Өкініштісі, ол кезде түркінің төл жаңа жылы 14 наурыз туралы аттың қасқасындай қылып дәлелдеп кеткен Шәкерім Құдайбердиев әлі қапаста болатын. Ол сол жылы ақталды ғой. Бұдан бес мың жыл бұрын адам миына ота жасаған, 6-7 мың жыл бұрын ұлы өркениетке ие болғаны ғылыми дәлелденген біздің бабаларымыз жеті қат көк, жеті қат жердің сырын қапысыз таныған. Өйткені оларда Жүрек-Қақпасын ашатын алтын кілт болған! Біз сорлы аламан-асыр бұлғақтарда сол кілтті жоғалтып алып, соқыраңдап жүрміз. Сондықтан да дана бабалар дүниенің сырынан еш жаңылыспаған, есептерінде қате болмаған. Сол асыл бабалардың азған ұрғыны біз ғана: өзі жетім, өзі соқыр қозы құсап әркімнің емшегіне жабысамыз! Ал олар, реті келсе, Тыныш ақын айтқандай: «Бүйіріңнен солқ еткізе салады!» Бірақ оған да еш апшымайсың. Ашса да – көрмес, түртсе де сезбес қорен болыппыз! Қоренсің, қорен болғандықтан да – алыстағы Бабаның үнін естімес, жақындағы дананың мұңын ескермес кереңсің! Ұрпақтың тілін отаршылдарға бердік, дінін уақапшылдарға бердік, Жаңа жылын шиғаларға бердік, дәулет-кенін кім көрінгенге бердік, сонда өзімізде не қалды?! Уақыт тым жүрдек болып барады. Біз тез өз құбыламызды айқындап, жоғалтқандарымызды тауып, өз орнына қойып үлгермесек, айтқан жерден аулақ, жоғалып кету қаупінде тұрмыз!
Есенғали марқұмның: «Ұғамысың сен мені, ей, тұқымы көбейгір, өгіз емес – бурасың!» деген жыры бар. Ей, түркі төлі, Алаш зәузаты, қазақ ұрпағы, сенің тегіңнің кім екенін өзіңе түсіндіре алмаудың қаншалық азапқа салып жатқанын қашан ұғар екенсіңдер?! Сондықтан биліктің «14 наурыз – Көрісу күні, 22 наурыз – Жыл басы» деп белгілегені мүлдем қате! Жылдың басы – Ұлыстың Ұлы күні 14 наурыз! Ендеше, қателік түзетілуі керек. Ең әуелі, төл Ұлттық мейрамымыздың шын күнін белгілеп, шынайы атын айқындап алуымыз шарт! «Көрісу» салты – сол Ұлық мерекенің қасиетті қазық-атрибуттарының бірі ғана! Ғажап жоралғы! Егер бұл салтымызды дұрыс жолға қоя алсақ, адам мен адамды, қоғам мен қоғамды, тіпті елдер мен елдерді жақындастырудың нағыз желіміне айналдыруға болар еді!..
Тағы да Шәкерім атама сүйенем (сүйенетін тауларың болғаны неткен ғанибет!): «Сөккенім болсын – сүйгенім, ащы тілмен тигенім – жоғалсын деп міндерің! Айлардың һәм күндердің сұлтанымен бірге – сәулесі күллі ғаламды, тәубесі күллі адамды орап келген; Күн мен Түнді, қуаныш пен мұңды, алыс пен жақынды, қара мен ханды, жас пен кәріні теңестіре келген; «көк тасты балқыта», балқыған жүректен Хақ жұпарын аңқыта келген Ұлыстың ұлы күні – 14 наурыз!».

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ: КӨРІСУ 22 НАУРЫЗҒА ДЕЙІН СОЗЫЛАДЫ
Қазақ Наурыз тойын 14 наурыз бастайтыны рас. Он төрті басталған Наурыз тойын 8 күн тойлайды, тоғызыншы күн – тойтарқар. Тойтарқардың уақыты осы 22-23 наурызға сәйкес келеді. Не үшін осы уақытқа дейін Наурыз мерекесін 22-і тойлап келдік дейтін сұрақтың тууы заңды. Шын мәнінде, көшпелі халықтар күнтізбеге байланбағаны анық. Бұл мәселенің түп төркіні мынада: осы уақытқа дейін күнтізбеміз бірнеше мәрте алмасты. Наурыздың басы деп революцияға дейінгі уақытта 9 наурызды айтатын, бұл ескі юлиан есебі бойынша. 1918 жылы Совет өкіметі еуропалық күнтізбені қолдану жөнінде декрет қабылдап, бұрынғы есепке 13 күн қосты. Осылайша, біз қазір Наурызды 22 наурыз күні тойлап жүрміз. Батыс өлкенің қазақтары совет календарь реформасын мойындамай, әлі де 14-нен бастап Наурызды тойлап жүр. Ертеде қазақ арасында ай мен жұлдыздың қозғалысын бақылап отыратын есепшілер болған, олар сәл өзгеріс болса елге хабарлап отырған. Себебі аспан денелері де мәңгілік қозғалыстағы тірі дүниелер, алашақ, берешектері болады. Осыған қарағанда дәл тепе-теңдікті шығару қазір астрономдардың міндеті, ондаған-жүздеген жылдарда олардың орын өзгертіп отыратыны сөзсіз. Қазақ халқы ертеде Сырдың бойын қыстап, Сарыарқаны жайлап жүргенде Мәуереннаһрға бір табан жақын болған. Сол себепті қазақтың Наурызды тойлайтын дәстүрінде Мәуереннаһр өлкесімен ортақтық көп, Наурыздың келген сәтін анықтайтын астрономиялық есепті де қазақ «Бұхар есебі» дейді. Біз Наурыз мерекесін Батыс Қазақстанда қалыптасқан 14 наурыздан Көрісуден бастап тойлағанымыз жөн. Көрісу 22 наурызға дейін созылады. Бүкіл халық болып Күн мен Түннің теңелген сәтін тосып, бір-бірімізді құттықтап, мемлекет астанасында, ірі қалаларда от шашу жасап, осыдан кейін Наурыздың тойына кіріскеніміз дұрыс.
Көрісу – қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып, көмескіленіп қалған еді, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Мұндай көтеремде мал қырыла бастайды. Мал ашуы – жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып, бір-бірімен араздасып, елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста та жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп-азық дайындамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады ? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі. Амал – айдың аты, Көрісу – сол айдың басында орындалатын ғұрып. Қазақтың әңгімелері Наурыздың тарихын Нұқ пайғамбардың, жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар, алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтаған уақытынан бастайды. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айырылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты, жылап көрісіпті-мыс.
Қазақ хандығы дәуірінде Наурыздың бірінші күні ханның өзі бастап орда қалың елдің ортасына шығады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолжазбасында Наурыз тойы ханның сарайының алдында басталады дейді. Есепшілер Наурыз кірді, күн мен түн теңелді деген соң «патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп». «Жандыда күн мен түннің теңелгенін балық біледі» деп хан өзі бас болып бір керсен суға балық жіберіп, оның бір аунап түскенін қарап отырады дейді. Қазақтың басты азаматтары да ертеде Наурызды сегіз күн бойы тойлайтынына мына бір дерек куә: «Би Едіге – Айдабол Пәлі Төлебайдың баласы. Едіге би Баян ауылдың бауырынан жүз кісі болып атқа мінді дейді: «Қызылтауда Сәти тасында отырған Мырзағұл баласы Сәти мырзаға барып, наурызды қылдырамын!» деп. Барса, Сәти мырза үйде жоқ екен. Қансонар болған соң, бүркіт алып, шығып кеткен екен. Баяу деген бәйбішесі бар екен, «бес берекенің біріне» қосылған бәйбіше екен: «Мырзаңыз ас-суды бірге алып кеткен жоқ. «Зәуіде келе қалса, мені жоқтатпа!» деп тапсырып кетті!, «аста-төк» қылыпты. «Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі наурызда қыдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?!» деп сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті. Наурыз аяқталатын күні хауызға қантты аямай төгіп, жұрт жабыла қант татыған сиропты ішіп, «тойтарқар» өткізеді. Ертеде Түркістанда хан ордасының жанында үлкен тоған, одан шығарылған бірнеше арық, олардың бойында хауыздар болған. Жазға қарай хан ордасы Әзіреті Сұлтанға таяу Кәріз деген жерде Бақ Жаһан деген тоғайдың ішінде кигіз үй тігіп, тұтас көшіп барады. Кәріз деген жер астынан судың ағысын реттеп отыратын құдықтар жүйесі. Үлкен апан құдықтар қырық күн шілденің ыстығында елдің жан сақтайтын, демалатын бір көркем жері. Наурыз бұл Кәрізге де келіп, өзінің жалғасын тауып жатады.
