Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Жыландар әлемі

Сарыбас жыландар
Фото: ашық дереккөз

«Жатқан жыланның құйрығын баспа» деген нақылдың өзі сол тіршілік иесінің өмір сүруіне кедергі келтірмеу дегенді меңзейтіндей. Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, сыртқы пішіні мен түсі өзгеше «қызғылт» түске енген әрі таудың 2 500 м биіктігінен жоғарыда өмір сүре алатын жылан түрі мекендейді.

Ұлттық парк таулы өңірде орналасқандықтан, биоәртүрлілігінде бауырымен жорғалаушылар оның ішінде жыландар түрлері аз кездеседі. Жалпы жыландардың түсі суық, сұсты көрінгенімен, өздері жылуды жақсы көреді. Әсіресе көктем және күз мезгілдерінде күн көзі мол түсетін үлкенді-кішілі тастарға, тау жолын жағалаған асфальт жолдарда қыздырынып жатады. Алайда олардың осы жағдайын адам баласы оң көрмейтін секілді. Себебі жолда автокөлік доңғалағына жаншылған, таспен ұрып өлтірілген жылан өлекселерін кездестіріп қаламыз. Бұл жағдайды санасы әлдеқайда жоғары, мәдениетті, қазіргі заманғы озық техникаларды ырқына көндірген адамзаттың жыбырлаған жыланды дәл бұлай не себепті өлтіретіні де түсініксіз Осы мәселелерді ескеріп, жалпы жылан атаулының адамға зияны жоқ екенін, көбінесе экожүйені реттеуші әрі ауыл және орман шаруашылықтарына пайдалы мақұлық екенін айтпақшымыз. Жыландар – бауырымен жорғалаушылар класы қабыршақтылар отрядының бір тармағы. Денесі жұмыр және ұзын (ұзындығы 8 см-ден 12 м-ге дейін жетеді). Денесін мүйізді қалқаншалар мен қабыршақтар, арқасы мен бүйірлерін ұзына бойы қатарласа орналасқан, ромбы тәрізді қабыршақтар жапқан. Бауыры көлденең жатқан ірі қалқаншалармен жабылған, олар бір-бірімен жұмсақ тері қатпарлармен жалғасқан. Ірі денелі жемтіктерді жұтқанда тері қатпарлары жазылып, құрсақ қалқаншаларының ұзына бойы созылуына мүмкіндік береді. Көздерінде қозғалмалы қабақтары болмайды, олар мөлдір қабықпен жабылған. Күндіз белсенді тіршілік ететін жыландардың көз қарашығы дөңгелек болса, ымыртта, түнде белсенді тіршілік ететіндерінде – тік бағытта орналасқан саңылау тәрізді болып келеді. Оларда сыртқы құлақ (есту) тесігі және дабыл жарғағы болмайды. Сондықтан жыландар ауадағы дыбысты естімейді. Тілі ұзын, ұшы – айыр. Сондай-ақ жыландар – 13 тұқымдастың 4 000-нан астам түрін қамтитын бауырымен жорғалаушылардың үлкен отряды. Негізі жыландардың аз ғана бөлігі улы. Мұндай жыландарда улы бездермен байланысты тістер айтарлықтай үлкен. Қауіп төнсе тістейді. Ал айыр тілі жыландар үшін ауаны, суды және топырақты талдайтын сезімтал орган. Қазақстанда үш тұқымдастан шыққан жыландардың сұр жыландар, сарыбас жыландар түрлері тіршілік етеді.

Жыландардың ең үлкен тұқымдас түрі – Сарыбас жыландар (Colubridae). Оның өкілдері Антарктидадан басқа барлық континенттерде кездеседі және жыландардың барлық түрлерінің 60%-дан астамын құрайды; қалаларда жиі ұшырасады.

Сарыбас жыландардың ғылыми атауы сөзбе-сөз латын тілінен «жүзгіш» деп аударылады. Бұл жыландар жақсы жүзеді. Әдетте, судың жанында – өзендерде, көлдерде, соның ішінде жасанды, каналдар мен басқа да су объектілерінде мекендейді. Негізінен бақалармен, балықтармен қоректенеді. Оны басында екі сары немесе қызғылт сары дақтары бар қара монохроматикалық түсінен тануға болады. Ол аса зиянсыз және қорқақ. Қауіпті сезінсе, жорғалайды, қозғалмайды. Өткір жағымсыз иіс шығарады және өліп қалғандай кейіп танытады.

Сарыбас жыландар күй маусымы кезінде ерекше сипатқа ие болады. Жұптасу мезгілінде 20 жыланға дейін аталықтары «доп» секілді домалақтанады, онда олар тіпті бір-бірімен бәсекеге түспейді, тек бір аналық жыланды тыныштандыруға тырысады. Қазақ халқында «ордалы жылан» деп осыны әрі топтасып, қыстап шығатындарын айтса керек.

Қазақстандағы қауіпті улы жыландар сұр жыландар тұқымдасына жатады. Олардың арасынан шығыс дала сұр жыланы және кәдімгі бозша жыланын атап айтуға болады. Бұл орташа көлемді жыландар, ұзындығы шамамен 50-60 см. Сұр жыландар тұқымдасына жататын жыландардың көпшілігінің терісінде қара түсті ирек тәрізді өрнек болады, бірақ бұл ең сенімді айыру белгісі емес, себебі жыландардың түсі алуан түрлі келеді. Олардың арасында жиі меланистер, яғни, қара түсті дарақтар кездеседі, ал қара сұр жыланды кейде кәдімгі сарыбас жыланымен шатастыру оңай. Алайда сұр жыландар тұқымдасына жататындардың көпшілігінде көзі тік қарашықты және басы айқын үшбұрышты болады. Бұл нақты белгісі. Біздің өңірлерде сұр жыландар әдетте өлімге әкелетін қауіп төндірмейді, егер өзіңді дұрыс ұстасаң, олар әдейі шабуылдамайды, ал уы жүйкежүйесіне әсер етпейді, өлім қаупі 1%-дан төмен. Дегенмен дала сұр жыланы мен бозша жыланның шағуы – жағымсыз жағдай, ал оның салдары жарақат жағдайына, у мөлшеріне және алғашқы көмекке байланысты. Олар үй жануарларын көбіне ернінен, тұмсық тұстан шағады.

Негізі жыланның шағуынан адамның өзі сақтанған дұрыс. Табиғи ортада жүргенде өте абай болу қажет. Туристік соқпақтармен тауға өрлегенде қалың шөп арасында аяқтың астына үнемі қарап, сақтанып жүрген абзал. Тысырлатқан дыбыстан өздер-ақ қашып кетеді. Демалысқа шыққан уақытта сөмкеңізде алғашқы көмекке қажетті дәрі-дәрмек заттардың ұдайы жүргені дұрыс.

Жыландар табиғатта кеміргіштер мен жәндіктердің санын табиғи реттеуде маңызды рөл атқарады. Олар орман зиянкестерін жойып, пайда келтіреді. Сондықтан ерекше қорғалатын табиғи аумақта қызық үшін тиісіп, қауқарсыз тіршілік иелеріне зиян тигізуге болмайды. Сондай-ақ жылан көрсе байбалам салмай, оны еркіне қоя берген жөн. Атам заманнан халқымыз үйге кірген жыланды ақ құйып сыртқа шығарған.

Тұңғышбек Жапарқұлов,

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері