Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Жыланбаевтың адвокаты онымен кездесе алмағанын мәлімдеді

Марат Жыланбаев
Марат Жыланбаев. Фото: Раиса Шер

Степногорск колониясында қамауда отырған ультрамарафоншы, тіркелмеген «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевпен адвокаты Денис Малюга 14 қарашада кездесе алмады. Адвокат бұл жағдайды заң бұзу деп бағалап отыр.

Адвокаттың айтуынша, колонияға барғанымен, әкімшілік оны қорғауындағы азаматқа жібермеген.

«Бұл ‒ сорақы жағдай. Неге кіргізбегенін түсіндіре алмады. Маратқа не болып жатқанын білмеймін. Бұл – менің де, қорғауымдағы азаматтың да құқығының бұзылуы», – дейді Малюга.

Оның сөзінше, Жыланбаев 33 күннен бері аштық жариялап отыр.

Прокуратура жауабы

Құқық қорғаушылар тобы Maлюганың видеоүндеуін жариялады. Онда адвокат жергілікті прокуратурадан алған жауабын оқып берді. Прокуратура өкілдері колония басшылығымен сөйлескенін, Жыланбаевтың жағдайы «тұрақты» екенін хабарлаған.

«Меніңше, мұнда басқа мәселе бар. Не денсаулығына қатысты мәселе, не ол дайындап жатқан кассациялық шағымнан болуы мүмкін», – дейді адвокат.

 

Комитеттің түсініктемесі қысқа болған, кездесу «процедуралық себептермен» өтпеген. Алайда нақты қандай себеп екені айтылмаған.

Малюганың мәліметінше, Марат Жыланбаев 13 қазаннан бері аштық жариялап отыр. Адвокат оның құқықтары да шектелгенін айтады:

  • хат қабылдай да, жібере де алмайды;
  • колония аумағында дүкен жоқ;
  • спорт алаңында жүгіруге рұқсат берілмейді.

КУИС аштық фактісін растаған.

Айта кетейік, Марат Жыланбаев – әлемге танылған супермарафоншы, бір ғана континентті жаяу жүгіріп өткен алғашқы адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. 2023 жылы ол “экстремизмге шақыру” және “тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу” баптары бойынша сотталған. Құқық қорғаушылар оның ісін “саяси астары бар үкім” деп бағалайды.