Андрей СОЛОДОВНИК: АСТРОЛОГИЯЛЫҚ ЕСЕП БОЙЫНША КҮН МЕН ТҮН 20 НАУРЫЗ ТЕҢЕЛЕДІ
Наурыз мерекесінің дәл осы күнге таңдалуының өзінде үлкен ғылыми негіз жатыр. Көшпелілердің, түркі халықтарының жыл басы аталып кеткен бұл мереке астрологияда күн мен түн теңелетін уақытқа сәйкес келеді. Күн мен түн теңелген сәттен көктем мезгілі басталады. Аспан экваторының бір бөлігі солтүстікке қарай, яғни Темірқазық жұлдызы орналасқан жақта, ал екінші бөлігі оңтүстікке, Оңтүстік полюске бағытталған. Күннің аспан экваторын кесіп өтуі оның оңтүстік жарты шардан солтүстік жарты шарға өткенін білдіреді. Осы сәттен бастап біздің өңірде жылы маусым, астрономиялық көктем басталады. Бұл құбылысты түркі халықтары ежелден білген. Күнтізбелік есепке сәйкес, үш жыл қатарынан Наурыз 20 наурызға түссе, әр төртінші жылы – 21 наурызға сәйкес келеді. Дәл осы күні Күн көкжиектегі шығыс нүктесінен шығып, батыс нүктесіне батады. Күн мен түн теңесіп, әрқайсысы 12 сағатқа созылады. Дегенмен атмосферадағы жарық сәулесінің сынуына байланысты (рефракция құбылысы) күннің ұзақтығы түннен 12 минутқа ұзақ болып көрінеді. Соған қарамастан, бұл – күн мен түннің ресми теңелуі. Көктемгі (наурыздағы) күн мен түн теңелуі кезінде Күн эклиптика бойымен қозғала отырып, аспан экваторын кесіп өтеді. Осы күні күн мен түн ұзақтығы жағынан теңеседі. Дегенмен атмосфералық рефракция әсерінен Күн көкжиектен сәл «көтеріліп» тұратындықтан, жарық күннің ұзақтығы түннен сәл ұзақ болады. Жердің солтүстік жарты шарында Күн аспан сферасының оңтүстік жартысынан солтүстік жартысына өтеді. Ал оңтүстік жарты шарда керісінше – солтүстік жарты шардан оңтүстікке қарай ауысады. Көктемгі күн мен түн теңелгеннен кейін түннің ұзақтығы қысқара бастайды, ал күндізгі уақыт ұзарады. Бұл процесс жазғы күн тоқырауына дейін жалғасады. Алматыдағы астрономиялық көктем 21 маусым аяқталады. Күн мен түннің теңесуі қыркүйекте де орын алады. Әртүрлі уақыт белдеулерінде күн мен түн теңелу күні бір тәулікке өзгеруі мүмкін, сондықтан нақты орынға байланысты есептеген жөн. Мәселен, Алматы қаласында 2025 жылы көктемгі күн мен түн теңелуі дәл 20 наурыз күні сағат 14:01:09-да орын алады.
Ежелгі мәдениеттер мыңдаған жылдар бойы күн мен түннің теңелуін әртүрлі жолдармен бақылап келеді. Пирамидалар сияқты тұрғызылған ескерткіштерден бастап, күнтізбелер ретінде қызмет еткен тас ойларға, өз архитектурасына күнді кіріктірген шіркеулерге дейінгі өркениеттер күннің өтуін және жыл мезгілдерін үлкен дәлдікпен анықтайтын. Түркі, парсы халықтары дәл осы кезде Наурыз мейрамын тойлаған. Сол секілді АҚШ-тың орталық батысындағы лакота тайпасы сияқты кейбір мәдениеттер бүгінде де күн мен түннің теңелуін тойлайды. Лакота жерді аспанмен байланыстыру үшін көктемгі күн мен түннің теңесуі сәйкес келетін Қураған тал шоқжұлдызына орай қызыл талдан темекі жасайды. Олар бұл қасиетті темекіні ұзақ күндердің қайта оралуына арналған рәсімде шегеді. Англиядағы Стоунхенджде күн мен түннің теңелуін тойлайтын друидтер, пұтқа табынушылар мен барлық келушілер Күннің ежелгі тастардың үстінен шығуын көру үшін жиналады.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